Basty bet
БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ
Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деген болатын. Осыған орай соңғы жылдары Елбасының бастамасымен қоғамда орын алған дау-дамайларды, келіспеушіліктерді сотқа дейін жеткізбей шешудің жолдары қарастырылуда. Әрі сол мақсатпен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалдарының қатысуымен және әр деңгейдегі соттардың тікелей ықпал етуімен жер-жерде билер кеңестері құрылып, жұмыс істей бастады. Осы үдеріс аясында ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында 2018 жылдың 22 қарашасында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрамы 7 адамнан тұратын билер кеңесі құрылған болатын. Ал 2019 жылдың басынан бері облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласында құрамы 5 адамнан, 154 ауылдық округте құрамы 3 адамнан тұратын билер кеңестері іске кірісіп, өз жұмыстарын атқаруда. Қазіргі таңда облыс бойынша билердің жалпы саны 518-ге жетіп отыр. Аталған билер кеңестерінің құрамына ел ішінде беделді, абыройлы, ақыл-парасаты мол, біліктілігі жоғары, өмірлік тәжірибеге ие ардагер мен дін өкілдері тартылды. Облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесі «Ардагерлер орталығы» ғимаратында орналасқан. Облыстық ардагерлер кеңесі тарапынан әдістемелік құралдармен жабдықталған арнайы татуласу бөлмесі ашылған. Онда «Медиация – бітімгершілікке әкелетін жол» бұрышы және қара қылды қақ жарған әділдіктерімен танылған, халқымыздың біртума перзенттері: Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің портреттері ілінген, келушілерге қолайлы жағдай жасалынған.
Облыстық Билер кеңесі құрылып, іске кіріскен алғашқы күннен бастап, облыстық сотымен бірлесе отырып «Билер кеңестері жайлы Ереженің» жобасын жасап, ол «Қарахан» журналының 2019 жылғы №1 санында жарияланды. Аталған ереже былтыр сәуір айында Шымкент қаласында өткен ардагерлер ұйымдарының республикалық жиынында талқыланып, мақұлданды және өз жұмыстарында басшылықа алулары үшін басқа облыстарға таратылды.
Ереже қабылдағаннан кейін кезекті мәселені Билер кеңестерінің мүшелерін оқытуды, бұрын айналысып көрмеген істің қыр-сырымен таныстыруды қолға алдық. Бұл жұмыс 2019 жылдың қаңтар айында басталды. Облыстық сотының ұйымдастыруымен облыстық соттың үлкен залында облыстық билер кеңесі мүшелері мен аудандық билер кеңестерінің төрағаларына арналған семинар өткізілді. Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» заңын басшылыққа алып, жұмыстарын жүргізулері үшін 65 азаматқа «Кәсіби емес медиатор» сертификаттарын облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Жомарт Рүстембеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев және облыстық медиаторлар кеңесінің төрайымы Лариса Сафонова тапсырды.
Барлық деңгейдегі билер кеңестері құрамының біліктілігін арттыруға арналған осындай оқулар аудан орталықтарында да өткізілді. Бірнеше ауданның, ауылдық округтің билерін бір орталықта жинап оқытуды да қолға алдық. Атап айтқанда Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Жуалы аудандарында, Тараз, Қаратау қалаларында өткізіліп, 400 адамға сертификат тапсырылды. Бұл өз кезегінде билердің дауласқан тараптарды сотқа дейін бітімдестіруіне кеңінен жол ашты.
Билер кеңестерінің жұмысы туралы жергілікті баспасөзде мақалалар жеткілікті жарияланып келеді. Облыстық «Aq jol», «Знамя труда», «Ғұмыр-Дария», «Арай» газеттері мен «Қарахан» журналында, Талас ауданынан С.Әбсадықұлының, Жамбыл ауданынан Р.Жапаровтың, Мойынқұм ауданынан Ш.Акимовтың, Жуалы ауданынан С.Тоқбергеновтің мақалалары, ал жақында Сарысу ауданынан Құдайберген Мәмбетовтің «Адал би-Әділ би» кітабы жарық көрді. Бұл кітапта Сарысу ауданында құрылған «Билер кеңесі» туралы жазылған. Кітапта қазақтың үш кемеңгер дана биі –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер туралы мағлұматтар берілген.
Билер кеңесінің бастамасымен облыстық сот және облыстық ардагерлер кеңесі өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. 2020 жылдың 15 қазанында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев пен облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Жомарт Рустембеков «Татуластыру рәсімдерін дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты – қоғамдық қарым-қатынастардың тұрақтылығын ұлағайту. Билер институтын жаңғыртып, бұқараның құқықтық сауатын арттыру және мәдениетін көтеру. Сондай-ақ билер мен медиаторлардың жәрдемімен дауларды соттан тыс реттеуде билер кеңесінің, татуласу орталықтарының жұмысын үйлестіру көзделген.
