Basty bet
Қашықтан оқуға дайындығымыз қалай?
Коронавирус індетіне байланысты елімізде оқушылар өткен оқу жылының төртінші тоқсанын қашықтықтан оқып аяқтаған болатын. Қашықтан оқу білім саласында бұрын тәжірибеде болмағандықтан біраз қиындықтар орын алды.
Елдегі жағдайға байланысты карантин режимінің ұзартылуына орай жаңа оқу жылы да қашықтықтан оқумен басталғалы отыр.
Сабақтың басталуына үш-ақ апта қалды. Қазір мұғалімдер мен ата-аналар, оқушылар жаңа оқу жылына дайындық үстінде. Биыл ата-аналар жылдағыдай мектепке форма сатып алып емес, қашықтықтан оқуға қажетті құралдарды қамтамасыз етумен айналысуда.
Қашықтықтан оқуға елімізде мектептер оқушылардың өтініштерін электронды форматта қабылдай бастады. Министрлік шешіміне сәйкес мектептерде тек бастауыш сыныптар ғана ашылып, кезекші топтар жұмыс істейді деп жоспарлануда.
Қоңырау әр топқа әртүрлі уақытта соғылады. Ондағы мақсат – оқушылардың ара қашықтығын сақтау. Әр сыныпта 15 оқушыдан аспайды. Олардың парталарының ара қашықтығы 1,5-2 метр болуы керек.
Мектептің кіреберісінде дезинфекциялау тунелі, төсеніштер орнатылмақ. Ал қол тазалайтын санитайзерлер ғимараттың бұрыш-бұрышында тұруы керек.
Дәл қазіргі уақытта мектептерде әр сынып оқушыларын кезекпен шақырып, оқулықтары таратылуда.
Дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясы биыл да ұйымдастырылуда. Акция аясында аудан бойынша 200-ден аса оқушыға көмек көрсетілмек. Жыл сайын көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына акция аясында демеушілер тарапынан мектеп формалары мен оқу құралдары берілсе, биыл қашықтықтан оқуға қажетті құралдар, яғни ноутбук, смартфон телефондар алынып берілуде.
Сонымен бірге 100-ге дейінгі ғана оқушылары бар ауылдар дәстүрлі оқытылуы мүмкін деп жоспарланып отыр.
Аудандағы мектептердегі дайындық барысымен танысу үшін аудан орталығындағы іргелі мектептердің бірі Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының орынбасары Гүлмира Хабдуллаева мен Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Индира Қазақбаевамен әңгімелескен едік.
Гүлмира Хабдуллаева, Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
-Биылғы оқу жылында мектепте 1056 оқушы бар. Оқушыларға әр сынып кезекпен шақыртылып, оқулықтары таратылуда.
Ата-аналардың өтінішімен бастауыш сыныптарда бір-бірден кезекші сыныптар ұйымдастыру жоспарлануда. Әр сыныпта 15 баладан ғана болады.
Өткен оқу жылында қашықтықтан оқуға біраз балалар дайын болмады. Яғни, смартфон телефондары болмай, интернет жақсы тартпай біраз қиындықтар болды. Көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына мектептегі компьютерлер берілді.
Биылғы оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында 31 оқушыға демеушілер тарапынан көмек көрсету жоспарланған.
Мұғалімдер шілде-тамыз айларында қашықтықтан оқытуға байланысты қашықтық курстарынан өтуде. Курс аясында қашықтықтан оқытуда әлеуметтік желі мүмкіндіктерін қолдану жолдарымен танысып, тәжірибеде қолданып, кәсіби шеберліктерін дамытуда.
Қашықтықтан оқыту екі түрлі форматта жүргізіледі. Бірі – синхронды оқыту – әртүрлі жерде бір уақытта бірге өзара әрекет етеді. Екінші түрі асинхронды оқыту – әртүрлі жерде және әр уақытта әрекет жасайды. Яғни, оқушы мүмкіндігіне қарай уақытқа тәуелсіз білім ала алады.
Мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де Google форма, Zoom, Facebook, Live, Skype, Webinar.ru, Learming Apps. Org флатформалары арқылы тапсырма беріліп, оқушылар ақпарат алады, жеке топтық жұмыс жасайды, оны басқа оқушылармен және мұғалімдермен талқылайды.
