Ádebıet
Бақидағы Бауыржанға!
(Өмірден ерте озған ақын, қоғам қайраткері – Бауыржан Үсеновтың рухына арнаймын)
Ақпанның аппақ түнінде,
Кеземін тағы, шарлаймын тағы жыр бағын.
Анау бір қайың бұтақтарының үнімен
Дегендей, маған мұндамын…
Сол аққайыңның жапырақтарын жел тонап,
Тұр екен жалғыз мұңданып…
«Қамықпа, қайың, жапырақ жайып ертең-ақ»,
Жанына оның жұбатар екен кім барып???
Жауқазын жырлар құлпыртар сосын тау қойнын,
Белдерді асып, жетеді маған «сағым жыр»,
Қошақаның боп, соңыңнан мен де қалмаймын,
Маңдайға алып құбыла менен Тәңірді…
Ақпанның аппақ түнінде
Іздеймін сені, жас тайлақ бар деп «жыр көштен»
Үн қатып маған өлмейтін өлең тілінде,
Жарқырап мәңгі жүрмес пе ең?!
Ақпанды мен де, ақпанды сен де сүюші ең,
Оралмап па едің, ақпандатып бір аулыңа?!
Жырынды оқып сайқал-ғұмырдан түңілсем,
Ақ қар боп өлең жауды да.
«Өр Жуалының» өр аспанындай биік ең
Шықсаң да сон-ауу түкпірден.
Жарқ еткен жасын, үзілген сен бір ғұмыр ең,
Сезіндім соны, ұқтым мен.
Қошқаратаның қошақаны боп өсіп ең,
Күтіп жүр ауылың өрістен қайтар шағыңды.
Іздерің қалды жоғалмай өмір көшінде
Ауылың міне, тағы да ақ қар жамылды.
Ақпанның аппақ түнінде
Іздеймін сені, қанатым талып жыр көктен
Анау бір жұлдыз жымыңдап маған күлімдеп,
Тобылғыдайын гүлдеп тұр…
Қош, енді, Көке!
Бақида айтар сыр қалсын,
Аңыз боп қалған жырларың менен әнің бар.
Фәниде мынау өлең боп өмір жырлансын,
Бақида бәлкім жапырақ жаның дамылдар…
Қош…!!!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты.
Шәкен Айманов атындағы сыйлықтың иегері.
Ақпан айы, 2008 жыл.
Қошқарата ауылы.