Basty bet

Білікті маман, ұқыпты қызметкер

Ауданымызда мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып, өз ісінің кәсіби маманы бола жүріп, әріптестерінің сый-құрметіне бөленіп жүрген азаматтар көптеп саналады. Соның бірі – аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев.

Сәбит Әмірханұлының өмір және еңбек жолы барынша қарапайым. Ол 1960 жылы Жуалы ауданының бұрынғы Ново-Вознесеновка, қазіргі Көктөбе ауылында дүниеге келіп, аудан орталығындағы Орджоникидзе атындағы орта мектепті бітіреді. Алғашқы еңбек жолын 1977 жылы Шыңғазы Үлеков басқаратын жүн өңдеу фабрикасында жұмысшы болып бастап, мұнда екі жыл еңбек етеді.
1981 жылы Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Сәкең 1990 жылға дейін табан аудармастан «Большевик» колхозында автомашина жүргізушісі болып жұмыс атқарады. Еңбектен қол үзбей жүріп, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп алады.
1992 жылы сол кездегі ауыл шаруашылығы саласының шебер ұйымастырушысы, көрегенді де білгір басшы, «Болшевик» колхозының, одан кейін «Жаңа теріс» акционерлік қоғамының төрағасы Әбілдабек Қойбақовтың көзіне түсіп, ол Сәбит Әмірханұлына мамандығы бойынша жұмыс ұсынады. Сөйтіп, 1990-1996 жылдары Сәкең аталған колхоздың автокөлік гаражында диспетчер, механик, автокөлік гаражының меңгерушісі сынды бірқатар қызметтік сатылардан абыроймен өтіп, шеберлігін шыңдайды. Шаруашылықтағы жыл он екі ай үзілмейтін басқа да науқандық жұмыстардың бел ортасынан табылып, саланың ыстық-суығына төселіп, басқарушылық қабілетті бойына жинақтайды.
Ол кезде ауыл шаруашылығы саласындағы қарапайым жұмысшыдан бастап, орта буынды басқарушылық деңгейге көтерілген азамат бір шаруашылықты басқарып, ісін дөңгелетіп әкетуге лайық маман деп танылатын. Сәбит Әмірханұлы да шаруашылықтың бүкіл науқандық жұмыстарына араласты: қырманға астық қабылдау, қамбаны басқару ісін жетік білетін, кейін колхоз тараған соң, жаздық науқандық жұмыстар қалғанда, учаске меңгерушісі, егіс бригадасының бригадирі, тіптен агрономдық қызметті де қоса атқарып жүрді. Сондықтан басшыға тән мұндай қабілет-қарым Сәкеңнің де бойынан табылатын.
Алайда, Кеңес Одағының күйреуімен шаруашылықтардың жұмысы шатқаяқтап, терең күйзелісті бастан кешірді. Қағаз ақша деген мүлдем болған жоқ. Баспа-бас айырбас деген пайда болып, шаруашылықтар көктемгі-күзгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағар май, қосалқы бөлшектер үшін қолдағы малымен есептесіп жатты.
1996 жылы «Жаңа теріс» акционерлік қоғамы екіге бөлінеді. Осы жылдан бастап Сәбит Әмірханұлы бірнеше жыл қатарынан «Қосбөлтек» және «Орталық» агроқұрылымдарында бас инженер, қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер, учаске меңгерушісі, агроном және тағы да басқа лауазымдарда тер төге еңбектенді. Одан кейін бұл шаруашылықтардың таралуы мен қайта құрылуы салдарынан уақытша жұмыссыз қалған кездері болды.
2009 жылы мемлекеттік қызметке кіруге бел буады. Бірақ, біраз жыл үйде отырып, қоғамдық орта мен мерзімді жұмыстан біршама қол үзіп қалған Сәкеңнің аздап жүрексінгені бар.
