Basty bet
Бір үзік сыр
Мамыр айының тамылжыған керемет күні. Жайнап тұрған гүлге оранған масатыдай құлпырған айналаға қызыға қарайсың. Теректер мен аршалардың ретімен қатарласып өскен баққа мән берсең, ғажайып әсем табиғаттың тылсым тыныштығымен ертегідегідей әлемге еніп кетесің. Одан әрірекке көз салсаң, әртүрлі бақша өсімдіктерін баптап жүрген жұмысшылардың қимылына еріксіз қызыға қарайсың. Осындай керемет көріністің ортасында әппақ ақ шаңқан үш қабатты «п» әрпі тәріздес үлкен медициналық орталық «Сапа» орналасқан. Мұнда келіп әрі емделіп, әрі демалып жатқан көпшілік өте көп. Еліміздің әр түкпірінен келіп жатқан келушілерде есеп жоқ. Осындай керемет жерде жүрген жандардың бәрінің жүздерінде жылылық шырай бар. Бір-бірімен күлімдеп амандасып, қуаныш құшағында жүргендей.
Табиғатты қанша қызықтасаң да қызығына тоймайсың. Дегенмен уақытқа бағынған демалушылар болғандықтан бөлмелерімізге беттедік. Өйткені кеш болып, қараңғылық түсе бастаған. Ендігі демалысымыз әркім өз бөлмемізде теледидар қараймыз, кітап оқимыз. Біздің бөлмемізде екеуара әңгіме өрбіді.
Менімен жатқан 65-70 жастың арасындағы жүзі жылы, орта бойлы, дене бітімі де келіскен қазақылықтың нағыз белгісі бар жан. Аз ғана күнде екеуміз тез тілтабысып, апалы-сіңлілі жандардай сырласатын болдық. Етене жақындық басталып, өмірдің әр қилы шақтары туралы әңгімеміз қызып кетті. Ол өзінің жастық шағының кең жайлауда, Жуалы ауданынан алыс екі төбенің арасынан сыбдыры құлаққа алыстан естілетін Теріс өзенінің бойында өмірге келгенін мақтанышпен, үлкен құрметпен айтты.
Тып-тыныш ауыл тіршілігіне топ-тобымен студенттер жыл да келетінін, поляк, украин, чуваш, орыс сияқты ұлт өкілдерінің де келіп қоныстанып, жастардың күлкісі әсіресе қырмандағы жұмысқа деген құлшыныстары ауыл өміріне үлкен өзгерістер әкелгенін қимастық сезіммен баяндады. Сол жастардың көпшілігінің дәм-тұздары жарасып отау құрып, ауылға, көрші ауылға тұрақтанып қалғанын да ризашылықпен айтып отырды. Осылайша кішкентай ауыл көпұлтты үлкен ауылға айналып, барлығы бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүргенін, сонымен қатар, соғыс жылдары шешен отбасыларының ауылға қоныстануы және қазақтардың неміс балаларын асырап алу сияқты халықымыздың бауырмалдық, қонақжайлық қасиеттерін әдемі әңгімеледі.
Ауылға алғаш электр жарығының келуі, радионың алғаш сөйлеуі сияқты сол кездегі жаңашылдықты халықтың қалай тамаша әсермен қабылдағанын айтып, біраз естеліктерді еске түсірдік.
Одан әрі жетіжылдық мектептегі, сосын сегізжылдық мектептегі қызықты балалық шағымызды еске алдық. Ол кісі онжылдық мектептің ауылда болмауына байланысты бұрынғы Қаратау қаласына барып оқығанын, яғни сол кездегі Шолақтау, қазіргі Қаратау қаласының қала болып қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келгенін, қала өмірінің қызығына бар ынтасымен араласып кешкен қызықты, әсерлі сәттерін айтып өтті.
-Пах, шіркін, жастықтың алып ұшқан кездері-ай! Сабақтан бос кезде бұрын көрмеген әртүрлі үйірмелер, спорт секциялары және көркемөнерпаздар үйірмесі, эстафеталық жарыстарға қатысу, би, балетке қатысқан кезімде өмірдегі ең аяулы, естен кетпес қызықты шақтарымның шыңы боларын сол кезде ойладық па?!
Асқақ арман жетеледі. Иә, өнер әлемінің тылсым күші қатты әсер етті. Бірде балет бишісі болғым келіп, түрлі акробатикалық этюдтер жасап, бірде әнші болғым келіп ән әлеміне қызықтым. Бірде ақын болғым келіп өлең жаздым, әйтеуір ішкі жандүнием әр жаққа жетеледі. Сыныптастарым керемет ұйымшыл, сыйластығымыз күшті, адамгершілігі жоғары жігіттер мен қыздар еді. Соның айғағы, қазір де өмірде бар достарымызбен хабарласып, тұрамыз, жақсылықтарда бас қосамыз.
Әттеген-ай, мектеп бітірген соң өмірдің әртүрлі ағыстарымен арпалысып кеттік қой. Дегенмен, көпшілігіміз үлкен лауазымды қызметтерде болдық. Оларды әркезде мақтан тұтамын. Бірге жүрген құрбы-құрдастарыңды қалай ұмытасың?!
Аллаға шүкіршілік, өзім де жаман болған жоқпын. Өмірде өз орнымды таптым, ұстаз болып ұзақ жылдар еңбек еттім. Соның жемісін көріп, еңбек демалысындамын. Немерелер арасында бақытты өмір кешудемін. Ұлдарым үйленіп-жайланып, өсіп-өніп өз отбасыларымен өмір сүруде. Аллаға шүкір, үлкен ұлдарым зейнет демалысында. Әрине, әрбір баланың оқуы, қызметке орналасуы, үйленуі үлкен шаруа ғой. Әрбір келінмен тіл табысу да оңай жағдай еместігі де бөлек әңгіме екендігі бәрімізге белгілі. Бірақ, Алланың жазуымен осынша үлкен шаруаларды менің жалғыз атқаруыма тура келді. Өйткені өмірлік серігім 50 жасында өмірден өтті. Айтары жоқ қиындықтар көп болды. Дегенмен тағдыр сынынан қайыспай, сынбай өткеніме тәубе келтіремін. Сондай қиындықпен алысып, ұлдарымды қатарға қосу бір бөлек те өзіңнен шыққан балаңның өзіңе басқа көзқараспен қарағаны ана жүрегіне өте ауыр тиеді екен,- деп аяулы ана әңгімесін басқа арнаға бұрды. Күлімдеп жүретін кезінде мұң пайда болып, біраз үнсіз отырды да, әңгімесін әрі қарай өрбітті.
-Жолдасымның бар кезінде ешнәрсе ойламай, тек күнделікті күйбең тіршілікпен жүре берген маған бұл жағдай өте қиынға соғып, санам санға, ойым онға кетті. Тұңғышым, яғни маған сая болатын, мен арқа сүйейтін баланың көзқарасы, іс-әрекеті маған ауыр болды. Мен арқа сүйейтін деген себебім, ол жас емес, жиырмадағы ақылыма ақыл қосатын, мені осындай қиын күндерімде жаныма жалау болатын кезінде мені сыртқа тепті. Айтпақшы, бұл жүрегіме ауыр соққан сәттердің қалай туындағанын айтпаппын ғой.
Қазақтың дархан, мейірімді, бауырмалдық сезімнің кейде өзімізге кері әсер етенін кезі де бар. Бірақ адамның барлығы бірдей емес әрине, әртүрлі мінез-құлықта, түсінікте болады.
Мен келін боп түскен әулеттің бауырмалдығы мүлде ерекше еді. Арыға бармай-ақ қояйын, жолдасымның әкесінің әкесі, үлкен атамыз кедейшіліктің тобасына әбден қуырылған кісі екен. Дегенмен өзі қызба, өзі өте жылдам, күрессе қарсыласын алып, ұратын, сөз қадірін түсіне білетін ойы ұшқыр кісі болған екен. Қырық жасында әрең үйленген. Әжеміз он жеті құрсақ көтеріп, атқа мінер кездерінде шешектен көз жұма берген. Содан әулие аралап, «Баба түкті шашты Әзиз» әулиенің басына түнеп, зиярат етіп, екі ұлды болған екен. Соның бірі менің жолдасымның әкесі.
Бұл жылдар ақтар мен қызылдардың дүрбелең кезі, яғни біздіңше репрессия жылдары болса керек. Дегенмен біздің атамыз да, әжеміз де көп жасаған әулие кісілер болған.
Екі атамыз еліне, әулетке сыйлы кісі болғандығын, ауылда үлкендерінің аузынан естимін. Әулеттегі, тіпті ауылдағы келеңсіз істерге ара түсіп, жақсарып кетуіне себепкер болады екен. Жолдасымның әкесі партия қатарындағы үлкен лауазымды кісілермен араласып, біраз жыл қызметте болған. Өмірінің соңында аудандық басқару істерінде болған. Ал інісін өзі Ұлы Отан соғысына аттандырған. Өзінде екі ұл болған. Бір ұлын інісі мен келініне берген екен. Міне, кісіліктің белгісі. Үлкен атамыз өмірден 45 жасында өткен. Кіші атам балаларды өзі қамқорына алып, ел қатарына қосып, 40 жасында өмірден өтіпті. Міне, мен осындай қасиетті шаңыраққа келін боп түстім.
