Basty bet

Аурумен күресу үшін

Таңның атысы, кештің батысы қарбалас тіршілік. Көшеде жүйткіген көліктер. Жұмысқа асыққан қызметкерлер. Баласын мектепке, балабақшаға жетектеген ата-ана. Базардағы қызу сауда. Емін-еркін, жайдарлы жүзбен аман-саулық сұрасқан жандар. Әйтеуір күнделікті күйбең тіршілікпен өтіп жатқан алаңсыз, мамыражай зымыраған уақыт. Бұл біздің карантинге дейінгі өмір сүру қалпымыз еді.

Ал, елімізде аты жаман індет таралған сәттен бастап көп құндылықтар өзгерді, көп дүниенің қадірін білдік. Қазір таныстарымызбен жүздесе қалсақ: «Тұмау-сұмаудан, аурудан амансыңдар ма, бәріміз бір ауырып тұрдық. Қазір қиын боп жатыр ғой» деген сөздерді жиі еститін болдық. Барлығы уақытша екеніне сенсек те, бойымызда қорқыныш пен үрей басым. Себебі, қаншама адамдар аты жаман індетті жұқтырып, айтпай келетін ажал арамыздан небір атпал азаматтарды жұлып алып кетіп жатыр.
«Сақтансаң, сақтаймын» демекші, бүгінгі күні сақтық шараларын қатаң ұстану өмір қалпына айналып келеді. Алғашқы төтенше жағдай жарияланған кездегідей емес, керісінше, көшеде, қоғамдық орындарда бетперде киген, арақашықтықты сақтаған адамдардың қарасы көп. Тіпті, көпшілік балаларға да медициналық масканы таққызуды әдетке айналдырған. Көшеде, базарда адамдардың жүріп-тұруы саябырсыған. Мұны біз тұрғындар арасында жүргізген әлеуметтік сауалнама барысында аңғарғандай болдық.
Әлеуметтік сауалнама тұрғындар арасында: «Сіздерге карантин режімі қалай әсер етуде? Санитарлық талаптарды қаншалықты ұстанасыздар?» деген сыңайдағы сұрақтар бойынша өрбіді.
Газеттің бүгінгі нөмеріне мақала әзірлеу мақсатында ең алдымен адамдар көп жүретін орталық базарға қарай бет алдық. Базарда бұрынғыдай қалыпты жағдай жоқ. Қоғамдық көліктер тоқтаған, тек такси жүргізушілері тұрғындарға қызмет көрсетуде. Керекті заттарын ертерек алып кетуге асыққан жандарды кездестіресің. Медициналық бетпердесіз дүкендерге, дәріханаларға кірген тұрғындардың қатары сиреген.
Базарда ең алғаш болып такси жүргізушілеріне жолығып, сауалымызды қойдық. Такси жүргізушілері күнкөріс үшін осында таңертеңнен кешке дейін тұратындарын айтады. Олардың біразы көп жылдар бойы тұрғындармен күнделікті тығыз байланыста екендерін жеткізді. Осында темір тұлпарды тізгіндеген Алтынбек Керімбаев есімді кісі былай дейді: «Мен 20 жылдан астам осы такси қызметімен айналысамын. Жеке таксидің қызметіне көптеген адамдар жүгінеді. Оның ішінде үлкені де, кішісі де бар. Әрине, барлығының көңілін табуға тырысамыз.
Біз қазақ халқының өкілі болғандықтан ешқашан адамгершіліктен, имандылықтан аспаймыз. Мұнымен күнімізді көріп, отбасымызды асырап отырмыз. Сондықтан әрбір клиентке түсінушілікпен қарап, көмек көрсетуге тырысамыз. Жолақысының құны шамамен 250-300 теңгенің аралығында. Көлікке салатын жүктерін есепке алмаймыз. Ең бастысы, сыйластық бар. Кейде бар ақшаларын аламыз. Заттары қалып кетсе, сақтап қойып, өздеріне қайтарып береміз. Барға қанағат етеміз. Сақтық шараларын ұстанып, қызмет көрсету барысында антисептик қолданамыз.
Отбасымызда да сақтық шараларын сақтап, барынша құнарлы тағамдар тұтынуға тырысамыз. Үй іргесіндегі жерімізге қажетті көкөністерімізді егіп, табиғи таза өнімді тұтынамыз,- дейді ол.
Мұндай жақсы пікірдегі, барға қанағат ете білетін жандарды кездестіргеніміз қандай жақсы. Көпке топырақ шашқымыз келмейді. Бірақ, кейбір такси жүргізушілері осы қанағат дегенді ұмыт қалдырып бара жатқандай. Мәселен, Көлбастау ауылынан аудан орталығына дейін бұрын жолақысы 100 теңге болса, қазір адам басына 150 теңге алады. Неге десек, «Базарда бәрі қымбат» деген уәжді көлденең тартады. Дәл осы ауылдың кейбір такси жүргізушілері ақысын төлейміз десек те, ұн сататын дүкенге баруға қиналатындығын естідік. Олар жолақысын көбірек төлеген адамдарды алып кете береді екен. Ал, аудан орталығынан Теріс және Бақалы ауылына қатынайтын такси жүргізушілері затыңды салғаның үшін жолақысына қосымша ақы төлеуді сұрайды. Бұл уақытқа дейін қанша зат салсаң да үндемейтін олардың бұл әрекетіне тұрғындар наразы.
