2017 жылдың сәуірінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаны белгілі. Аталған мақалада халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасау туралы айтылды.
Киелі жерлер халықтың ұзақ және тарихи оқиғаларға толы өмірін, сан ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысын, тәуелсіздік тарихынан да хабар береді. Қазақстанның киелі жерлерінің тізімін жасау жұмыстары – археологтар, тарихшылар мен өлкетанушылар секілді түрлі ғалымдар қатысатын әрі мейлінше ұқыпты және ұзақ еңбекті қажет ететіні анық.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» республикалық жобасының тізіміне біздің ауданнан Момышбұлағы, Б.Момышұлы мемориалдық музейі, Батырбек датқа кесенесі, Қызәулие, Берікқара шатқалы, Шаңылақты шайқасы өткен жер, сонымен қатар, ескі қала жұртынан Шақпақ қалашығы мен Баркуаб қалашығы еніп отыр.
Жуалы өңірі Қазақстандағы қасиетті жерлердің біріне саналатыны белгілі. Қасиетті Әулиеата, Жамбыл өңірінің батысында орын тепкен осынау өлкенің топырағында өткен ғасырларда болған көптеген тарихи оқиғалар, тылсым сырлары жасырынып жатқаны анық. Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен бұл өңірде шамамен 1897 жылы әйгілі тарихшы-ғалым Василий Бартольд болған деген дерек бар. Ғалым бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысынан Верныйға дейінгі аралықта Жібек жолының бойында орналасқан ескі қалалар мен бекіністерді аралап зерттей жүріп, жолай Жуалыдағы Жылқышытөбедегі көне қаланың да басында болған. Одан кейін де, нақтырақ айтқанда, 1940 және 1970 жылдары ескі қалашықтың жұртында археолог-тарихшы В.Пацевич, сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бірқатар археолог-тарихшылары келген екен. Бұл туралы бізге «Бурнооктябрск» шартты атауымен танымал көне қалашықты үш жылдан бері зерттеумен айналысып, осында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан «АРК» ғылыми зерттеу ұйымының директоры Ескендірбек Торбеков айтты.
– Негізінен қала қабырғалары бүтін сақталып, екі мың жыл бұрынғы қалпында қалып қойған. Мұндай көне заманғы қала жұрты Жамбыл облысында алғаш рет қазылуда. Бұл қаланы тарихшылар біздің дәуірімізге дейінгі І және біздің дәуіріміздің ІІ ғасырларында өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің қалаларының қатарына жатқызып отыр. Мұны қазба орнында болған Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры болған, тарих ғылымдарының докторы, археолог Карл Байпақов та қуаттады. Ол қала құрылысына қарап: «Иә, бұл қаңлылардың мекені. Мерзімі біздің дәуірімізге дейінгі І, біздің дәуіріміздің V ғасырларына жатады» деп жорамал жасаған болатын. Осы саланың терең білгірі болған ғалымның жасаған жорамал әлбетте шындыққа жақын. Өйткені, дәл осылай қала тұрғызу, үй салу салты қаңлыларға ғана тән. Ал Қаңлы мемлекетімен қатар өмір сүрген Үйсін мемлекетінің қала салу тәсілі басқа.
Қаңлы мемлекетінің бес округке бөлінгенін ескерсек, бұл ғимаратты біз сол замандағы Қаңлы провинцияларының орталығы болған деп жорамалдап отырмыз. Себебі, осы маңда өткен жылы жаңа мешіттің құрылысы басталған тұста жер астынан ежелгі су құбырлары табылды. Жуалының ежелгі атауы Мыңбұлақ өлкесі болғандықтан қалашыққа таудың етегінен су тартылған. Одан бөлек, жергілікті тұрғындар жер өңдеп жүріп талай мәрте құмыра, басқа да саздан, қыштан жасалған шаруашылыққа қажетті ыдыстар тауып алған екен. Біз қала жұртын аршып жатып тастан жасалған балта, дән үккіштер таптық. Оны аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткіздік. Қазба барысында табылған басқа да құнды жәдігерлерді зерттеу орталықтарына жіберіп жатырмыз. Бұл қалашықты мекен еткен адамдар негізінен дәнді дақылдар егіп, егін шаруашылығымен айналысқан деген байлам жасауға болады.
