Basty bet

Адал еңбекпен есейген жанұя

Күреңбел ауылында сыйластығы мен бірлігі, мейірбандығы мен сүйіспеншілігі жарасқан көпбалалы Қалабаевтар отбасы тұрады. Бұл жанұямен ауылдық округке жасаған іссапарымыз барысында танысып, сұхбаттасқан болатынбыз. Бізді жылы қарсы алған жанұядан жылулық лебі, қазақи қонақжайлық пен сыйластықтың лебі анық сезіледі. Қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін бұл отбасының ұрпақтары өрбіп келеді. Қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған отбасының дастарқанынан ұлттық тағамдар мен сусындар үзілмейтіндігі көрінеді.

Қасиетті қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, осы үйден өсіп-өніп отырған бұл жанұя ауылдағы мерейлі отбасының бірі. Отағасы Нұрлыбек Қалабаев Күреңбел ауылының төл тумасы. Таңның атысы, кештің батысы тірліктің көзін тауып, әр күнін еңбекпен өткізетін жан. Ауылдың тыныс-тіршілігімен, мәселелерімен етене таныс, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын азаматтың бірі.
Адам дамуының ең басты кепілі еңбек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, атам қазақ бекер айтпаған. Шынымен де, адамды адам еткен еңбек. Мұны өмірлік ұстанымына айналдырған Нұрлыбек Тортайұлы «Таңшығыс» шаруа қожалығын құрып, егістік алқабында қызу еңбек етуде. Көктемде дала жұмыстарын уақтылы атқарып, бүгінгі күні ақ егістікке орақ салып, мал азығын дайындауда.
1997 жылы құрылған қожалық иелігінде 50 гектардай жері бар. Жыл сайын алқаптағы жеріне жоңышқа, арпа, бидай егіп, жиын-терімді жинап алады. Шаруашылық «Беларусь» тракторымен, «Зил» жүк көлігі және қосалқы ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтылған. Астықты төккенге 100 тонналық қамба салынған. Жеңілдетілген жанар-жағармай, тыңайтқыштар алып тұрады. Алдағы уақытта шаруашылығын жаңа ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтыруды жоспарлауда. Сонымен қатар, ол «Агро кредит» қорынан мал шаруашылығын дамыту мақсатында жылқы бағытында қазақи қарабайыр жылқыларын алып, осы бағытта жұмыс істеуде.
-Әкем Тортай өмір бойы газбен электр дәнеркерлеуші болып колхозда жұмыс істеген. Ауылға қадірменді, сыйлы қариялардың бірі еді. Ал, анам Ұлту Қаратас ауылының тумасы болатын. Өзім жеті ағайындымын. Әке-шешемнен екі ұлы, бес қыз тарағанбыз. Қазір өзімде көпбалалы әкемін. Осы тірліктің барлығы балаларымыз үшін жасалуда. Балаларымның алаңсыз білім алып, тәрбиеленуі үшін жағдай жасауым керек. Ол менің міндетім. Әкелік борышым.
Ауыл шаруашылығымен айналысқаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Тірліктің көзін табу үшін, табысты болу үшін ерінбеу керек. Бұл жұмысты бар ынтаңмен, күліп жүріп жасау керек. Немқұрайдылық танытсаң, істің берекесі болмайды. Негізінен, қандай мамандық болса да, қандай жұмыс болса да сол істің нағыз маманы болуы керек. Мал бағу үшін де ептілік қажет. Сол сияқты ауыл шаруашылығын қолға алып, ісіңді дөңгелету үшін таңдаған салаңды жақсы білуің керек. Біліміңмен қатар, тәжірибең де мол болуы тиіс. Тәжірибемен біліміңді ұштастыра алған одан да маңызды.
Егін еккеннен бөлек, мал шаруашылығы, оның ішінде жылқының басын көбейту бағытында несие алған болатынмын. Ол үшін арнайы қора-жайы соғылған. Күн салқындағанда үйде ұстаймыз. Ал, жаздыгүні жайлауда. Мал азығын да үйдегі мал санының басына қарап әзірлейміз. Көмекшім балаларым. Ұлдарым ержетіп, қолғабыс етуге жарап қалды. Техниканың тілін де меңгеріп келеді. Жаныма ертіп жүріп, еңбек етуге баулудамын. Еңбек ете білуі тиіс. Бірақ әлі жас болған соң, оларға техникалардың бөлшектерімен таныстырып жатырмын,- дейді отағасы Нұрлыбек Тортайұлы.
«Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бірауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал, ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Осы ретте, Нұрлыбек ағаның жары, отбасының ұйытқысы, баласын аялы алақанына бөлеуші Гүлнар Мұстафаева Сарысу ауданының тумасы. «Күміс алқа» иегері.
-Біз 1992 жылы отау құрдық. Жолдасым Қаратау қаласындағы оқу орнын құрылыс мамандығы бойынша бітірген. Бірақ мамандығымен жұмыс істеген жоқ. Себебі, қара шаңыраққа ие болып қалу керек болды. Келін болып түскен шаңырағым көпбалалы, ауылға сыйлы жандар болды. Енеммен 20 жылдай бірге тұрдық. Анамыздың жүрегінің кеңдігін, қонақжайлылығын ауыл тұрғындары жақсы біледі. Өзіміз де аялы алақанын сезініп, жылы сөздерін талай естігенбіз.
«Балалы үй – базар» демекші, Нұрлыбек екеуміз өмірге екі ұл, төрт қызды әкеліп тәрбиелеудеміз. Байлығымыз, барымыз осылар. Балалар кішкентай кезінде жолдасым екеуміз бірге жұмыстың барлығын істейтінбіз. Жас кезімізден бір-бірімізге демеу болып, әрдайым қолдау білдіріп келеміз. Қазір шүкір, көмекшілеріміз балаларымыз. Ұлдарым әкесімен бірге егінжайда, мал басында жүреді. Әкесінің тілін алып, техника жүргізіп, қолғабыс етеді. Қыздарым менің жанымда үй шаруасына көмектеседі.
Үй іргесіндегі жерімізді де тиімді пайдаланып, жеміс-жидек, көкөніс егеміз. Картоп, қызанақ, қияр, жүгері егіп, табиғи өнімді тұтынамыз. Балаларымыздың денсаулығына аса мән бергендіктен пайдалы нәрселерді тұтынған дұрыс деп есептейміз. Есік алдында алмаларымыз пісіп тұр. Жүгеріні де пісіріп, дастарқанға қоямыз.
Ал, ұлттық тағамдар мен сусындар біздің үйден үзілмейді. Айран, сүт, құртты жасап қоямыз. Қымызды жыл сайын әзірлейміз.
Әр баламыздың мінезі әртүрлі. Мінез-құлқы, қызығушылығы, болмысы бір-біріне ұқсамайды. Бірі тұйық болса, бірі ашық мінезді. Барлығы сабақтарын жақсы оқиды. Ішінде Нұрбаламыз өнерге жақындау, – дейді Гүлнар Бейбітқызы.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөзге сүйенер болсақ, жанұядағы мейрімділік, өзара сыйластық баланың жақсы тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Әкенің мейірімділігі, ананың парасаттылығы ұрпағын дұрыс жолға сілтейді. Осы ретте, Қалабаевтар жанұясының отбасылық ұстанымы, бала тәрбиесіндегі ерекшеліктері осы адами қасиеттерімен ұштасады. Яғни, балаларын иманды, тәрбиелі, еңбекқор, білімді етіп тәрбиелеп, азамат етіп өсіруді көздейді. Ешкімнің ала жібін аттамай, тура жолда, адал еңбек етіп табыс табуды, тірліктің көзін тауып, кез келген істің маманы болуды үйретеді.
Бала – өмірдің қызығы, өмірінің жалғасы. Осы ретте, күреңбелдік көпбалалы Нұрлыбек Тортайұлы мен Гүлнар Бейбітқызы бүгінде төрт немеренің сүйікті ата-апасы атанып отырған жайы бар. Тұла бойы тұңғыштары Жанна ұстаздық жолды таңдаған, яғни ағылшын тілі пәнінің оқытушысы. Тараз қаласында тұрмыста. Ал, екінші қыздары Ақнұр Шымкент қаласында тұрады. Қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істейді. Ортаншы қыздары Диана биыл Тараз мемлекеттік университетін тамамдаса, Нұрбала Қарағанды мемлекеттік университетінің 4 курс студенті. Ұлдары Ернар 11 сыныпта оқыса, Еркебұлан 13 жаста.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close