Basty bet

Денсаулықты сақтау өз қолымызда екенін ұмытпайық

Денсаулық – тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың да ұлы игілігі. Соны ескере отырып, бүгінгі таңда саламатты өмір салтын ұстану, денсаулығымызға жауапкершілікпен қарау маңызды болып отыр. Өйткені, елімізде әлемді шарпыған аты жаман індетті жұқтырғандар қайта анықталып жатыр. Осы ретте, облысымызда карантин режімі қайта жарияланып, облыс басшысы денсаулығымызға жауапкершілікпен қарауға үндеу тастады. Әрбіріміз еліміз үшін қымбат екенімізді, мемлекеттің байлығы халқының амандығы екенін айтып, тәртіпке бағынуға шақырып отырғаны құптарлық.
Елімізде індеттің бірінші толқыны жүріп, сол шақта баршамыздың бойымызда үрей мен қорқыныш басым болды. Жақындарымыздың амандығын ойлап, індеттің ауыздықталуын тіледік. Арамыздан бұл індет талай жандарды алып кетіп, қабырғамызды қайыстырды. Енді сондай қиын шақты бастан өткерген соң, індеттің таралуы әлі тоқтамағанын ескеріп, сақтық шараларын мықтап қолға алуымыз керек. Қазақта «сақтансаң, сақтаймын» деген жақсы сөз бар. Сондықтан немқұрайдылықтан арылып, өткеннен сабақ алуымыз керек. Өз-өзімізді оқшаулап, жақынымызға жанашырлық танытайық. Көшеде, қоғамдық орындарда медициналық маска киіп, тазалықты ұстанайық. Бұларды өмірімізге енген күнделікті іс-әрекеттерімізбен ұштастырып, саулығымыздың кепілі тазалықта екенін ұмытпайық. Сақтанып, денсаулығымыз үшін жауапкершілігімізді сезіне білейік.
Деніміздің саулығы саламатты өмір салтын ұстануда жатқаны белгілі. Бұл жөнінде күнделікті теледидардағы түрлі бағдарламаларға білікті дәрігерлер, мамандар келіп, иммунитетімізді көтеру, пайдалы тағамдар тұтыну, спортпен айналысу туралы кеңестерімен бөлісуде. Бір мезгіл спортпен айналысып, дұрыс тамақтанып, уақтылы демалып, денсаулықты күтуді айтуда. Сонымен қатар, дәрі-дәрмекке көп сүйенбей, құнарлы, дәруменге бай тағамдарды тұтынуды, рухты түсірмеуді, үрей мен қорқынышқа бой алдырмауға шақыруда. Бұл орынды да. Мұны әрбір саналы азамат ұстанып, саламатты өмір салтына ден қоюымыз қажет.
«Денсаулық – зор байлық», демекші, әрбір адамның денінің сау болуы – қоғамның байлығы. Денсаулықтан асқан байлық жоқ. Сол себепті, денсаулықты сақтау өз қолымызда екенін ұмытпайық. Сақ болайық! Жақындарымызға жанаршылық танытып, індеттің таралуына жол бермейік, ағайын!

Шорабай ЫСҚАҚОВ,
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры

Таңдаулы материалдар

Close