Basty bet

Елге елеулі еңбек сіңірген

Түктібай ауылының қадірменді қариясы, еңбек озаты Әбзелбек Тәтековтың еңбек жолы көпке үлгі-өнеге

«Әр ауылда, әр ұжымда, әр ортада ағалар кеңесі, ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымдары қызмет жасаса, елдік қасиеттеріміздің еңсесі көтеріліп, ұлы дәстүрлеріміз одан әрі дами бермек, Көпке ақылын айтып, жұртқа жағымды мінезімен көрінетін қарияларымыз қай жерде де бар. Тыңдар құлақ, көрер көз болса, оларды тауып, ортаға тарту керек. Орайы келгенде кеңесіп, ел болудың пайымын бірлесе ойластырса, халықшыл қасиетіміз жаңаша қырынан жарқырай көрінеді».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

«Туған жердей жер қайда, туған елдей ел қайда» деген сөз бекер айтылмаса керек. Туған ел мен туған топырақтың қасиетіне бас иіп, саналы ғұмырын туған елінің дамуына арнаған азаматтар арамызда аз емес.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұла дала ұлағаттары» еңбегінде еңбектің қадірі, елге еңбек сіңірген дала еңбеккерлерінің өмірі туралы кеңінен айтылған. Мысалы Елбасы аталған еңбегінде былай дейді:
«Кезінде кең байтақ елімізде еңбегімен де, ақыл-парасатымен де өзамандығының қыр-сырын қапысыз меңгерген аға-апаларымыз болды. Олардың бірталайы қазір де Отанымыздың дамып, өркендеуіне шынайы ақыл-кеңестерімен елеулі үлес қосуда. Өз кезеңінде дала академиктері атанған еңбек қаһармандары Шығанық Берсиев, Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев, Нұрмолда Алдабергенов, Ұлбала Алтайбаева, Сәлима Жұмабекова, Зылиха Тамшыбаева, Кәмшат Дөненбаева, Жолсейіт Молдасанов секілді жүздеген үздіктер елдің даңқына даңқ, абыройына абырой қосып, жастарымыз еліктейтін ерен тұлғаларға айналды. Бұлар өз мамандығының топжарғандары еді. Олардың қай-қайсысы да еңбегі мен ақыл-парасаты қатар тоғысқан жандар болатын. Бүгінгі күні олардың игі істерін, іргелі жолын жалғастырып келе жатқан келесі толқын да осы биіктен көрінуде. Бұл толқын жалғаса, жаңара береді».
Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев «Ұла дала ұлағаттары» еңбегінде тілге тиек еткен осындай еңбек озаттары сияқты Әбзелбек Тәтеков те ел дамуына бар өмірін арнаған жан. Әбзелбек Тәтекұлы 1937 жылы 15 мамырда Жуалы ауданына қарасты бұрынғы Қызылкүншығыс ауылында дүниеге келген. Әкесі Тастан (Тәтек) Бұзаубақов, анасы Бүбіжан Бұзаубақова шаруа кісілер болған. Әбзелбек дүние есігін ашқанда ел өмірінде өте қиын кезең болатын. Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тұспа-тұс келіп, 1943 жылы әкесі майданға аттанып кете барады.
– Соғыс кезінде мен әлі қабырғасы қатпаған бала болатынмын,- деп бастады әңгімесін еңбек ардагері Әбзелбек Тәтекұлы. -Әкем соғыста. Украина майданында болған әкем 1945 жылы Черногов қаласында қатты жараланады. Әкемнің өзінің айтуы бойынша, снарядтың жарықшағы тиіп, содан есінен танып қалған. Сөйтіп айдалада тоғайдың ішінде үш күндей жатқан екен. Үш күннен соң оны тоғай маңында тұратын бір отбасы тауып алып, үш ай бойы бағады. Кейіннен елге оралды. Бірақ екі көзінен айырылып, мүгедек болып қалды.
