Basty bet
Ауызсумен қамтылған ауылдар қатары көбеюде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылдың ішінде еліміздегі ауыл-аймақтардың барлығын таза сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Осы мақсатта соңғы жылдары өңірде бірқатар ауылдарды ауызсумен қамту шаралары жүргізілді.
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметтеріне қарағанда, 2019 жылы аудандағы 49 елді мекенде тұратын 52 572 халықтың орталықтандырылған ауызсумен қамтылғаны 16 елдімекенді құрап, 32,6 % болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш халық санына шаққанда 3 3381 адамға артып, 63,5 % құрап отыр.
Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында мердігер «Байсын-А» ЖШС жеті жоба бойынша ауданның он елді мекеніне 100,62 шақырым (оның ішінде ауызсу құбыры 53,58 шақырым, ауылішілік құбыр 47,04 шақырым) ауызсу құбырын жүргізді. Атап айтқанда, Теріс, Ақбастау, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Алатау, Жұрымбай, Сұрым,Теріс-Ащыбұлақ, Ынтымақ елді мекендерінде ауызсу құрылысы аяқталып, бүгінгі күнге аулаларды суға қосу жұмыстары жүргізілуде. Аталған объектілер толық пайдалануға берілген кезде аудан көлемінде 25 елдімекен ауызсумен толық қамтамасыз етіліп, 51,02% құрайды. Ал халық санына шаққанда ол 37 973 адам немесе 72,2% құрайды.
Сондай-ақ «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында ұзындығы 118 шақырым (соның ішінде ауызсу құбыры – 57,193 шақырым, ауылішілік құбыр – 60,8 шақырым) болатын бес ауылдың ауызсу құрылысы жұмыстары басталды. Бұл жоба 2021 жылға, яғни ағымдағы жылға өтпелі. Атап айтсақ, Шақпақата (мердігері – «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС), Тәттібай Дүйсебайұлы (мердігері – «Интелект Азия» ЖШС), Ертай (мердігері – «IMPULSE-LTD компаниясы» ЖШС), Көлтоған (мердігері – «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС), Қошқарата (мердігері – «Агроспецмонтаж» БК) ауылдары. Жұмыстар толығымен аяқталған кезде аталған елдімекендердің 12 12 ауласы, 6707 тұрғыны ауызсумен қамтылатын болады.
– Ал, 2021 жылы жалпы аудан көлемінде 30 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етіліп, ол 61,22 пайызды құрап, халық санына шаққанда ол 44 422 адам, 84,5% жеткізу жоспарлануда, – дейді аудан әкімдігі ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»