Basty bet
«Майор келін» атанған Бахытгүл
Ашық-жарқын мінезімен, жақсы өнеге-қасиеттерімен, еселі еңбегімен көпке үлгі болып, төңірегіне, ауыл-аймағына, жас ұрпаққа ізгілік дәнін сеуіп, мейірім-шарапатын молынан төгіп жүретін әзіз жандар айналамызда аз емес. Соның бірі – Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылының тұрғыны, бүтіндей бір әулетке сыйлы келін, өнегелі ене атанып отырған Бахытгүл Жексекеева.
Бахытгүл Хасенқызы Жексекеева 1967 жылы Арқа төсіндегі Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында дүние есігін ашқан. Қарқаралы жері орманды, таулы-тасты болып келеді, әрі атақты ақын-жыраулардың мекені болғандықтан, ол қаршадайынан бойын тазалыққа үйретіп, өнерге, шығармашылыққа бір табан жақын болып өскен. Әкесі Хасен Қарқаралы өңіріндегі орман шаруашылығында 40 жыл бойы орманшы-қорықшы болып істеген.
Жеті жасқа толғанда анасы өмірден ерте озған Бахытгүл әке тәрбиесінде болып, ер мінезді болып қалыптасты. Қоғамдық істерге ертеден араласып, мектептегі пионер дружинасын басқарған. Әлі есінде, алтыншыдан жетінші сыныпқа көшкен жазда үлгілі тәртібі мен үлгерімі үшін Қазақстанның атынан «Артек» бүкілодақтық лагеріне жіберілген.
– Лагерь жыл бойына бүкілодақтық маусыммен жұмыс істеп, тек шілде-тамызда ғана бір ай халықаралық маусым өткізеді екен. Бұл мезгілде әлемнің әр түкпірінен балалар демалуға келеді. Сол балалармен араласып, жеті жұрттың тілін, өнерін байқағанбыз. Бұл менің бала кезден қалған жарқын естеліктің бірі болып қалды, – дейді Бахытгүл.
Әрі қарай оқуды жалғастырып, екі жылда комсомол қатарына өткен қайсар қыз мектептің комсомол ұйымына жетекшілік етеді. Сөйтіп жүріп, Алланың бұйрығы, бәлкім анасының қолдағаны болар, сегізінші сыныпты бітіретін 1982 жылдың мамыр айында Мәскеуге Бүкілодақтық Лениндік жастар коммунистік одағының ХІХ съезіне Қазақстанның атынан жалғыз оқушы делегат болып сайланады. Жиын әсер етті ме, әлде, үлкен мінбеде КОКП Орталық комитетінің бас хатшысы Леонид Брежневтің сөйлегені әсер етті ме екен, Бахытгүл осы жиыннан зор әсермен оралып, алдына келешекте халыққа қызмет етуді мақсат етіп қояды. Өзін көпшілік ортада сөйлеуге, халық алдына ұстауға, көпшілікпен жұмыс істей білуге бейімдей бастайды.
– Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ, ұстаздар зор сенім білдіріп, жастармен жұмыс істеуді, жастармен атқарылатын түрлі қоғамдық жұмыстарды маған артып қоятын. Мектепті бітіргеннен кейін орыс тілі және әдебиеті мамандығын таңдап, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Комсомолдар съезіне қатысуым ескеріліп, маған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетінен жолдама келіпті. Алайда, оған бару бақыты бұйырмады. Әкем туған жерден жырақта болуымды қаламады. Бірақ, комсомол съезінің делегаты болған деген мінездеме талай жерде пайдаға асты. Бірінші курстан бастап жатақханадағы студенттік кеңестің төрайымы болып сайландым.
Осындай қоғамдық жұмыстарды атқара жүріп, оқуды да белсенді оқып бітірдім. 1987 жылы әкемнің сырқаттануына байланысты сырттай оқу бөліміне ауысып, сол жылы Қарқаралы аудандық пионерлер ұйымының үйірме жетекшісі болдым. Өз мамандығымды ұмытпайын деп, 1989 жылы Қарқаралы қаласындағы №30 орта мектепке ауыстым. Жұмыста белсенділікпен көзге түсіп, аудандық комсомол комитетінің идеология жұмысын басқаратын үшінші хатшысы болып сайландым, – дейді кейіпкеріміз.
Кеңес Одағының күйреуімен комсомолдар ұйымы тарағаннан кейін Бахытгүл Жексекеева Қарағанды қаласына көшіп келіп, мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болды. Қоғамдық жұмысқа төселіп, көпшілікпен жұмыс істеуге үйреніп қалған Бахытгүл Қарағанды қаласындағы Ленин (қазіргі Қазыбек би) ауданының мәдениет бөлімінің маманы болды. Осы жерде жұмыс істеп жүргенде облыстық жастар істері, спорт және туризм мәселелері жөніндегі басқармаға бас маман болып ауысады.
Бұл оның бойындағы көшбасшылық, басқарушылық қасиеттері мен таланты ашылған жылдар еді. Жастар аудиториясының алдында сөз сөйлеу, облыстағы спорттық, 5-10 мың халық жиналатын көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып, өткізіп жүрді.
1998 жылы облыс басшылығы қаладағы №6505 әскери бөлімде өтетін Наурыз мерекесіне қатысып, сөз сөйлеуді тапсырды. Бахытгүл өзімен бірге облыстың студент жастарынан құрылған бір топ өнерпаз жастардың қатысуымен әскерилердің алдында үлкен концерт ұйымдастырады. Сол кезде әскери бөлімнің сардары, подполковник Исатай Кубашевтан әскери бөлімге жұмыс істеуге шақыру түседі. Бахытгүл көп ойланбастан, медициналық комиссиядан жылдам өтіп, сол жылғы маусым айында әскери бөлімге ауысып, ендігі өмірі әскери қызметпен байланысты өрбиді.
Осы жылдар аралығында Бахытгүл әскери бөлімдегі тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс, тәртіпті бақылау салаларында жемісті қызмет етті. Әскери бөлімдегі жауапты жұмысын республикалық «Қалқан-Щит» газетіндегі тілшілікпен ұштастыра білді. Нәзік жанды болса да, әскери қызметтің ыстық-суығынан біркісідей ысылып өтіп, нағыз ер адамдар істейтін жауапты учаскелерде болды.
2010 жылы Астана қаласындағы ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің әскери-мәдени клубына басшылық етті. 2014 жылы майор шенінде запасқа шықты. Әскери қызметте жүріп, алған марапаттары аз емес, соның ішінде елеулісі І-ІІ дәрежелі «Қызметте ерекшеленгені үшін» және «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталғаны.
Айта кететін бір қасиеті, Бахытгүлдің өз кәсібіне шексіз берілгендігі сондай, қызмет барысында бірде-бір ескерту немесе сөгіс алмапты. Ондайға жаны да төзбейтін. Запасқа шыққанда, кадр қызметінің бастығы еңбек кітапшасын оқып тұрып, кітапшаға бірде-бір сөгістің енбегеніне таң қалғаны әлі есінде. Ол кейіннен Бахытгүлді үлгі етіп, «міне, қызмет етсеңдер, осылай етіңдер» дейтін.
Запасқа шыққаннан кейін жолдасы Бақыт Асабаевпен бірге Жуалы ауданына көшіп келген. Мұнда келгеннен кейін бос отыра алмай, 2014 жылдың аяғында мемлекеттік қызметке қайта оралып, тесттен өтіп, Қарасаз ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-әскери үстел маманы болып орналасты. Негізгі атқаратын саласы запасқа шыққан әскери міндеттілермен және әскерге шақырылушылармен жұмыс, олардың ата-аналарымен, ардагарлермен жұмыс, жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру және патриоттық тәрбие беру. Одан бөлек, округтегі төтенше жағдайдың алдын алу және болдырмау, су тасқыны, өрт, қар көшкіні, қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстарының басы-қасында жүреді. Басшылықтың басқа да тапсырмаларын орындайды. Округтегі учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Нұржан Адаматаевпен бірлесіп, өңірде қоғамдық тәртіпті сақтау, жалғызбасты, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуге көңіл бөледі.
