Basty bet

«Еңбек етсең, емерсің…»

Қызтоғандық зейнеткер Ж.Тәжібаева өзі үйінің іргесіндегі жерді тиімді пайдалануда

Қазір той тойлайтын заман емес. Керісінше әр адам, әрбір отбасы өз болашағын тереңнен ойлап, аянбай тірлік жасайтын уақыт әбден жеткен заман. Халықты адал еңбекке бағыттауда Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тұрғындарына қарата айтқан сөздерінің мағыналары терең. Айталық, Елбасының құнды еңбектерінің бірі саналатын «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінде ұлт болып ұйысудың, болашақ үшін тірлік жасаудың қыр-сыры туралы жан-жақты айтылған. Елбасы толғана отырып былай дейді.

«Өмір қашанда – күрес. Бүкіл ғұмырың – еңбек. Маңдай тердің өтеуі заман алмасқан сайын күрделі бола түседі. Дүние қазір дүрбелең. Ақ пен қараның мәңгілік күресі адамзаттың жаратылуынан бері жалғасып келеді. Арымызды дақ түсірмей сақтаған халықпыз. Бірақ сен сақтағанмен, сырт көз сұғанақтығын тоқтатпайды. Бақталастық белең алды. Ол да қызғаныш пен көреалмаушылықтан туындайды. Діни сауатсыздықтан, адам санасындағы адасушылықтан лаңкестік әрекеттер жиі бой көрсеткен қазіргі заманда жастарымыздың жаман жолға түсуінен сақтандыратын да, сақтайтын да қарияларымыз осы жағынан санаткер сергектік танытса дейміз. Ананың ақыл-ойы ұл-қызға, ағаның ақыл-ойы іні-қарындасқа, тәлім болса, тәрбиенің үлкені де – сол»,- дейді.
Қай жағынан алып қарасаңыз да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өмірдің әр тақырыбында қозғаған ойы өте орынды. Адам саналы түрде тәрбиеленіп, еңбек көшіне ілескенде ғана өмір көшінен де өз орнын таппақ. Ел ішінде еңбектің қадірін ерте түсінген замандастарымыз аз емес. Соның бел ортасында аудан орталығынан шалғайда орын тепкен Қошқарата ауылдық округіндегі шағын елдімекен Қызтоған ауылының тұрғыны Жеміскүл Тәжібаеваның да жүруін жақсылыққа балаймыз. Жеміскүл Орынқожақызы – білім беру саласы мен жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне өмірінің елеулі бөлігін арнаған зейнеткер ұстаз. Ол Қызтоған ауылындағы талай-талай танымал тұлғаларды түлетіп ұшырған байырғы білім ошағы №35 Сәбит Мұқанов атындағы негізгі мектепте мұғалім, одан кейін ұзақ жылдар мектеп директоры қызметін атқарды. Қазір зейнетте.
Ауыл-аймаққа белгілі, сыйлы әрі өнегелі жанұя, еңбек майталмандары Орынқожа Әуденұлы мен Күлпатира Тәжібаеваның көпбалалы отбасында тәрбиеленіп өскен Жеміскүл Тәжібаева 1976 жылы Қызтоған ауылындағы Мамырбек Назарбековтың шаңырағына келін болып түседі. Содан бері отағасы Еркін Мамырбекұлы екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Отағасы ХХІІ партсъезд атындағы колхоздың Қызтоған бөлімшесінде механизатор, одан кейінгі жылдары жылқышы болып еңбек еткен. 2012 жылы өмірден озды.
-Осынау үлкен әулетке келін боп түскеніме биыл табаны күректей 44 жыл өте шығыпты. Онда енем Үміткүл апамыздың көзі тірі еді. Үй шаруасына, мал қарап, бақша егуге мені сол кісі үйретті. Мен үй шаруасымен қатар бау-бақша егуге жастайымнан әуестендім. Келін боп түскен алғашқы жылы жүгері және аздап қызанақтың көшетін ектім. Онда бақша егетін жерлердің бәрі тың болатын. Көп отбасылар бау-бақша екпеуші еді. Сол жылы еккен көкөністерім мол өнім берді. Міне, содан бері жыл сайын бақша егіп келе жатырмын. Екпей қалған кезім болған емес.
