Basty bet
Карантин кезіндегі айлық жалақыны төлеу
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі «Пандемия кезінде коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында орта білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар» жасақталып, бекітілді. Осы ұсыныстарға сәйкес барлық педагогикалық қызметкерлер оқу процесіне тартылатын болады. Оқу процессін жүргізу кезеңінде білім беру ұйымдарының басшылары мұғалімдерді қашықтан оқыту режиміне ауыстыру туралы актілер қабылдайды. Қашықтан оқыту жұмысын тікелей атқаратын мұғалімдер үшін еңбекақы тарификация тізімімен бекітілген, қосымша төлемдермен қоса толық көлемде есептеліп төленеді.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы №414-V ҚРЗ Еңбек Кодексінің /ары қарай –Кодекс/, 1-бабы 1-тармағы 10-тармақшасына сәйкес, бос тұрып қалу – экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, өзге де өндірістік немесе табиғи сипаттағы себептер бойынша жұмыстың уақытша тоқтап тұруы. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің педагогикалық және басқа қызметкерлері балалар балабақшаларға келмеген жағдайда босатылуы мүмкін. Мұндай жағдайда жұмыс беруші оларды бос тұрып қалу режимге қоюға құқылы. Жұмыс беруші бос тұрып қалған жағдайда жоғарыда аталған Кодекстің 112-бабына сәйкес жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалу уақытын рәсімдеу тәртібі және бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалады және жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде белгіленеді.
Жалпы білім беретін мектептерде қарастырылып отырған кезеңге көмекші персоналдан белгілі бір жұмысшылардың босауы мүмкін. Бұл қызметкерлерді жұмыс беруші уақытша тұрып қалу режиміне ауыстыруға құқылы.
Карантин кезінде қосымша білім беру ұйымдарының қашықтан оқытатын мұғалімдерден басқа қызметкерлері және техникалық қызметкерлері бос тұрып қалу режимге ауыстырылуы мүмкін.
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы әкімдігінің 2020 жылдың 28 шілде №326 қаулысымен Еңбек Кодексінің 112-бабына сәйкес бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу талаптары ұжымдық шарттың 6.23 тармағына сәйкес жұмыстың жұмысшы кінәсінен болмай тоқтап тұрған күндері үшін білім беру саласындағы азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне айлық жалақы көтермелер, қосымша және үстеме ақыларсыз, ағымдағы жалақы мөлшерінде төленсін деп айқындалды. Жұмысшы кінәсінан болмай тоқтап тұрған күндері үшін қызметкерлерге еңбекақы төлеу шарты «Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөлімі» КММ-не қарасты мемлекеттік мекемелер және қазыналық кәсіпорындар мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының Жуалы аудандық комитеті» Филиалы арасында 2018-2020 жылдарға жасалған әлеуметтік, әріптестік туралы Ұжымдық шарттың 6.23 тармағында келісіліп белгіленген.
Қызметкерлерге жалақы төлеу тәртібі қашықтан жұмыс жасау, бос жұмыс режиміне ауысу, қысқартылған жұмыс күні режиміне көшіру туралы ресімдеу тәртібін қатаң сақтау /бұйрықтардың рәсімделуі/ негізінде жүзеге асырылады.
Гүлжан Орымбаева,
Жуалы ауданы білім беру
қызметкерлері кәсіподағының
құқықтық инспекторы