Basty bet

Асфальт беті неге ала-құла?

«Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында биыл жазда өңірде қыруар тірліктің басы қайтарылғаны мәлім. Соның арқасында ауыл-аймақтарда өзекті болып келген газдандыру, ауызсу құбырларын тарту, көше жолдарын жөндеу және басқа да проблемалар шешімін табуда.

Біз өз тарапымыздан осы объектілердегі құрылыстың барысы мен сапасы туралы мүмкіндігінше мол ақпарат беруге тырыстық. Халықтың пікірімен санаспай, бұра тартқан мердігер ұйымдардың әрекетін сын тезіне алып, істің түзелуіне септігімізді тигіздік деген ойдамыз.
Мердігер «L-Vita Temp stroy» ЖШС аудан орталығындағы 13 көшені орта жөндеуді өз міндетіне алған. Жалпы, оның салған жолдарының сапасы нашар деуден аулақпыз. Ал, Қонаев көшесі туралы бөлек әңгіме қозғауға тура келеді. Бұл жоба көптің көз алдында атқарылды. Өйткені, көше орталыққа жақын орналасқан, бойында әлеуметтік мекемелер көптеп шоғырланған. Оған қоса, іргелес Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылымен байланыстыратын негізгі қатынас жолдарының бірі. Сондықтан да ерікті-еріксіз мұнда талайлардың жолы түсіп, көңіл бұратыны анық.
Айта кетерлігі, мердігер жалпы ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын көше жолын орта жөндеуге уақтылы кіріскенімен, оны мерзімінде тапсыра алмады. Шамамен бір айдан астам уақыт объект басында үздіксіз жұмыс жүріп, жұмысшылардың қайла-күректерінің сыртылы мен техникалардың гүрілінен құлақ тұнғандай болған. Осы мезгілдің ішінде асфальт жамылғысының бірнеше қатпары сүріліп тасталды. Жолдың бір жиегін бойлай суағар науалар қондырылды. Істің шапшаң қарқын алғанына көше тұрғындары да қуанып, жұмыстың тезірек біткеніне тілеулес болып жүрді.
Алайда, осымен жұмыс уақытша тоқтап, жаздай қимылсыз жатты. Осы аралықта тұрғындар желмен жол табанынан көтерілген шаң-тозаңмен тыныстауға мәжбүр болды. Содан мердігер уақыт таянғанда бой көрсетіп, жолдың үштен бірін ғана төсеп, қалған бөлігін араға екі апта салып аяқтады.
Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралаповпен бірге көше бойымен жүріп өтіп, жұмыс сапасына қанықтық. Көше тұрғындарымен де тілдестік.
– Ауылішілік көше жолы төртінші санатқа жататындықтан, оның ені 4,5-5 метр болуы тиіс еді. Біз көше бойында көліктер мен адам аяғы көп болатынын ескеріп, асфальттің енін төменгі жақта 6, ал орта және аяқ тұсында 5 метрге төсеуді сұрандық.
Объектідегі құрылыстың аяқталу мерзімі қыркүйек айының 11-іне белгіленген. Алайда, карантинге байланысты мердігер мерзімді бір аптаға ұзартуға өтініш білдірді. Заңнама талаптарына сай әр кешіктірген күні үшін тиісті шаралар қолданылатын болады. Қазір атқарылған істің кем-кетігі саралануда. Оны техникалық бақылаушы «Амаль» ЖШС, авторлық қадағалаушы «Тараз Дорпроект»» ЖШС де назарда ұстауда, – дейді ауыл әкімі.
Асфальт жамылғысының бұрын және кейін төселіп, түйіскен тұсында және одан әрі орта шенінің әр жерлерінде ала-құлалық байқалады. Оны біртегіс етіп төсеу қажет еді.
7-8 жұмысшы көшенің екі қапталының жиегін жайластырып, төселген қиыршықтасты тегістеп жүр екен. Ескі асфальт жамылғысының ірі қалдықтарын тиегіштің шөмішіне тиеп, ауыр жүк машинасына артуда.
Біз пікірін білмек болып, тілдескен көше тұрғыны Амангүл Қуантаева жолдың сапасы көңілінен шығатынын айтса, Владимир Водопьянов жасап жатқан жол жиегінің тым енді, оны қысқарту керек деп есептейді. «Себебі, көше бойындағы көп үйлер жолдың деңгейінен төмен орналасқандықтан, ауласына су кету қаупі бар» дейді тұрғын.
Ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов осы ретте асфальт бетінде судың тұрмауы әрі төмендегі аулаларды су шаймауы үшін жолдың арық жүйесіне қарай қиялай салынғанын еске салды. Дегенмен, тұрғындар тілегі ескерілетінін жеткізді.
Мердігер демеушілік көмек есебінен орталық мешіт пен саябақтың алдына автокөлік тұрағын салып беріпті. Ауыл әкімі мердігердің оған қоса әлеуметтік мекемелердің тұсына жиектастар орнатып беруді, арық жүйесін Латикант көшесінен Толымбаев көшесіне, одан әрі қарай сайға жеткізуді міндетіне алғанын айтады.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close