Basty bet
Атқарылған жұмыстар бойынша есеп берілді
«Достық» мәдениет үйінде аудандық мәслихаттың кезекті жетпіс екінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудандық мәслихаттың депутаты Руслан Сайлаубаев төрағалық етті. Сессияға аудан әкімі Нарбай Ергебеков қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудандық мәслихат хатшысының атқарған жұмыстары туралы есебі. Аталған мәселе бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков баяндама жасады.
-Депутат – үлкен жауапкершілікті арқалайтын, қарапайым жұртшылықтың үніне құлақ асып, игі істерге бастайтын, халық таңдап, сайлаған сенімді өкіл.
2016 жылдың 24 наурызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауда алтыншы шақырылған Жуалы аудандық мәслихатының 13 депутаты 38 сайлау учаскелерінен сайланды. Алтыншы шақырылған мәслихат сессиясымен мәслихат хатшысы сайланды.
Депутаттардың арасында түрлі мамандық иелері: мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер, экономистер, техник, механик, су ресурстары және суды пайдалану өкілдері бар. Мәслихат депутаттарының 2-еуі үшінші рет, 8 депутат екінші рет, 36 депутат алғаш рет саланып отыр,- дей келіп, Ерғали Өтемісұлы аудандық мәслихаттың жыл бойы атқарған жұмыстарына егжей-тегжейлі тоқталды (Жуалы аудандық мәслихатының 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы есебінің толық нұсқасы газетіміздің 2 қазан күнгі №73 санында жарияланған).
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша жарыссөзге аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев шықты.
-Есепті жылы аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиялары 16 отырыс өткізді, онда 49 мәселе қаралып, тиісті қаулылар қабылданды. Сессия отырыстарында 61 мәселе қаралды, оның 6-уы жоспарлы,- деді Айбек Елекбаев. – Ағымдағы жылдың есепті кезеңінде халықты әлеуметтік қорғау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мәслихат шешімімен Жуалы ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерлері:
1) 100 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы;
2) тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау – 1 500 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит болып бекітілді.
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекеленген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізілді. Яғни, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балаларға отбасының жан басына шаққандағы табыс көзі күнкөріс деңгейдің бес есесінен аспаған жағдайда ай сайын күнкөріс деңгейдің екі есе мөлшерінде және әлеуметтік мәні бар ауруымен ауырған азаматтарға жылына бір рет арнайы комиссияның анықтауы бойынша, әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Әрі қарай аудандық мәслихат депутаттарының депутаттық сауалнамалары арқылы атқарылған мәселелерге тоқталды. Және мәслихат хатшысы Ерғали Өтемісұлы кез келген жұмысты тыңғылықты атқарып, әр жұмыстың ретіне қарай жаңа бастамалар көтеріп отыратындығы, депутаттар корпусы мен мәслихат аппаратының қызметкерлері қоғамдық шараларға, қайырымдылық шараларға белсенді түрде қатысатындығы жайлы айтып өтті. Күн тәртібіндегі басқа мәселер, яғни аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің атқарған жұмысы туралы есебі; Ақсай, Жетітөбе, Қарасаз және Шақпақ ауылдық округтер әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі және әртүрлі мәселелер. Жоғары да аталған мәселелер бойынша есептер аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралғандықтан, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешім қабылданды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»