Basty bet
түлектердің туған ауылына тартуы
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жалпы ұлттық патриотизмді қалыптастыруға, азаматтардың өзінің туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Туған жер» бағдарламасын белгілеп берген болатын. Әрбір адамның табан тірер туған жері болады.
Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Әрбір адам үшін кіндік қаны тамған туған жері қашанда ыстық көрінеді. Осы ретте, туған жерлеріне Қарабастау ауылының тумалары, яғни генерал Ғабит Миразовтың бастамасымен Қайрат Есмұратов бастаған ауыл жастары ашық аспан астындағы сахнаны тарту етті.
Өткен жұмада сахнаның ашылуы салтанатты түрде ұйымдастырылды. Сахнаны мерекеге сай безендіріп, ұйымдастырушылары мен ауыл тұрғындары мәре-сәре болды.
Қазақтың ұлттық киімі, яғни кимешектегі әжелер мен сәукелелі қыздар мерекеге көрік беріп тұр. Ауылдағы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін осында жиналып, қуанышты сәтте бір-бірін құттықтап жатты.
Аталған шараға Қарабастау ауылының тумасы, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, генерал Ғабит Миразов, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков қатысты.
Шарада аға буын өкілдері тұрғындарға құттықтауын арнады. Алғашқылардың бірі болып, генерал Ғабит Төреұлы жүрекжарды тілегін жеткізді.
-Ауылдың бірлігімен, ұйымшылдығымен жасалған осындай дүниелер туған жерге тарту етілуде. Ауылымыздың көркеюі және гүлденуі сол жердің тумаларына тікелей байланысты. Қайда жүрсек те, бүйіріміз туған жерімізге бұрып тұрады. Биыл елімізде тарих беттерінде қалатындай оқиға болып жатыр. Аты жаман індет жыл басынан бастап, барлығымызды әбігерге салды. Бірақ, бұл өтпелі құбылыс. Әлі де талай жақсы күндер алда. Ең бастысы, халқымыздың денінің саулығы мен амандығы. Халқымыздың бірлігі. Осындай аумалы-төкпелі уақытта еш мойымай, жастарымыз белсенділік танытып, жұмысты бірлесіп атқарды. Ауылдың көркіне үлес қосу – барлығымызға ортақ іс. Бұл жерде жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, спорттық шараларды ұйымдастыруға арналған орындар салынды. Енді міне, мына сахна салынарда ең бірінші балаларды ойладым. Болашағымыз балалар мәдениетке, өнерге жақын болса екен. Өркениетке құлаш сермеген ауыл болып, тек жақсы күндер болса екен деген ойда жүрдім. Түбінде барлығымыз кіндік қанымыз тамған, өсіп-өнген жерімізге қайтып келеміз. Ауыл жастарының жүрегінде туған жерге деген ыстық ықылас, таза ниет болсын. Қазыналы қарттарымыз аман, еліміз, жеріміз тыныш болсын! – деді ол.
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Өтемісұлы: «Ауылда бір емес, үнемі осындай шаралар өтіп жатады. Оның барлығы ауылдың бірлігі, қариялардың көрегендігінің арқасы, осы ауылдан өсіп-өнген азаматтардың туған жерге деген жүрегінің жылылығы мен көңіл бөлінуін білдіреді. Бұл ауылдың тумалары ауылдың өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне үлкен үлес қосып, түрлі бастамалар бастап жүр. Қазақ халқында «Ел көшсе де, жер көшпейді» деген жақсы сөз бар. Қарабастау ауылы да қасиетті мекеннің бірі» деп тұрғындарды сахнаның ашылуымен құттықтады.
Шарада ауыл қариялары Тұрсынбай Паширов, Мәдіхан Рахманқұлов, Сәдуақас Ділдаханов және Билікөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов сөз сөйлеп, ақ баталарын берді.
Ашық аспан астындағы сахнаның лентасын ауылдың қадірменді ардагерлері Тұрсынбай Паширов және Еңсебек Абсалямов қиып, әжелер шашу шашты.
Шара ары қарай Қарабастау ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен мерекелік концертке ұласты. Концертте облыстық филармонияның өнерпаздарымен қатар, аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері де өнер көрсетті. Сонымен қатар, ауылдың өнерлі жастары, Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің оқушылары көпшілікке өз өнерлерін тарту етті. Мәселен, «Ақтоты» домбырашылар ансамблі күмбірлете күй тартса, Алтынай Түзелбек «Берікқара» өлеңін мәнерлеп оқыды, Сания Тұрсынхан «Еркемін» әнін орындады. Сондай-ақ, осы ауылдың түлегі, ауданға танымал өнерпаз Гүлнар Қашкеева «Қара шаңырақ» әнін орындап, жүректерді тебірентті. Ақ жаулықты әжелер «Бесікке салу» салтын көрсетті. Шарада Төре есімді бүлдіршіннің тұсауын генерал Ғабит Төреұлы кесіп, батасын берді.
Одан кейін ауылдық округтің әкімі Талғат Әмірәлиев ауылға қарайласып жатқан түлектерге алғысын жеткізіп, шараны қорытындылады.
Салтанатты шарадан кейін стадионда жастар кіші футболдан жарысты. Нәтижесінде І орынды «Шанхай» командасы, ІІ орынды «Жылыбұлақ» командасы және ІІІ орынды «Қошмамбет» командасы иеленді. Жүлдегер командалар арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықпен марапатталды. Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде генерал Ғабит Төреұлы жастарға ағалық кеңесін беріп, қашанда жақсы істің жаршысы, мәдениетті, ауылға жанашыр азамат болуға шақырды.