Basty bet
Халықтық коммунистер жиын өткізді
Бауыржан Момышұлы ауылындағы Азаматтық орталықта Қазақстан Халықтық Коммунистік партиясының облыстық және аудандық комитеттерінің басшылары аудан жұртшылығымен жиын өткізді. Оған жергілікті қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен партия белсенділері қатысты.
Жиынды партия облыстық комитетінің бірінші хатшысы Жанат Бастаубаева ашып, саяси ұйымның алға қойған мақсаттары мен қоғамдағы рөлі туралы кең ақпарат берді.
– Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінде партия атынан сайланған жеті депутат өкілдік етуде. Депутаттық фракция жетекшісі мен мүшелері карантин кезінде адамдардың табысының азаюына байланысты қоғамда жиі талқыланып жүрген несие амнистиясы, азық-түлік бағасының шарықтауы, ауылдық аумақтарды дамыту, өнеркәсіпті өркендету сынды мәселелерді қарауға мұрындық болуда. Сонымен қатар, халықтық коммунистер білім беру, қазба байлықтарын игеру салаларындағы тың ұсыныстармен ерекшеленіп отыр. Мәселен, депутат Ирина Смирнова білім саласындағы нәтижесін бермеген қисапсыз реформалардың орнына бұрынғы кеңестік білім беру жүйесін енгізуді ұсынса, Светлана Баймаханова қазба байлықтарына мемлекеттік меншікті қалпына келтіру және т.т. табанды ұсыныстар енгізуде.
Қазақстан Халықтық Коммунистік партиясы Президентке коронавирустық пандемиямен күреске бөлінген қыруар қаражаттың жұмсалуын қоғамдық бақылау туралы ұсыныс енгізіп отыр. Сондай-ақ Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін көтеру, карантинге байланысты жұмысынан айырылған халықтың банк алдындағы несиесін кешіру, тұрмысы төмен азаматтарға, жастарға баспана сатып алуға төмен пайызбен несие беру және т.т. партияның әлеуметтік мәселелер блогын құрайды, -деді Жанат Әбдуәліқызы.
Партия аудандық комитетінің бірінші хатшысы Жәнібек Исаев өзі басқарып отырған ұйымның қызметіне тоқтала келе, партия қатарына өтуге тілек білдірушілер қатарының өсе түсіп отырғанын жеткізді.
Жиын барысында партия қатарына өтуге өтініш білдірген бірқатар жуалылық азаматтарға партия билеттері табыс етілді. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай партияның Орталық комитеті шығарған естелік медальдар да табыс етілді.
Халықтық коммунистер әрі қарай ауданның елді мекендерін аралап, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік пакеттерін үлестірді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»