Биылғы жылы өз үйімнің іргесіндегі жерлерге көкөністің барлық түрін ектім десем де болады. Атап айтсам, 600 түп қызанақ көшеті, қияр, қызылша, сәбіз, баклажан, болгар бұрышы және ащы бұрыш, салат жапырағы, сарымсақ, асқабақ, әңгелек, жүгері егілді. Одан бөлек, көпжылдық дақылдардан таңқурай, құлпынай бар. Бау-бақшаны күнделікті күтіп-баптаймыз, шөбін жұлып, кетпендеп күтім жасаймыз. Әрине, жұмыстың барлығын жалғыз өзім атқармаймын. Қолымда ұлым Қайрат пен келінім Гаухар тұрады. Қолымнан тірлігімді алып, жұмысымды жеңілдетіп жатқан осы балам мен келінім. Жазғы каникул кезінде жан-жақтан немерелерім келіп, көмектеседі. Үш ай жазғы демалысты ауылда, таза ауада өткізу балалардың денсаулығына өте пайдалы. Балалар ауылда ата-апасының қолында жүріп, еңбек үйренеді. Ұл балалар малға қарап, қойдың кезегін бақса, қыздар күнделікті үй шаруасына, тағы басқа тірліктерге қол ұшын береді.
Ауылда тұрған соң көбінесе табиғи таза өнімдерді тұтынамыз. Ет, сүт, көкөністердің барлығы өз үйімізде өндіріледі. Тек ұн, тағы басқа азық-түліктерді ғана сатып аламыз. Қалғаны өз өніміміз. Балалар ауылда жүріп, күнделікті таза ауамен тыныстайды. Еңбек етіп, шынығады. Айран, сүт, қымыз ішеді. Міне, мұның бәрі өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің ағзасына өте қажет.
Ауылда көктемнен қара күзге дейін бау-бақша баптаумен қатар, бие сауып, қымыз дайындаймын. Бір жылдары төрт сауын биеге дейін байлап, сауған кезім болды. Биылғы жылы бір ғана бие сауамын. Биені көбінесе өзім сауам. Мен жоқта келінім мен қыздарым сауады. Қымыздың адам ағзасына пайдасы орасан. Оның үстіне, қазіргі індет жағдайында да адамға құнарлы тағамдар тұтынған дұрыс. Оның ішінде өзіміздің дәстүрлі қазақ асханасындағы тамақтардың маңызы зор,- дейді Жеміскүл Орынқожақызы.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, зейнеткер ұстаз Жеміскүл апайдың көкөніс егіп, бақша салып жатқаны ауылдастарына үлгі. Ауласына қарап-ақ үй иесінің қандай адам екенін жазбай тануға болады. Зейнеткердің ауласы неше түрлі гүлдерге толы. Аулаға егілген гүлдің бірнеше сұрыптары адамға ерекше әсер етіп, жан-жаққа да ерекше сән беріп тұр. Гүл егуді Жеміскүл апайдың бір қыры деп айтуға болады.
-Ауылда жыл он екі ай мал ұстап, бау-бақша егу арқылы күнделікті азық-түлігімізді дайындаймыз. Сонымен қатар, жас кезімнен гүл егіп, баптағанды ұнатамын. Гүл әсемдіктің, әдеміліктің, тазалықтың белгісі. Оны гүл өсірумен айналысатын жандар жақсы түсінеді деп ойлаймын. Биылғы жылы да үйдің ауласына гүлдің бірнеше түрін ектім. Гүл ауланың сәні, үйге келген қонақтар да жайқалып өскен қызыл-жасыл гүлдерге қызығып қарайды. Келіндеріме, немерелеріме гүл өсірудің қыр-сырын үйретіп жатырмын,- дейді зейнеткер.
Негізінен алып қарағанда, өмір, күнделікті тіршілікте адамдар барлық нәрсені үйренуге талпынады. Соның ішінде адамзатты жетілдіретін, алға жетелейтін еңбек ету салтының орны бөлек. Осы орайда жақсы жағынан өз замандастарына үлгі-өнеге болып жүрген жандар ғана өмірдің көркі болып қала бермекші.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close