Қысқасы, түрлі курстарды оқу арқылы қашықтықтан оқытудың көптеген мүмкіндіктерін үйрендік, тиімді жақтарын оқып білдік.
Дәстүрлі оқуда бала сабаққа келмей қалса, ол күнгі сабақты еш жерден көре алмайды ғой. Ал қашықтықтан оқуда өзінің электронды жеке кабинетінен көруге мүмкіндігі бар. Мәселен, Facebook желісі арқылы бір сыныпқа арнап парақша ашып қойсақ, сол арқылы сабақ өтіп, тапсырмалар беретін боламыз. Бұл Whatsapp желісіндегі жұмысқа қарағанда тиімді. Одан басқа Google, Microsoft Office, тағы да басқа желілер арқылы сабақ өту тиімді.
Ендігі жерде ата-аналардан сұранарымыз – балаларын қашықтықтан оқуға қажетті электронды құралдармен қамтамасыз ету және жеке тыныш бөлмемен қамтылуын, баланың сабаққа уақтылы қатысуын қадағалау, сабақты түсінбеген жағдайда мұғаліммен кері байланыс орнатуын, баланың кері байланыста ашық болуын қадағалау. Қашықтықтан оқытуда ата-ананың балаға деген назары, көмек-қолдауы үлкен басымдыққа ие.
Қашықтықтан оқу мұғалімдерге де өте үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Дәстүрлі сабақта алдында партада отырған баламен байланыс жасау әрине оңай. Ал қашықтықтан оқуда баламен байланыс жасау қиын. Сондықтан мұғалім – ата-ана – оқушы осы үштік бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек.
Қашықтықтан оқудың қиындығымен қатар тиімділігі де көп. Оның барлығын уақыт өте, үйренетін боламыз.
Индира Қазақбаева,
№20 Жамбыл атындағы орта мектептің директоры
-Мектепте 82 оқушы бар. Оқушыларға оқулық таратуды бастадық.
Қашықтықтан оқытуда біздің ауылда интернет желісі өте нашар болғандықтан қиындықтар болды. Интернет нашар болғандықтан мұғалімдер оқушылардың үйіне барып оқытқан кездер де болды. Яғни, ауылда Актив байланысы ғана ұстайды. Оның өзі Н+ -тен жоғарыламайды. Сондықтан биыл ауылымызға сапалы интернет желісін тартуға сұраныс жасаған 41 ата-ананың өтінішін аудандық білім бөлімі мен ауылдық округ әкімдігіне тапсырған болатынбыз. Алайда әлі жауап жоқ.
Қашықтықтан оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін үйрету мақсатындағы онлайн курстарға 17 мұғаліміміз оқыды. Енді 13 мұғалім оқуда.
Бір жағы аудандағы дәстүрлі оқуы мүмкін деген 16 мектептің ішінде біздің мектеп те бар. Егер дәстүрлі оқитын болсақ, әрине сақтық шаралары қатаң сақталып оқытылатын болады. Оған да дайындықтар жүргізілуде,- дейді Индира Қазақбаева.
Жер-жерде дәстүрлі оқуға ата-аналар тарапынан өтініштер түсіп жатыр. Әсіресе, мектепалды даярлық топтары мен 1 сынып ата-аналары.
Кез келген ата-ана үшін ең бірінші кезекте баланың денсаулығы, амандығы қымбат. Алайда білім де керек. Сондықтан ата-аналар балаларының дәстүрлі оқуына өтініш беруде.
Қазір білімнің, ғылымның дәуірі. «Білімдінің күні жарық» демекші, балалардың терең білім алуына терең мән беруіміз керек. Білімді, тәрбиелі, дарынды жас өз отбасының ғана емес, елдің тірегі. Қай қоғамда болмасын елді алға сүйрейтін білімді азаматтар. Тығырықтан жол табатын да білім мен ғылым. Сондықтан қайткенде де бала үшін талапқа сай, тиімді жағдай болуына мұғалім, ұстаз, ата-ана, қоғам болып атсалысуымыз керек.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»