Basty bet
Ұстазым, менің ұстазым!
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты ары қарай тәрбиелеп, білім беретін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз” деген сөзі бар. Иә, жас ұрпаққа білім беруден қадірлі мамандық жоқ.
Ұлағатты ұстаздарымыздың төл мерекесіне арналған мерекелік жиын аудандық «Достық» мәдениет үйінде өтті.
Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-Берекелі күз айы қазанның алғашқы аптасында келетін Сіздердің керемет мерекелеріңіз кім-кімге болса да ерекше ыстық.
Ұстаз қай қоғамда, қай заманда болсын қашанда құрметке лайық. Ұстаз – бала жанының бағбаны. Сондықтан әрдайым шәкірттеріңіздің құрметіне бөлене беріңіздер. Дендеріңіз сау, ғұмырларыңыз ұзақ, еңбекте абыройларыңыз биік болсын! Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Ұстаздар қауымын аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те құттықтады.
Кезек бірқатар озат ұстаздарды марапаттау рәсіміне берілді.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы төсбелгісімен Көктөбе орта мектебінің мұғалімі Гүлжан Әбіқай, Құрмет грамотасымен Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Әлия Тоғайбаева мен Пушкин атындағы орта мектептің мұғалімі Айнұр Есмаханова марапатталды.
Сонымен бірге, бірқатар ұстаздар облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақтар орталығының, білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының, аудан әкімінің, «Nur Otan» партиясының, аудандық кәсіподақ бірлестігінің Құрмет грамотасымен, Алғысхаттарымен марапатталды. Марапат иелеріне марапаттарын аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы мен аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Өтемісұлы және аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова тапсырды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»