– Себебі, мен Кеңес Одағы тұсында сол заманның ықпалымен мектепте орыс тілінде білім алып, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуге шорқақтау едім. Оған қоса, компьютерлік білімім де аздау еді. Компьютерді қолына ұстап көрмесем де, жалпы оның атқаратын қызметінен біршама хабарым бар болатын. Сондықтан да, мемлекеттік қызметке тұруға батпай жүрдім. Дегенмен, Алла сәтін салып, алдымен аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөліміне бас маман болып қабылдандым, – дейді Сәбит Әмірханұлы.
Осылайша, Сәбит Нұрлыбаев бөлімде бас маман, кейіннен сектор меңгерушісі лауазымына дейін жоғарылатылды. Бүгінде ол ұқыптылығы мен тиянақтылығының арқасында саланың бүкіл тыныс-тіршілігін бес саусағындай біледі, құжат тілін де әжептәуір меңгеріп алды. Тіптен, басшы орнында болмағанда, оның міндетін атқаратын дәрежеге жетті. Кейде, газетке шұғыл ақпарат қажет болған жағдайда, біз де оған қайырылып, қажетті мәліметтерімізді алып жатамыз.
Тәжірибелі маман Сәбит Әмірханұлы өмірлік жары Рәбиға апаймен 1984 жылы отау көтереді. Бүгінде екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген Нұрлыбаевтар ұл-қыздарынан жеті немере сүйіп отырған шуақты да берекелі шаңырақ иелері. Үлкен ұлы Нұрғазы Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасында, ал кіші ұлы Сұлтанғазы әке жолын қуып, агроном мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тамамдады. Бүгінгі күні ол аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінде жұмыс атқаруда.
– Әкем Әмірхан Әлібекұлы 1927 жылы туған. Соғыс аяқталысымен, мамандар тапшылығына байланысты қысқа мерзімді мамандар даярлайтын Шымкент қаласындағы оқу орнынан агроном мамандығы бойынша диплом алып шығады. Алайда, өмір оны мүлдем басқа саланың дәмін таттырды. Ол маман тапшылығына орай кеңес органдары саласындағы жұмысқа араласты. Бурный ауылдық поселкелік кеңесінде жұмысқа орналасып, бүкіл саналы ғұмырын осы салаға арнаған жан еді. Ал анам Жүрсін Нұрлыбаева он бір құрсақ көтерген Батыр Ана, ол кейіннен қазақстандық «Алтын Алқаның» да иегері атанды. Үй шаруасында болып, отбасында ерінің сенімді тылы бола жүріп, ұрпағының аман-сау жетіліп, тәлімді тәрбие алуына барлық жағдай жасады, – дейді Сәкең.
«Сізді тиянақты, ұқыпты маман» дейді. Мұндай қасиет сізге кімнен берілген?» деген сауалымызға Сәбит Әмірханұлы:
– Әкемнің немере інісі Әбдірахман Жаңабайұлы өте сауатты кісі еді. Оқу орнын бітіріп, ғылым жолын қуып, ауыл шаруашылығы саласында ғылыми жұмыстар дайындап, кандидаттық диссертация қорғауға дайындалып жүретін. Іргеміздегі Жамбыл ауданындағы «Қаракемер» кеңшарында көпжылдық екпелер егістігі бойынша тәжірибелік шаруашылықта жұмыс істеп, білімін жетілдіреді. Өкінішке орай, оның ғұмыры қысқа болып, ойына алған істерді аяқтай алмады. Маған ұқыптылық, тиянақтылық сынды қсиеттер осы кісіден қонған сияқты, – дейді.
Осылайша, әке жолын жалғастырып жүрген Сәбит Әмірханұлы ауданның экономикалық жағдайын көтеруге өз үлесін қосып, өз саласында жемісті еңбек етіп келеді. Жұмыстағы жетістіктері үшін облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарын, салалық министрліктің Құрмет грамотасын иеленді.
Сәбит Әмірханұлы таяу күндері адам өмірінің жарқын белесі – алпыс жасқа толады. Осы мерейлі сәтте біз оған зор денсаулық, ұзақ өмір, қызметте абырой тілей отырып, «өсіріп отырған ұл-қыздарының қызығын көріп, шөбере сүйіп, шөпшегінің қолынан су ішуге нәсіп етсін!» деген ақжарма тілегімізді арнаймыз.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close