Біз қиыншылықты көп көрдік. Өгізбен жер жыртатынбыз. Есекке бидай артып, аудан орталығындағы қырманға талай мәрте апарғанбыз. Сатылы арба айдап, колхоздың шөбін тасыдық. Арасында мал да бақтым. Үйдің үлкені мен болғандықтан кішкентайымнан еңбекке ерте араластым. 1947 жылы «Қызылкүншығыс» бастауыш мектебінің табалдырығын аттадым. 1951 жылы бастауышты тамамдап, жаңа ашылған «Күйік» жетіжылдық мектебінде оқуымды жалғастырдым. 1956 жылдың қыркүйек айында әскер қатарына шақырылдым. Бір жыл уақыт Беларусь ССР Могилев облысының Бобруйск қаласындағы №62117 әскери бөлімде міндетімді мінсіз атқардым. Үй ішіме әскери бөлімнен мақтау қағаздары да келіп тұрды. 1957 жылы арамыздан ата-анасы сотталмағандардың балаларын тізім бойынша теріп алып, Ресейге қарасты Архангельск облысы Плесецкий ауданының ну орманды жерінде орналасқан №68017 құпия әскери бөлімге ауыстырылдым. Осылай үш жыл Отан алдындағы міндетімді орындап, қазан айында аман-есен ауылға оралдым.
Содан Әбзелбек араға екі ай салып 1960 жылдың қаңтар айында ТуркВО-ға қарасты «Бурненский» совхозының №3 бөлімшесіне жұмысқа орналасады. Алғашқыда-ақ елгезектігімен, ұғымпаздығымен басшылардың көзіне түскен ол картоп суарушылар звеносының жетекшісі болады. 1960 жылдан бастап еңбек етумен қатар совхоздың №3 бөлімшесіндегі комсомол жастар комитетінде комсорг міндетін қоса атқарады. Ауыл өміріне бей-жай қарамайтын талапты жастың аудандық «Жаңа өмір» газетінде ауыл және адамдар өмірін өзек еткен мақалалары дүркін-дүркін жарияланып тұрады.
-Баспа беттерінде бірнеше рет сай-салада отырған қазақы ауылдың мәселесін көтердім. Тұрғын үйлерді салу үшін жер бөліп, көше тілдіру қажеттігін айтып, жаңашыл бастама көтердім. Сонымен бірге өз ауылымызға балабақша, мектеп, жастар баратын орын мәдениет үйін салуға көңіл бөлулерін сұрап мақала жаздым. Баспасөз беттерінде жарияланған өзекті мәселеге орай 1961 жылы ауданнан арнайы комиссия құрылып, игі іске қолдау көрсетті. Сол құрылыс нысандарының іргетасын алғашқылардың бірі болып өзім қаластым. Онда ата-бабаларымыз әр бұлақтың, сайдың жағаларында әулет-әулет болып, бөлек-бөлек отыратын. Бала кезімде-ақ оларды бір ауылға топтастырсам деген арманым болды. Сол арманыма жеттім деп ойлаймын.
Біздің тұрып жатқан қазіргі Түктібай ауылы 1961 жылы құрылған болатын. Алғашқы көшелерді тілу барысында көпшілік болып ақылдасып, ортаңғы көшені кең етіп жасадық. Өйткені орталық көшеде қозғалыс көп болады. Ауыл болып топтасқан жылы Юрий Гагарин ғарышқа ұшты. Сол оқиғаның құрметіне ауылымызды Гагарин ауылы деп атадық. Кейіннен еліміз тәуелсіздік алған тұста ауылымыздың атын Түктібай ауылы деп қайта өзгерттік. Еңбектің арқасында жаман болған жоқпыз. Барлық қоғамдық жұмыстарда белсенді, совхоздың алдыңғы қатарлы картоп өсіруші еңбеккері болдым. 1994 жылы осы совхоздан зейнеткерлікке шықтым,- дейді еңбек ардагері.