Алғашқы ұлымызды ата-анамыздың қолына бердік. Атамның бізді ерекше жақсы көріп, мейірімін төккені есімнен кетпейді.
(Тұңғышымызбен бірге болмаған 14 жыл бізден алыста болғандықтан бізді сағынып, бізге тастап кеткеніміз үшін бала жүрегі қапа болды ма екен, бізге мейірімі аз, қырсық, бізді көрсе басқа көзқараспен қарайтын. Көп ұзамай жолдасым өмірден өтті. Тұңғышым енді маған да, басқа балаларыма да жуыспай, шатақ шығарып келекелеп өте тәрбиесіздік көрсетіп жүрді. Ешқандай түсіністікпен қарамай, қиналып жүрген маған қарсы қылықтар жасады. Тілазар бала айтқанға еш көнбеді. Бір жағы, ол кезде мен де бала тәрбиесіне мән бермеген шығармын. Өйткені ата-енеге қарау, қызметтегі жолдасыңның жағдайын жасау, балаларға қарап, қызметіңе бару деген жанкешті жанның әрі келіндік әрі аналық парызым еді. Мен қазір ойлаймын аналық парыздан келіндік парызды жоғары қойғанмын-ау, өйткені есіме ата-енемнің жағдайын жасаған кездерім жиі түседі. Ал балаларымды сол кісілерге сеніп қарамаған шығармын. Бұл да сол кездегі әйелдің көзқарасы шығар. Қазіргі келіндермен тіпті, салыстыруға келмейді. Өйткені олар ең бірінші өздеріне қарайды, өзін жақсы көреді, содан кейін ғана жанұяға көңіл бөледі. Ал біз өзімізді ұмытып кетуші едік).
Қызмет барысымен үш балалы болғанда алысқа бөлек шығып кеттік. Үлкен ұл әрине, атасының баласы болған соң, сол кісілермен қалады. Сол кезде ол 4-5 жаста еді. Ендігі өмір ата-енесіз бейтаныс жерде басталды.
Алыс, ағайын-туыстан жырақ жерде 14 жыл тұрып, салиқалы ұлдардың ата-анасы, тұрмысты жанұя болып ауылға оралдық, шүкір.
Барған жеріміз қазақилықтың мәйегі көрініп тұратын, берекелі, керемет бауырмал, тек мал шаруашылығымен кәсіптенген ауыл екен. Жергілікті тұрғындар жолдасым екеумізді дәрігер, мұғалім болғандығымыздан да болар құшақжая қарсы алды. Адамгершілікпен, бауырмалдық қалыптасқан кеңпейілді ауылға біз де тез сіңісіп кеттік. Ауылдың, мектептің мәдени шаралары бізсіз өтпейтін еді. Шіркін, қызық күндер-ай!
Ата-енемізге жылына бір рет келіп, аунап-қунап кетеміз. Балаларымыз ойнап мәз болып қалатын.
Атамыз өмірден қайтып, апамыз еті тірі кісі екі бала, бір қызымен бірге тұра берді. Әрине, біз көмектесіп тұрдық.
Қыздары тұрмысқа шығып кетті. Апама қиындау болған соң біз қара шаңыраққа қайта оралдық. Сол кездегі өміріміз күздің сұрғылт сәттері сияқты сезіледі маған. Өйткені, 15 жыл бөлек тұрған соң қайта түсінісу де оңай болмайды екен. Балалар да бөлектеніп тұрады екен. Өзінше тіршілік етіп үйреніп әсіресе маған қиын болды. Үлкендерде осындай түсініспеушілік болған соң, балаларға әрине қиын болды. Көп уақытқа дейін балалар сіңіспей бөтен көзқараспен қарасып, ерегісіп, төбелесіп дегендей жағдайлар мені алаңдата бастады. Бәрібір өмір ағысымен бірде қуаныш, бірде реніш деген сияқты күндер сырғып өте берді.
Оның үстіне тағдырдың жазғаны шығар айбары ағайынға мәлім, айтқан ақыл-кеңесіне құлақ астыратын аяулы, салиқалы жігіт ағасы болған, аяулы жарым, балаларымның асқар тауы – әкелері өмірден өтті. Қиын күндер басталды. Есімді жинап, жан-жағыма қарағанша қаншама ұйқысыз түндер жабырқаған жанымның тыныштығын бұзған жүрек шаршатар күндердің ауыр шақтарын басымнан өткіздім.