Бізді бір таңғалдырғаны – қалашықтың қабырғаларының қалыңдығы. Қабырғаның қалыңдығы – 2,5 пен 3 метрдің аралығында. Төбесі де ерекше, қалың. Осының арқасында болу керек, көне қала жұртының бұзылмай бізге жеткені. Қалашықтың сыртқы бөлігіне келер болсақ, ғимараттың шығыс жағында бекініс мұнарасы болған екен. Біз оны да тауып, аршыдық. Біздің жорамалымыз бойынша қалашық үш қабатты болған. Біз ең төменгі қабатына әлі жеткен жоқпыз. Қалашық толықтай аршылғанда ғана көп жұмбақтарға, толғандырған сұрақтарға жауап табылады деп отырмыз. Негізінен тарихымызды қарап отырсаңыз, Қаңлы мемлекетінің тарихы өте аз зерттелген. Атап айтсақ, Толстов, Подушкин есімді ғалымдар, сонымен бірге, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев ғана бұл тақырыпқа араласты, -дейді Ескендірбек Санжарұлы.
Әңгіме барысында археологтан басқа да мағлұматтарға қаныққан болатынбыз. Әлбетте, оның бәрін бір ғана мақаланың ішіне сыйғызу мүмкін емес. Талас бойына біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда келген қытай саяхатшысы Жань Сянь мұнда Қаңлы мемлекетінің бір ордасының болғанын жазып қалдырған. Жалпы сол дәуірде өмір сүрген бұл мемлекеттің бес ірі орталығы болса керек. Соның бірі осы қалашық болуы мүмкін деген тарихшылардың жорамалдары да жоқ емес. Оның ақиқаты қала аумағы толық ашылып, қала жұртының соңғы қабаты, яғни еденіне жеткенде анықталмақ. Ал әзірге барлығы болжам ғана. Алдағы уақытта бұл қаланың жасын анықтап, өмір сүру кезеңін жариялайтын да уақыт алыс емес деп ойлаймыз.
Қалашық орнындағы қазба жұмыстарына тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Талеев те белсенді қатысуда. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынып, аудандық қазынадан қаражат бөліну арқылы жүріп жатқан қазба жұмыстары аяқталғанда мұнда ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік туатын болады. Бұл көне қала жұртының «Бурнооктябрск» деп шартты аталып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» республикалық жобасына енгенін ескерсек, мұнда әлі атқарылатын жұмыстар көп.
-Оңтүстік өңірдің өзінде 37 осындай көне заманғы қалалардың орны белгілі. Олардың қатарында Отырар, Сайрам, Сығанақ, Тараз, Құлан, Меркі, Баласағұн, Ақтөбе сияқты ірі-ірі көне қалалардың орны белгілі. Біз топырақтан аршып алып жатқан қалашық та таяу болашақта осылардың қатарында болады. Қауіпті індетке байланысты жарияланған карантин режимінің алдында мұнда келіп, көне қалашықты тамашалаушы туристердің қатары көп болды. Қазір қатаң карантинге байланысты мұнда келуге рұқсат жоқ. Елімізде қаншама көне шаһарлардың орны, ескі тұрақтар мен мазарлар қазылып жатыр. Оның барлығына республика, облыс деңгейінде ғана қаржы бөлінетіні белгілі. Ал бұл қалашықта археологиялық жұмыстарды жүргізуге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп отырғанына бек қуаныштымыз. Сөз реті келгенде айта кетейік, Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тарихшы-археологтарға қолдау көрсетіп, қазба жұмыстарын жүргізуге қаржы бөліп отырған аудан әкімі Нарбай Ергебековке алғыс білдіремін,- деді Е.Торбеков.
Қазір мұнда ғылыми қызметкерлермен қосқанда он адам жұмыс істеп жатыр. Барлығы Бақалы, Теріс ауылының азаматтары. Оларға заңды түрде жалақы төленеді.
Географиялық өлшеммен алар болсақ, Жуалы өлкесі теңіз деңгейінен 1 500 метр биіктікте орналасқан. Таңғажайып табиғатын біз айтпасақ та былайғы жұрт жақсы біледі. Кейінгі жылдары тарихшылар мен өлкетанушылардың осынау қасиетті өңір тарихының терең қатпарларын зерттеуге құлшыныс танытып отырғаны бізді де қуантпай қоймайды. Ендеше, ішкі туризмді дамытуға сұранып тұрған өңірге тарих тұрғысынан және жергілікті атқарушы билік тарапынан жаңаша жанашырлық көзқарас танытылса игі. Онда біздің көне тарихымызбен де мақтанатын күніміз де алыс емес. Лайым солай болғай.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