Жолдасы Бақыт Асабаев үйден бөдене шаруашылығын ашып, қайырымдылық шараларына үлесін қосып жүрген жан. Бір ерекшелігі, әскерге көп шақыру таратқанда, өрт кезінде жарының жанында өзі бірге жүреді. Оның барлығы балаларға үлгі-өнеге.
Қарасаз ауылдық округі әкімі аппараты іс жүргізу және есеп бөлімінің меңгерушісі Жанар Нұрмұратқызы әріптесінің кәсіби шеберлігіне, қоғамдық ортадағы көпшіл мінезіне, қайырымдылық қасиеттеріне көбірек тоқтала келіп, оның аз қамтылған отбасыларға өз қаражатынан болса да, көмек беруге дайын тұратынын, карантин кезінде құрылған бекетке округтен жіберілген төрт әскери міндеттіге ыстық тамақ ұйымдастырғанын айтады. Одан бөлек, Бахытгүл әркез қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді, «Nur Оtаn» партиясының «Қарасаз» бастауыш партия ұйымының төрайымы, кәсіподақ ұйымының төрайымы болып табылады.
Асабаевтар әулетінің келіндері, жақын абысындары, ұстаздар Балзия мен Мариям әулетке жақын келіп, «майор келін атанған» Бахытгүлдің бойындағы турашылдықты, жауапкершілікті, қолынан келсе, жақсылық жасауға бейім тұратын адамгершілік, жанашыр қасиеттерін, көрші-көлеммен де сыйласып, тату-тәтті тұратынын атап көрсетеді. Ал үлкен келіні Әйгерім енесінен көп нәрсені, әсіресе, тәртіпті үйренгенін айтады.
Запастағы майор Бахытгүл Жексекеева мен Бақыт Асабаев бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған шуақты шаңырақ иелері. Қыздарының бірі Әйгерім ана жолын қуып, тілші мамандығын таңдады. Бүгінде ол «Қазақинвест» АҚ-ның баспасөз хатшысы болып жұмыс істесе, үлкен ұлы Дулат Ақтау қаласында кәсіпкер, келіні Әйгерім өте өнерлі, қайтарымсыз грант қаражаты есебінен тігін цехын ашып, ұлттық киімдер, қыз жасауын тігеді.
Жақында Қарағанды қаласында «Нұрқазған» шахтасында сервис бригадирі болып жұмыс істейтін екінші ұлы Жанболатты аяқтандырып, қуанышқа бөленді. Кенже қызы Фариза Нұр-Сұлтан қаласында математика пәнінің мұғалімі болып істейді.
– Жас ұрпақ білімді болса, әрнәрсеге талпынып, еңбекке, жақсылық жасауға құштар болып, немқұрайды болмаса деймін. Жақынына жанашыр болса, бір көмегім тисе деп тұратын, бойында адами қасиеті болуы тиіс. Жұмысты қиындықтан қашпай, шын беріліп істеу қажет. Өмірлік ұстанымым міне осы. Тағы кісі жалқау болмаса, шындықты айтса, еңбекқор болса, адамдарды шынайы сыйласа, ол өмірден өз орнын табады. Өз мамандығын шынымен сүйсе. Мен өзімнің жұмыс істеп жүрген ұжымымды жақсы көремін, бірер күн бармай қалсам, көңілімде бір нәрсе жетіспей тұрған сияқты боламын, – дейді Бақытгүл әңгімесінің соңында.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»