Basty bet
Баспаналы болып, қуанышқа кенелді
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыс көлемінде “Асар” ата-дәстүріміз қайта жаңғырып, көпшіліктің қолдауымен көптеген мұқтаж отбасылар баспаналы болуда.
Оның ішінде біздің ауданның өзінде жетінші отбасы баспаналы болды. Яғни, кеше Шақпақата ауылында бір отбасыға баспана беру рәсімі өтті.
Ауданымызда басталған ата дәстүріміздің аясында ауылдық округ әкімі, аудандық мәслихаттың депутаты, ауыл ақсақалдары ақылдаса келіп Ынтымақ ауылының тұрғыны жалғызбасты ана Тұрсынкүл Пернебаевға үй сатып алып беру туралы шешімге келген болатын. Бұл шешімді ауыл тұрғындары қолдап, шаруа қожалық жетекшілері, ауылдағы мекеме ұжымдары, Шақпақата және Ынтымақ ауылдарына ауызсу жүйесін жүргізіп жатқан мердігерлер “Ақмешіт-Мелиоратор” және “Байсын-А” ЖШС төрағалары үлес қосып 1 млн 200 мың теңгеге үй сатып алып беріп, жөндеп, кешегі күні баспананың кілтін салтанатты жағдайда тапсырды.
Қуанышты шараға ауыл тұрғындары жиналды.
Алғашқы құттықтау сөз ауылдық округ әкімі Затыбек Пашеновке берілді.
Ауыл әкімі ұйымшылдық танытып, осы бастамаға қолдау білдірген ауыл тұрғындарына ризашылығын білдірді. Әсіресе, ауыл жастарына, оның ішінде “Хадиша апа” шаруа қожалығының жетекшісі Пернешов Еламанға, ғимараттың жөндеу жұмыстарына атсалысқан ауыл тұрғындарына, Досанқұлов Қалмұханға алғысын білдірді. Және бұл игі іс облыс және аудан әкімдерінің тұрақты бақылауында тұрғанын ерекше атап өттіп, ғимарат иесіне құтты болсын айтты.
Игі істің басы-қасында жүрген ауыл ақсақалы, ауыл имамы Пернебек Бердімбетов те жүрекжарды лебізін білдірді.
-Біз қашанда қайырымды істі қолдаған халықпыз. Қазақ халқында “Көп түкірсе – көл” деген өнегелі сөз бар. Бүгін, міне, осы нақыл сөзіміздің куәсі болып отырмыз.
Халқымызда “Үйі жоқтың күйі жоқ” деген де аталы сөз бар. Облыс әкімінің бастамасымен “Асар” дәстүріміздің аясында жер-жерде халықтың, жомарт жандардың демеушілігімен көмекке мұқтаж жандарға баспана алып беріп жатқандығы туралы жақсы жаңалықтарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар болып жатырмыз. Осы қуанышты жағдай бүгін біздің ауылда жалғасын тауып отыр.
Бүгін баспаналы болып отырған қызымызға құтты болсын айтамыз!- дей келіп қария сөзін өзі шығарған бір шумақ өлеңмен түйіндеді.
Құтты болсын баспанаң – тас қамалың,
Тас қамалда басталсын жақсы амалың.
Іші толсын жақсылық, қуанышқа,
Көбейе берсін күлкісі жас баланың!
Қуанышқа жиналған көпшілік көптен күткен лента қию рәсіміне куә болды. Жеңгелер тәттіден шашу шашып, игі тілектер жалғасты. Соңынан қуанышқа жиналған көпшілік жақсы ниетпен жайылған дастарқаннан дәм татты.
Перизат Шымыртайқызы,
«Jańa ómir»