Әр нәрсеге уақыт емші екені белгілі ғой. Балалар да есейіп, мектеп бітіре бастады. Оларды оқыту, өз орнына қою, деген де қиындық екені белгілі.Аллаға шүкір бәрі де ержетіп, мамандық иелері болды, үйленіп отау құрды. Әрине, бұл да оңай шаруа емес. Оның үстіне заман ағымына ілесу де керек. Тірі адам тіршілігін жасайды екен. Өмір ағысы тоқтамайды ғой. Сонымен еліміздегі қайта құру кезеңі қауырт басталғаны маған да көп қиындық әкелді. Әсіресе жер бөлу мәселесінде халық арасында көп түсініспеушіліктер болды. Соның ішінде маған да оңай болмады. Шеттей балалардың келешегі қатты толғандырды. Балалардың алды есейіп үлкен оқу орнында оқи бастады. Ал ең кішілері мектепке бармаған еді. Оның үстіне колхозда жұмыс істемеген жанұяларға жер үлесі беріле қоймайтын кезең болды. Мына балаларға жер бөліп бермесе қалай болады деген ойлар мені қатты қамықтырды.
Әйтеуір, жақсы, көзі ашық кісілердің көмегімен шамалы жер үлесін алдым. Енді оны қалай игеремін деген ой маза бермеді. Мектеп бітірген баламды сүт фермасына (ауылдағы) малшы жұмысына, қырман жұмысына араластырдым, балаларым еңбекке шыңдала бастады. Соның арқасында Аллаға шүкір, ешкімге тәуелді болмай, өз шаруашылығымызды күнкөріс еттік. Мал мен жердің оған бейімделген еңбегіміздің арқасында ел қатарлы өмір ағымына ілестік. Балаларды үйлендіріп, оқығандарын оқытып, ел қатарына қосылып келеміз.
Ал үлкен бала бізден бөлек өсті. Әрине, көмектесіп тұрдық. Оны да өзім үйлендіріп, бауырымызға тартып, ауылға жұмысқа тұрғызып, бөлек үй етіп қойғым келді. Ол бәрібір бізге жұғыспай, бөлек кетті. Аллаға шүкір саудаға бейімделіп, өз күнін өзі көріп бала шағасы болып, бізден алыс тұрады. Ата-енеміздің қызы тұрмысқа шыққанда, ұлы үйленгенде біз де қарап жатпай, бір жағын көтерістік. Бәрібір еш мойындамай, жай ағайын ретінде қабылдайды. Уақыт өткен сайын жасы келген кісіге құрмет, жылы мейірім керек екен. Мен соны күтемін, ал ол болса қашқақтайды. Тіпті, бауырларына да суықтау. Ана жүрегіне бұл жағдай ауыр соғады екен. Енді атам да, енем де жоқ қой, баламда неге мейірімділік қасиет жоқ деп іштей қынжыламын. Амал жоқ жат бауыр боп кеткен ғой.
Қайда жүрсе де аман болсын. Мүмкін біздің ата-аналық мейірімімізге қанбағандықтан шығар деп те ойланамын кейде.
Сондықтан, әрбір ата-ана баласын өмірге әкелген соң, барлық ата-аналық мейірімін төгіп, баланың нәрестесінің барлық балалық қылықтарын өз көздерімен көріп, бір-біріне деген қарым-қатынастарын бірге өткізу керек, әрі әрбір ата-анаға Алланың берген сыйы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуі қажет. Баланың өмірге көзқарасын қалыптастыратын ата-анасы, өмір сүрген ортасы болғандықтан, оған өте мән беріп қарау міндет.
Әрине, енді оның ұрпақтары да маған және басқа балаларыма, олардың бала-шағаларына жат адамдай қарайды. Өйткені ата-аналары жақсы араласпаған соң, айтпаған соң оларға қалай өкпелерсің. Үнсіз ғана іштей өзімді кінәлап өкінемін. Әйтеуір іштей амандықтарын тілеп, іштей елжіреймін. Міне, замандасым, менің жағдайым осы,- деп көршім әңгімесін аяқтады.
Әрине керемет таныстық, жақсы демалыс, демалыс үйіндегі дәрігерлердің, жалпы қызметкерлерінің ілтипаты, адамгершілік қасиеттері, демалушыларға құрметтері керемет есте қалды. Көп уақытқа дейін әсерден шыға алмай жүрдім. Бірақ жүзінде мұңы сейілмеген сол бір кісіні әлі ұмыта алмай, кейде есіме аламын.
Әрине бұл өмір ғой. Әр тағдырдың өз сыры бар. Дегенмен өмірдің өрнектерін пенде өзі өрнектейді, қателеспеу керек сияқты.
Зухра Оразбаева,
зейнеткер