Basty bet
Вирусты тек берік иммунитет жеңеді
Бүкіл дүние жүзін жайлаған коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқыны қайта соғуы мүмкін деп болжамдалуда. Осыған орай еліміздің, соның ішінде өңіріміздің денсаулық сақтау мекемелерінде оған дайындық шаралары күшейтілуде.
– Вирусолог және иммунолог мамандардың пайымдауынша, респираторлық вирустардың таралуына күз бен қыс қолайлы мезгіл болып есептеледі. Адамда тұмау вирусына қарсы иммунитет қалыптасқан. Ағза вирусты танымауы үшін, ол жыл сайын мутацияға ұшырап, өзгеруге мәжбүр. Суық кезде вирус ұзақ сақталады, адамдар да оны тез жұқтырады. Осы жағдайлардың әсерінен тұмау маусымдық сипатқа ие. Ал коронавирус өзіне қарсы иммунитет жоқ ортада пайда болған. Сондықтан оның таралу қарқыны жылдың белгілі бір мезгілінде өршитін тұмауға ұқсамауы мүмкін.
Жылда күз-қыс айларында өршитін тұмау мен коронавирус инфекциясы қатар келгенде аурудың қиын өтетіні туралы болжам бар. Осыған байланысты биыл маусымдық тұмауға қарсы профилактикалық алдын алу шараларының басым түрі – егу жұмыстарына ерекше мән беріліп отыр. Осы мақсатта қыркүйек айының ортасынан аудандық ауруханада халықтың декреттелген топтарын тұмауға қарсы егу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда бұл жұмыстар аяқталу үстінде.
Жоғарыда айтылған тұмаудың коронавируспен қосылғанда ауыр өтуі ықтимал екендігі ескеріліп, биыл егуге жататын халық санын 3,5 есеге көп алып отырмыз. Яғни, жылда тұмауға қарсы халықтың жалпы санының 10 проценті ғана егілетін болса, биыл бұл көрсеткіш 35-36 процентке жеткізіліп отыр. Демек, бүгінгі таңда осынша адам тұмауға қарсы вакцинамен қамтылды.
Декреттелген топқа 3 жасқа дейінгі жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері, жүктіліктің 2-3 кезеңіндегі аяғы ауыр әйелдер, Д есепте тұратын адамдар және балалар мен жасөсірімдер жатады. Үш жасқа дейінгі жиі ауыратын балалар екі реттен егіледі. Екпе салған адамдар тұмау жұғып, ауырған жағдайда ауру жеңіл өтеді және асқынулары болмайды.
Коронавирустық инфекцияның алдын алу және профилактикалық шаралар ретінде әдеттегідей, халық көп шоғырланған орындарға, жиын-тойлар мен астарға бармау, әсіресе, ондай жерлерге балаларды апармау қажет. Сондай-ақ әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қоғамдық орындарда бетпердемен жүру, жеке бастың гигиенасын сақтау, қолды жиі жуу, антисептиктер қолдану, сырттан үйге кіргенде қолды міндетті түрде жуу, мұрынды жиі шайып тұру, дұрыс әрі құнарлы тамақтану, дене белсенділігін арттыру, шынығу қажеттігін қайтадан еске салудың артықтығы болмайды, – дейді аудандық орталық аурухананың иммунолог дәрігері Қалбике Сәрсенова.
Дейтұрғанмен, әлем елдерінде бүгінде COVID-19 вирусына қарсы екпенің ондаған түрі дайындалып жатқаны белгілі. Кейбірін клиникалық зерттеу барысында адамға салып, сынай да бастаған. Әйткенмен екпе жасап шығару, оның қауіпсіздігі мен тиімділігін тексеру – ұзаққа созылатын процесс. Тіпті ең оптимистік болжам бойынша «ондай дәрі тек жыл соңына қарай дайын болуы мүмкін» дейді мамандар.
Абылайхан Сәрсен