Basty bet

Бас құжаттың басым бағыттары айтылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауымен танысқаннан кейін халықтың көңілі орнына түскендей. Олай дейтініміз, дәл қазір халықтың көкейінде бір-ақ сұрақ. Ол – пандемияның салдарын қайтсек еңсереміз, ертеңгі күніміз бен балаларымыздың болашағы қалай болады деген мәселелер. Президент бұған дейін де халыққа арнаған Үндеулері мен Мәлімдемелерінде халықтың алаңдауына еш негіз жоқ екенін баса айтып келеді. Себебі, коронавирустық инфекцияға байланысты елде қалыптасып отырған күрделі жағдайға қарамастан мемлекет халық алдындағы әлеуметтік, басқа да міндеттемелерін толықтай орындап отыр.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Осыған байланысты Президент Жолдауында: «Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатын болады.
Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Біз қазіргі қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Дегенмен, еліміздің жаңа геосаяси ахуалдағы ұзақ мерзімді дамуын естен шығармауымыз қажет» делінген.
Кеше аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев Президенттің жаңа Жолдауын тұрғындарға түсіндіру және осы бағытта ой бөлісу мақсатымен Мыңбұлақ ауылдық округіне барды. Округ тұрғындарымен кездесуге сонымен қатар, аудан прокуратурасының және аудандық әкімдіктің жауапты қызметкерлері қатысты.
Ауылдық округ әкімі аппаратында өткен жиында алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары Е.Қалмұрзаевқа берілді.
-Құрметті ауылдық округ тұрғындары. Біздің сіздермен кездесудегі басты мақсатымыз – ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауымен таныстыру болатын. Президенттің жаңа Жолдауының еліміз үшін күрделі кезеңде жарияланып отырғанын бәріңіз білесіздер. Қазір әлемде саяси және әлеуметтік ахуалдың ушығып тұрғанын жасыра алмаймыз. Соған қарамастан біздің елде саяи және ұлтаралық қатынастарды тұрақты ұстауға, сонымен қатар, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр.
Президент Жолдауда ең алдымен мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне тоқталды. Өйткені бұл саладағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызы зор. Президент ең алдымен мемлекеттік басқаурға, кадр саясатына баса көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты таяу жылдары мемлекеттік қызметшілердің саны қысқартылып, олардың айлық жалақылары көбейетін болады. Одан бөлек, бұл саладағы шығындарды барынша азайту бағытында да жұмыстар жасалуда.
Сонымен қатар, алдағы уақытта ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлайтын болады. Мәслихаттың отырыстарын халық онлайн түрде көріп отырады. Одан басқа да саяси реформалардың жүзеге асуы жалғасын табады. Мұның бәрі ең алдымен халыққа тиімді болмақ. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында да бірқатар жұмыстар атқарылмақшы. Жолдауда айтылған жақсы жаңалықтың бірі ретінде алдағы жылдары ұстаздар мен дәрігерлердің айлық жалақылары еселеп өсетіндігін айтуға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, көптің көкейінде жүрген жерді пайдалау мәселесін де кеңінен қозғап, қасиетті жеріміздің шетелдіктерге берілмейтіндігіне нүкте қойды. Жолдауда халық өмірін жақсартуға бағытталған бірнеше басым бағыттар бар. Оны көңіл қойып түсініп, Жолдаудан туындайтын міндеттерді сапалы атқаруға күш салуымыз қажет,- деді Ернұр Маратұлы.
Басқосу барысында аудандық прокуратураның аға прокуроры Елдос Ахметов жалпы аудан көлемінде ұлтаралық татулықты сақтау, ұлттар арасындағы сыйластық пен достықты бекіте түсу керектігін еске салды. Одан бөлек, өзге ұлттардың жұмысқа орналасу, тағы да басқа мәселелерде проблемалар туындап отырмағанына ауыл әкімі арқылы көз жеткізді. Өз кезегінде Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбетәлиев округ тұрғындарының тыныс-тіршілігін сөз етіп, жергілікті тұрғындардың өзге ұлттармен сыйластығының жоғары деңгейде екенін, соның ішінде қазақ халқы мен әзірбайжан ұлтының өкілдері бір-бірлерімен құдалы-құдандалы болып отырғанын да тілге тиек етті.
Айта кету керек, Президент Жолдауын насихаттаған жиынның аясында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков, аудандық әкімдіктің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлайна Сейдалиева сөз алып, өз салалары туралы кеңінен әңгімеледі. Олар негізінен Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ұлтаралық татулықты нығайтуға, халықты жұмыспен қамту мәселелерінен басымдық беріліп отырғандығын жеткізді.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close