Әлеуметтік сауалнама жүргізу барысында тұрғындар базарға тек қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмекке келетіндерін айтады. Қымыздың тапшылығы орын алып отырғандығын жеткізді. Осындай сын сағаттарда бір-бірімізге қолдау білдіріп, имандылықты, адамгершілікті ұмытпау керектігін, сабырлылық пен төзімділік қажет екенін көпшілік болып қолдайтынына көз жеткіздік.
Есімін атап көрсетпеуді өтінген жеке кәсіпкер көкөністер мен жеміс-жидек сатумен айналысады екен. Ол: «Бұл уақытқа дейінгі болған сауда қазіргі таңда жоқ. Бағаны тұрақты ұстап тұра алмаймыз. Себебі, тауарларды сатып алатын жерде кейде қымбат, кейде арзан. Әркезде әрқалай. Үстіне көп қоспауға тырысамыз. Тек жол ақымызды шығарып алайық деген мақсатта аздап қана үстеме қосып сатамыз. Қазір адамдардың көбісі өте ашушаң. Оларға жылы шырай танытып, қызмет көрсетемін. Олай боламаса, сауда да болмайды. Адамгершіліктен айнымауымыз керек. Қиын жағдайда түсіністік танытумыз қажет»,- дейді.
Жүрімбай ауылының тұрғыны Нұрлыбек Әшірімбетов болса: «Біз үшін қазіргі болып жатқан жағдай түс көргендегідей болып кетті. Ауырып жатқан адамдар көп. Қазіргі жағдай адамдарға рухани, психологиялық жағынан кері әсер етуде. Біреудің өмірі біреуге керек емес. Өзің үшін, жақының үшін сақтық шараларын ұстану керек. Бұрындары бір кісі қайтыс болса, барлығы көп болып жиналып, атқаратын. Қазір мұндай жағдай жоқ. Халық бір-бірінен алыстап бара жатыр. Сезіктеніп, күдіктеніп тұрады. Бір-біріміздің үйімізге емін-еркін кіріп-шыға алмай жүрміз. Сенімділік пен сыйластықтың арамыздан алшақтап бара жатқаны қандай өкінішті…
Қазақ халқы ежелден-ақ ұлттық сусындар мен тағамдарды тұтынып, оның пайдасын жақсы түсінген. Сондықтан үйде ағарғанды көптеп тұтынған дұрыс. Ата-бабамыз ақтың қасиетін қашанда жоғары бағалаған. Шын мәнінде біздің ұлттық тағамдарымыз бен сусындарымыздың пайдасы көл-көсір. Ал, қазір ел түрлі нәрселелерді естіп, соны жасап жатыр. Бұл дұрыс емес. Сонымен қатар, ұялы телефоннан, интернеттен пайдасыз, жағымсыз дүниелерді көп көреді. Бұл адамдардың ішкі рухын түсіруде. Аурумен күресу үшін рухани күш-жігер керек. Ішкі жан дүниесі жақсы нәрсеге толы болуы тиіс. Имандылықты, адамгершілікті ұмытпауымыз керек. Бір-бірімізге демеу болып, бірлесе күресуіміз керек. Ең бастысы, рухымызды түсірмейік. Еңсеміз биік болсын» деген орамды ойларын айтты. Өмірінің табаны күректей 30 жылын ветеринария саласына арнаған Н.Әшірімбетов үй іргесіндегі жерін тиімді пайдаланып, қыс мезгіліне азық-түлік өнімдерін дайындау үстінде екен.
Бұл орталық базардағы тұрғындардың көпшілігінің пікірлері мен ондағы қазіргі жағдай еді. Ал, аудан орталығындағы «Халық банкінің» филиалына келуші тұрғындармен сауалнама жүргізу үшін барғанымызда, жағдай бұрынғыдай емес екендігіне көз жеткіздік. Банкке тұрғындар кезекпен, арақашықтықты сақтап кіруде Сауалымызға жауап берген қайраттық азаматша Жазира Майлықараева бүгінгі күні адамдар өмір үшін күрес жүргізіп жатқандығын айтады. Барлығы отбасын асырау үшін, күнкөріс үшін жұмыс етуде екен. Ол адамдардың базардағы азық-түліктің қымбаттығына қарамай, дендерінің саулығы үшін сатып алатындығын, қымыздың тапшылығын, осындай сәттерде ақшаға құнықпай, адами қасиеттен айнымай, еліме пайдам тисін деген ой болу керектігін баса айтты.
Басыңа сынақ келсе сабыр ет. Сүйікті пайғамбарымыздың көптеген хадистерінде Алла сабырлылармен бірге деген мағынадағы сөздерді жиі кездестіруге болады. Дәл қазіргі осындай қиын сәттерде адамдарға сабыр мен төзім сияқты қасиеттер ауадай қажет-ақ. Ел ортақ, өмір сүріп жатқан Отанымыз ортақ. Ендеше, халықтың амандығын да жұрт болып бір Алладан медет тілейік. Сонда ғана адамзаттың дұғасы қабыл болмақ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close