Үздіктің аты қашанда үздік. Озат картоп өсіруші Әбзелбек Тәтековтың ұзақ жылдар еткен еңбектері мен үздік көрсеткіштері туралы аудандық, облыстық газеттің тілшілері, совхоз директоры, кәсіподақ комитеті баспасөз беттерінде ұдайы мақалалар жариялап отырды. 1966 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан «Опыт передовиков в практику» атты кітапқа еңбек озаты Ә.Тәтековтың фотосуреті мен аты-жөні енгізілді. Еңбек озаты ретінде зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай қолына қайта қалам алып, өзінің туып-өскен қазіргі Түктібай ауылы жайында «Туған ауылым – Қызылкүншығыс» атты естелік кітабын жазды. Ауылдың бұрынғы өткен тарихынан сыр шертетін бұл кітап аудандық орталық кітапханада сақтаулы тұр. Кезі келгенде жас еңбеккерлермен тәжірибе бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтудан жалыққан емес.
1960-1994 жылдар аралығында бірнеше дүркін орден, медальдармен, Құрмет грамоталары, сонымен қатар дипломдармен марапатталған. «СССР-дің Халық шаруашылығындағы жетістіктері» үшін күміс медаль және СССР Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысушы куәлігі, бірнеше дүркін «Коммунистік еңбек озаты», «Ерен еңбегі үшін» медалі, ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медальдары, «Социалистік жарыста жоғарғы көрсеткіштері» үшін тағы басқа көптеген марапаттар – еңбек озаты Әбзелбек Тәтековке Кеңес Одағы тұсында берілген екен.
-Одақ тұсында тұтас қоғам еңбек адамын қатты қадірлейтін. Картоп өсірудің арқасында ауданда өтетін жиындарда үнемі сөз сөйлеп, жалынды жастардың алдында жүрдім. Өткен өміріме өкінбеймін. Сол тұстағы жастарды еңбекке, адалдыққа баули алсам, ол менің басты жетістігім. Елге сіңірген еңбегім ескерілмеді демеймін. Мені совхоз, аудан басшылары сол тұстағы ең жоғарғы наградалардың бірі – «Социалистік Еңбек Ері» атағына да ұсынған. Бірақ ол атақ белгісіз себептермен маған бұйырмады. Отбасында Зүбайра Ақбайқызы екеуміз екі ұл, үш қызды тәрбиелеп, өсірдік. Жұбайым жеті жыл бұрын өмірден озды. Ұл-қыздарымнан он төрт немере, жеті шөбере сүйіп, құрметке бөленіп отырмын,- дейді еңбек озаты.
Әбзелбек қария Түктібай ауылында өзі тұрғызған қара шаңырақта кенже ұлы Ердәулет пен келіні Гүлдананың қолында тұрып жатыр.
«Халқыңа қадірлі бол қартайғанда, Кім әкеліп береді жантайғанда» деп жырлайды Алатаудың ақиығы болған ақын Кенен Әзірбаев. Ал адам қартайғанда қайтсе қадірлі болмақ? Әлбетте еңбек ету арқылы, үлкенді сыйлау арқылы, саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу арқылы. Біздің кейіпкеріміз еңбек ардагері Әбзелбек Тәтеков біз айтқандардың барлығынан сүрінбей өткен жан. Ұл-қыздарының барлығы жоғары оқу орнында оқып, әр салада жетістікке жеткен азаматтар. Осы орайда еңбек озаты Әбзелбек Тәтековке ауданға сіңірген ұзақ жылғы еңбегі ескеріле отырып «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе, еңбек адамына жасаған құрметіміз болмай ма?! Ел құрметіне бөлену – елге еңбек сіңірген ерге ғана бұйырған бақ. Ендеше, еңбек ерлерін көзі тірісінде құрметтеп жүрейікші, ағайын!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close