Basty bet

Конституция – мемлекет пен қоғам тұрақтылығының кепілі

Еліміздің ең жоғары заңдық күшке ие негізгі құжаты – Конституция. Ата Заңымыз еліміз үшін қиын кезеңдерде қабылданып, қалыптасқан күрделі мəселелерді шешудің түйінді формуласы ретінде орнықты. Осылайша, демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекетке тəн ортақ құндылықтардың қорғалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, елдегі қоғамдық-саяси құрылымның құқықтық сипатын негіздеп, адам мен азаматтың конституциялық мəртебесін айқындап берді. Сондықтан, осыдан 25 жыл бұрын республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы ел дамуының басты құқықтық қозғаушы күшіне айналды.

Егемен Қазақстанның бүгінгі бағындырған белестерін, жаңа бағытқа жасаған əр қадамындағы сенім серпінін ел Конституциясымен сабақтастыра қараған жөн. Құқық қорғау, оның ішінде ішкі істер органдарын жаңғыртудың жүйелі стратегиясы да Конституция қағидаттарын бағдар ете отырып, азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету талаптарын жетілдіруде.
Еліміздің полиция органдары – құқық қорғау құрылымдарының ішіндегі саны жағынан алғанда ең іргелісі. Сол себепті, заңдылықты жəне құқықтық тəртіпті күзетуге жауапты орган ретінде азаматтармен тығыз байланыста қызмет етіп, қылмысқа қарсы күрестің алдыңғы шебінен табылуға тиіс. Біздің қызметтің бұл ерекшелігі Конституция ең қымбат қазынамыз деп айқындаған адам жəне адамның өмiрiне, оның құқықтары мен бостандықтарына қол сұғылмауын қадағалауды міндеттейді.
Осы тұрғыдан алғанда ішкі істер органдары Ата Заңның басты қағидатының іске асырылып, азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына күш салып келеді.
Құқық қорғау жəне сот жүйесінің алдына қойылып отырған ең басты міндет – қазақстандықтардың құқығын əділ, əрі тиімді қорғауды қамтамасыз ету. Сондықтан, азаматтардың конституциялық құқығын жəне азаматтардың бостандығын, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғау – полиция қызметінің бағдар ұстар темірқазық міндеті. Осы талаптарға сай болу үшін құқық қорғау органдары оң өзгерістерге, жаңғыру жолына бағыт нұсқаған реформаларды кешенді түрде жүзеге асыруда.
Соңғы жылдары құқықтық база қайта сүзгіден өтіп, біздің қызметімізді ілгерілетуге ықпал ететін тың нормалармен толыққаны белгілі. Осы жұмыстар аясында төрт бірдей әкімшілік-құқықбұзушылықтар туралы, Қылмыстық, Қылмыстық процестік жəне Қылмыстық атқару кодекстері жаңа редакцияда қабылданды. Негізгі басымдық ретінде қылмысқа қатысты саясат ізгілендіру сипатына ие болғанын, қызметтердің қайталануы жойылғанын атап айтқан жөн. Бұдан бөлек, «Ішкі істер органдары туралы» жаңа Заң қабылданды. Осы заңның арқасында полиция қызметкерлерін əлеуметтік қорғау, ақшалай қамтамасыз ету секілді бірнеше оң өзгерістер көрініс тапты.
Конституция – мемлекеттік билік пен басқаруды жүйелеуге ғана емес, түбегейлі реформаларды жүзеге асыруға да серпін беретін басты құжат. Онда көрсетілген негізгі қағидалар бізге жоғары құқықтық мəдениетке ұмтылу қажеттігін көрсетеді. Бұл азаматтарға да қойылар талап болғанымен, полиция қызметкеріне келгенде заңдылық пен тəртіптің сұрауы салмақты. Себебі, тəртіп сақшысының формасын киген адам осы жауапкершілікті терең сезіне отырып, өзінің кəсіби шеберлігі мен азаматтық құндылығын дамытуға күш жұмсауы керек.
Сонымен қатар, заман құбылып, жаңа технологиялар қарқыны үдесе де полиция қызметкеріне қойылатын негізгі талаптар – жалпы адамзаттық құндылықтар ретінде бағаланатын адалдық, жауапкершілік жəне сауаттылық қасиеттері құнды болып қала бермек. Ал осы талапқа жауап бере алатын қызметкер дайындау – біздің ведомстволық оқу орындарының жүйесі де, сондай-ақ қызмет өткеруді ұйымдастыру саласы да мақсат етіп қойған міндет.
Ішкі істер органдары қай кезде де азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылмауын қадағалап, олардың алдын алу шараларын жүйелі жүргізуге жауапты. Бұл – біздің қызметтің бұлжымас бағдары.
Азамат ішкі істер органдарының қызметін өз құқығының қорғалу деңгейі арқылы бағалайды. Сондықтан, Конституция айқындап көрсеткен демократиялық қағидалардың жəне құқық үстемдігінің орнауы – кез келген азаматтың еркіндігі мен қауіпсіздігіне кепіл болады. Сондай-ақ, «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді даму стратегиясында құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыру керектігі атап көрсетілген. Онсыз тəртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік қағидасын қалыптастыру əрі жемқорлықты түбірімен жою міндеттерін шеше алмаймыз деп айтқан еді.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» – Ұлт жоспары құқық қорғау, оның ішінде ішкі істер органдарының алда атқарар ауқымды əрі маңызды реформалар тізбегін жүйелеп ұсынған құжат болды. Аталған жоспарда кəсіби мемлекеттік аппарат құру үшін мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық нормасын əзірлеу, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу, оларға қойылатын кəсіби талаптарды күшейту міндеттері белгіленген.
Ішкі істер органдары айқындалған бағыттар аясында бірқатар жұмыстар атқаруда, дегенмен Ұлт жоспарына сай нақты шараларды пысықтап, дамыта түсудің мəні зор. Себебі, заңның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметіне де маңызды міндеттер жүктеліп отыр.
Полиция қызметкерлерін іскерлік қабілеттері негізінде іріктеу, оларды мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу талаптары артуда. Сонымен қатар, жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру мəселелері де талқылануда. Өйткені, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету – өзекті.
Осы мəселені шешуде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мақсатында ішкі істер органдары қызметкерінің іс-əрекетіне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі Қоғамдық кеңес жүйесін құруға маңыз беріліп отыр. Бұл мемлекетімізді одан əрі дамытудың бірден-бір кепілі – Конституцияның құқықтық негізінен тамыр тартқан талаптар. Себебі, кез келген бастама Ата Заңда айқындалған ережелермен астасқанда ғана жетістікке жетпек.
Алдағы мақсат – бұрынғыдан да айбынды, яғни əлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Қазақстанның əлемдік аренадағы жетістіктерінің жəне экономикалық өрлеуінің түпқазығы – Ата Заң қағидаттарының қалтқысыз орындалуында жатыр деп білеміз. Ел Конституциясы 25 жыл бойы мемлекет пен қоғам тұрақтылығының жəне оның өркендеп, дамуының, халқымыздың болашаққа деген сенімінің кепілі болып келеді.
Ата Заңымыз «Мəңгілік Ел» идеясын ақиқатқа айналдыруға бет түзеген Қазақстанның айшықты бейнесін бедерлеп қана қоймай, оның əлем алдындағы беделін даралап көрсетуге əлі де зор ықпалын тигізері анық. Сондықтан, оның саяси-құқықтық салмағын терең түсініп, құндылығын бағалай білу маңызды.

Дәурен СӘПИЕВ,
Жуалы ауданы полиция бөлімінің бастығы,
полиция полковнигі

Таңдаулы материалдар

Close