Бүгінде билер сотының элементтері ұлттық құндылықтар ретінде пайдаланылуда. Бұл игі үрдістің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы талаптарға сай қазақ халқының ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын тиімді жүзеге асыруға даңғыл жол ашуға ықпалын тигізіп отырғанын да айта кету керек.
2019 жылдан бергі аралықта облысымызда Билер кеңестері дау-дамайды сотқа дейін немесе сот үдерісі барысында шешу бағытында жемісті жұмыс жүргізіп, оң нәтиже көрсетіп отыр.
Былтыр облыстағы Билер кеңестерінің белсенді жұмыстары мен кәсіби біліктілігінің арқасында 450 дау-дамайлық істер қаралды, оның ішінде соттан алып қаралғаны 120. Биыл бұл көрсеткіштің деңгейі 293-ке жетті, оның ішінде соттан алып қаралғаны 99. Мәселелердің көпшілігі азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайды, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша да сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар билердің қатысуымен медиация арқылы шешіле бастады.
Билер кеңесі – халық соты деп бағалауға әбден лайық. Олар Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңының аясында жұмыс істеп, көршілер мен достар, әріптестер арасындағы, тіпті ата-аналардың балаларына қатысты даулы мәселелерінің де бейбіт жолмен шешілуіне қол жеткізуде.
Біздіңше, дауларды шешудің балама әдістерін халқымызға насихаттаудың, қоғамда оны тиімді үрдіс ретінде қалыптастырудың және осы мақсатқа жету жолында зиялы қауымның ақыл-кеңестеріне ден қоюдың үлкен мәні бар. Бұл ретте, біріншіден, дау-дамайлар соттың араласуынсыз жылдам шешіледі. Екіншіден, уақыт пен қаржы шығыны үнемделеді. Үшіншіден, әрқилы деңгейдегі соттардың жүктемесі азайтылады. Төртіншіден, баламалы әдістерді қолданудың нәтижесінде қоғамда азаматтардың және заңды тұлғалардың арақатынасында ауызбіршілік сақталады.
Облыс аумағындағы билер кеңестерінің тұшымды жұмыстары туралы мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ежелден билеріміз ердің құнын бір ауыз сөзбен шеше білген. Сондай-ақ жер мен жесір дауын да ағайын арасынан сыртқа шығармай ақылдаса отырып шешіп келген халықпыз. Сол кезде қазақ сахарасында ақсақалдар мен билердің де институты жұмыс істегенін білеміз. Ел үлкеннің сөзіне тоқтаған. Қандай да бір түйіні қиын, шешімі күрделі мәселені көргені мол, кемеңгер билеріміз бір ауыз сөзбен түйіндеп, тұтас бір елдің, жалпы қазақтың бірлік-берекесін сақтап отырған.
Сол үрдіс бүгінде де сабақтастығын тауып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қаймағы бұзылмаған ауылдарда әулеттің үлкеніне бағыну, ауылдың ақсақалы айтқан шешімге бас ұру үрдісі ішінара болса да ел ішінде сақталған. Ал бүгінгі таңда араздасқан ағайынды, ажырасқан жастарды қариялар, аузы дуалы ақсақалдар мен билер ара түсіп, татуластырып, табыстырып жатса, сауап іс емес пе?
Жалпы, біз ең алдымен ұсақ-түйек, отбасындағы, ағайын, көрші-қолаң, жас жұбайлар арасындағы дау-дамайдың барлығын сот отырысында шешіп қана қоймай, билердің, ақсақалдардың араласуымен де шешуге күш салудамыз. Біздің мақсат тараптарды араздастыру емес, мейлінше табыстырып, жастардың отбасын сақтап қалуына, бауырлардың арасының суып кетпеуіне мейірім сынасын қағу.
Жалпы дамыған елдерде даудың 80-90% бітіммен аяқталады. Ұлыбритания, Канада т.б. елдерде дау көбіне медиация тәртібімен шешіледі. Тек бітіммен шешуге келмейтін күрделі даулар ғана сотта қаралады. Сотқа жүгіну өте қымбатқа түседі. Медиацияны қолдану тек соттың жұмысы деп түсінеміз. Дауды сотсыз шешу әдісін әлі жақсы білмейміз. Осы кемшіліктерді жою үшін аудандық билер кеңестері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізулері керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамытуды тапсырған болатын. Ондағы мақсат – билер кеңесі арқылы кейбір дауларды сотқа дейін реттеп, татуласу рәсімдерін жан-жақты дамытуды жолға қою. Тоғыз жылдан бергі аралықта медиация институты өзінің дауласып жүрген тұлғаларды келісімге келтірудегі тиімділігін дәлелдеп қана қоймай, осы бағыттағы көптеген бағдарлы мәселелерді анықтап отыр.
Оңласын ЕСІРКЕПОВ,
облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы