Basty bet

Халықтың талап-тілегіне сергек қарау қажет

Облыс әкімінің өкімімен бекітілген аудан, ауылдық округтер әкімдерінің жұмыс алгоритміне сай аудан әкімі Нарбай Ергебеков өткен аптада аудан орталығымен ірлелес жатқан Мыңбұлақ ауылдық округіне барды.
Аймақ басшысы жұмыс сапарын өңірдегі байырғы білім ордаларының бірі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің жұмысымен танысудан бастады. Қабырғасында 1922-24 жылдары Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы оқыған мектеп 2009 жылы ашылған типтік ғимаратта орналасқан.

Мектеп директоры Азамат Әбеевтің баяндауынша, жаңа оқу жылында мектепте 19 сынып комплектіде 276 оқушы, ал даярлық тобында 51 оқушы білім алуда. Оларға 97 ұстаз білім беруде. Карантинге байланысты оқу процесі әр ұстазға бөлек дайындалған кестемен ұйымдастырылуда. Пәндерді оқыту ұзақтығы 10 минуттан белгіленген. Бастауыш сынып оқушылары үшін оқыту штатты режімде өтуде. Олар екі ауысымда 19 кезекші сыныпта оқытылса, 5-11 сынып аралығындағы 389 оқушы онлайн режімінде қашықтан білім алуда.
Нарбай Әбілқасымұлы коронавирус пандемиясына байланысты мектепте санитариялық талаптардың сақталуына баса назар аударды. Жалпы мектеп санитариялық талаптарға сай безендірілген, қабырғада арақашықтық сақтау туралы ескертпелер, оқу бөлмелеріне кіру-шығу бағыттары, кабинеттерде шахмат тәртібімен отырғызылған, бір партаға бір баладан, кабинеттің сыйымдылығына қарай үлкен сыныптарда 15, кіші сыныптарда 10-12-ден отырғызылған. Медициналық бетпердемен жүру қатаң талап етілген, медициналық жабдықтармен, антисептикпен, санитайзермен қамтылған. Келуді шектеу үшін аулада «Бөгде адамдардың, ата-аналардың кіруіне рұқсат жоқ» деген ескерту тақтайшасы ілініп, кезекші ұстаз медбикемен бірге күтіп алуда.
Ұлдар мен қыздарға арналған 12 орындық әжетхана құрылысы аяқталып, іске қосылған. Әжетханаға ауа тазартқыш қондырғы орнату қажет.
Аудан әкімі орта мектептің акт залында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Жүздесу барысында Нарбай Әбілқасымұлы әлем елдерін жайлаған коронавирустық инфекцияның адамдардың күнделікті тыныс-тіршілігіне елеулі өзгерістер әкеліп отырғанын, соның салдарынан мемлекеттер арасындағы шекаралар жабылып, барыс-келіс пен алыс-берістің шектеліп отырғанын жеткізді.

– Осыған дейін азық-түлік, жеміс-көкөністің бір бөлігін көрші елдерден тасымалдап келсек, енді оларды өзімізде өндіру, өңдеу қажеттігі туындап отыр. Әр тұрғын үй іргесіндегі бау-бақшасын игеруге ден қойғаны абзал. Ағын судың тапшылығын еңсеру мақсатында биыл жазда «Аудан орталығы мен іргелес елді мекендердің қосалқы шаруашылықтарын суландыру» жобасын қолға алып, Ақсай өзенінен бері қарай су құбырын салудамыз. Алдағы жылдан бастап осы арнаның суын пайдаланатын боласыздар. Ол үшін әр ауылдық округ әкімдері өз аумағындағы арық-атыздарды тазалап, су беруге дайындауы қажет, – дей келе, тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне ден қойды.
Ауыл тұрғыны Бекболат Өтегенов бау-бақшаға ағын судың жетіспеушілігі мәселесін көтерсе, Мұхтар Сыдығалиев қоқыстардың әлі де кездейсоқ орындарда және полигонға жетпей жолай бей-берекет тасталатынына, одан зиян адамдардың зиян шегіп отырғанына алаңдаушылығын білдірді.
Нарбай Әбілқасымұлы осы ретте ауылдық округтің әкімі Ғабит Үмбетәлиевтің жұмысын сын тезіне алып, тұрғындардың талап-тілегіне сергек қарау қажеттігін ескертті.
Аудан басшысы одан кейін ауылдық округтің орталығы Көлбастау ауылының сыртында орналасқан қоқыс тастау полигонына келді. 2014 жылы пайдалануға берілген қоқыс полигоны «Жасыл Жуалы» МКК теңгерімінде. Аумағы 2,0 гектарды құрайтын қоқыс полигонының аумағы 2018 жылы сырты қоршалған.
Округ әкімі Ғабит Үмбетәлиев жеке кәсіпкермен жасалған шартқа сай аптадағы белгіленген күні ауыл көшелерінен жиналған тұрмыстық қалдықтар осы полигонға тасталып жатқанын, полигонның төңірегіндегі тазалыққа бір қоғамдық жұмысшы жауапты болып бекітілген.
Нарбай Әбілқасымұлы бүгінгі талапқа сай қоқыс тастау полигонын жауып, қоқыстарды аудандық орталық полигонға шығару қажеттігін еске салып, ауылдық округ әкімі Ғабит Үмбетәлиевке осы жұмысты тезірек аяқтауды тапсырды.
Нарбай Ергебековтің сапары әрі қарай Талапты ауылындағы №22 Бауыржан Момышұлы ауылындағы орта мектепте жалғасты. Мектеп басшысы Руслан Сайлаубаевтың айтуынша, білім ордасы жұмысын штатты режімде жалғастырғанымен, сақтық шараларын қатаң ұстануда. Барлық қабаттарда қолды өңдеуге арналған санитайзерлер орнатылып, әр сынып белгілі бір кабинетке орналастырылған.
Мектеп оқушыларынан 11 сынып-жинақтары қалыптастырылған. Әр сыныптағы білім алушылардың саны 15 оқушыдан аспайды. Балаларды сыныптарда барлық нормаларды сақтап отырғызу, яғни «бір сынып – бір кабинет» қағидаты бойынша оқыту қамтамасыз етілген.
Талапқа сәйкес әр кабинеттегі оқу үстелдері 1 метр арақашықтықта орналастырылған. Әлеуметтік алшақтық пен физикалық байланысты барынша азайту үшін ауысым көлемін ұлғайтып, сабақтың басталуы мен аяқталуы, пәнаралық үзілістер әртүрлі уақытта ұйымдастырылған. Сонымен қатар оқушылардың есіне түсіріп тұру мақсатында мектеп дәліздері мен едендерінде «Арақашықтықты сақтаймыз» атты арнайы жапсырма белгілері қойылған.
Аудан басшысы мұнда да әжетхананың жабдықталуына назар аударды. Бірінші және екінші қабаттарда орналасқан екі әжетханада бір орыннан ғана бөлінгенін байқаған Нарбай Әбілқасымұлы қосымша тағы бір унитаздан орнату қажеттігін ескертті.
«Балауса» балабақшасында болғанда да Нарбай Әбілқасымұлы мектепке дейінгі мекеменің тыныс-тіршілігімен және санитариялық талаптардың сақталуына назар аударды.
Аудан басшысы мектеп ауласында бір топ тұрғынмен ауылдың жағдайы мен тұрмысы жайлы әңгіме-сұхбат құрды. Тұрғындар ауылға Ақсайдан келетін ағын судың көлемін ұлғайту қажеттігі туралы ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Мыңбұлақ өңіріндегі Орақ-балға ауылында туып-өскен жерлесіміз, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай Баукеңнің кіндік қаны тамған Момышбұлақ бұлағының айналасын қоршау, көркейту, стелла орнату секілді жұмыстар қолға алынған. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жолай Момышбұлаққа аялдап, демеушілердің көмегімен атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Бұлаққа және стеллаға апаратын жолдарға жалпақ қалың тастар төселіп, бастауға түсетін еңіске баспалдақ жолдар орнатылған.
Бұлақ басын абаттандыру жұмыстары Батырдың 110 жылдық мерейтойына дейін толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Осы ретте аудан әкімі Нарбай Ергебеков өзінің орынбасары Асхат Жабағы мен ауылдық округ әкімі Ғабит Үмбетәлиевке құрылыс жұмыстарының қарқынын жеделдетуді тапсырды.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close