Basty bet
Ақпараттық орталық – тұрғындар игілігіне
Цифрландыру – заман талабы.
Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғы- шарттардың санатында.
Сол себепті, “Цифрлық Қазақстан”, “Үш тілде білім беру”, “Мәдени және конфессияаралық келісім” сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы” деген болатын.
Осы мақсатта біздің ауданда бүгінгі күнге дейін 17 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылып, халық игілігіне қызмет етуде.
Ақпараттық орталықтарды ашудағы мақсат – ауыл тұрғындарын қажетті құжаттар үшін аудан орталығына сандалтпай, уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік жасау. Әрі десе халықты кітапханаға шақыру арқылы кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.
Бұл үрдіс ауданымызда биыл да жалғасын тауып, сәрсенбі, бейсенбі күндері тағы да үш ауылдық кітапханадан ақпараттық орталық ашылды.
Қоңыртөбе, Ертай, Қосбөлтек ауылдық кітапханаларынан ашылған үш орталыққа аудандық бюджеттен 4,5 млн теңге қаржы бөлініп, оған жалпы 12 компьютер және орталыққа қажетті жиһаздар алынды. Және “Қазақтелеком” арқылы 10 мегабиттік, яғни ең жоғарғы жылдамдықтағы Wi-fi құрылғысы орнатылды.
Қоңыртөбе ауылдық кітапханасынан ашылған орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы қатысты.
Шараның алғашқы сөз кезегі аудан басшысына берілді.
-Құрметті аудан тұрғындары бүгін біз ақпараттық орталықтың ашылуының куәсі болып отырмыз. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласынан бастау алған игі істің жалғасы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жаңа Жолдауында да цифрландыру ісіне терең мән берілді.
Орталықта сіздерге мемлекеттік қызметтің 18 түрі e.gov.kz арқылы көрсетіледі. Яғни, қажетті анықтамалар мен құжаттар алу үшін аудан орталығына сабылмай-ақ, ауылдан осы орталық арқылы ала аласыздар. Ғимараттың есігі сіздер үшін қашанда ашық болады. Цифрландырылған орталықтың басқа да артықшылықтары көп. Сондықтан орталықтарыңыз құтты болсын! Игіліктеріңізге пайдалануларыңызға тілектеспіз!- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Ауыл қариялары Шаяхмет Каипов пен Болат Құттыбаев та тұрғындарды орталықтың ашылуымен құттықтап, аудан әкімімен бірге орталықтың лентасын қиды.
Ал, кітапхананың тұрақты оқырманы ардагер Нәзира Сартаева тәттіден шашу шаты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты жаңа Жолдауында: “Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Ең алдымен цифрлық теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отыр.
Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі. Біз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мәжбүр болып жүргенін көріп отырмыз. Мұның бәрін толықтай цифрландыру керек. Адамдар емес, мәліметтер “зыр жүгіруге” тиіс”,- деген болатын. Заман талабына сай цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі. Сол себептен бұл орталықтардың ауыл тұрғындары үшін пайдасы көп. Тек оны пайдалана білу керек.
***
Дәл осындай орталық Ертай ауылдық кітапханасынан да ашылды.
Ертайлықтар үшін қуанышты шараны аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов ашты. Бөлім басшысы ауыл тұрғындары, әсіресе жастар үшін заман талабына сай аса қажет болып отырған орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен бірге ауыл тұрғыны Мырзабек Әбітаев ақсақал да тұрғындарды орталықтың ашылуымен құттықтады. Орталықтың лентасын Сауытбек Махамбетов пен Мырзабек Әбітаев қиды. Ауыл тұрғындары тәттіден шашу шашып, қуанышқа кенелді.
***
Аудандағы жиырмасыншы орталық кеше Қосбөлтек ауылында ашылды. Орталықтың ашылуына ауыл тұрғындары жиналды.
Іс-шараның алғы сөзі аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетовке берілді.
-Құрметті ауыл тұрғындары! Бүгін сіздердің ауылдарыңызда үлкен қуаныш болып жатыр. Заман талабына сай елімізде жүріп жатқан цифрландыру жүйесін ауылдық жерде жүзеге асыратын бірден-бір орталық осы цифрландырылған ақпараттық орталықтар. Бұл жерде сіздер өздеріңізге қажетті мемлекеттік қызметтің 18 түрін ала аласыздар. Орталықтардың әсіресе, індет өршіген тұста пайдасы көп болды. Жайшылықта да сіздердің уақыттарыңызды, қаржыларыңызды үнемдеуде үлесі зор.
Мұның барлығы сіздер үшін жасалған. Сондықтан игілігін көрулеріңізге тілектеспіз,- дей келіп бөлім басшысы осы күнмен тұспа-тұс келген Кітапханашылар күнімен әріптестерін құттықтады.
Құттықтау сөз кезегі ауыл қарияларының бірі Базарбек Сұлтанбековке берілді.
-Бұл қуаныштың барлығы ата-бабамыз армандаған тәуелсіздіктің арқасы, халықтың ауызбіршілігінің арқасы. Осы игі іске атсалысып жүрген барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Қазіргі таңда ауылымызда көптеген қуанышты жаңалықтар болып жатыр. Бір басшыға бәріміз қосшы болып, қолдап, ынтымақпен еңбек ете берейік. Барлықтарыңыздың еңбектеріңізге береке тілеймін,- деді ауыл тұрғыны.
Игі тілектерден кейін жиналған көпшілік ішке кіріп, лента қию рәсімінің куәсі болды. Ақпараттық орталықта кітапханашы Зарина Құрмантаева тұрғындарды орталықтың мүмкіндіктерімен таныстырды.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев