Basty bet
Бала жанының бағбаны
Еліміздің ертеңі болар тұлғаны қалыптастыру бүгінгі балабақша тәрбиешілерінің де еншісінде. Тәрбиеші-педагогтың тынымсыз еңбегін қандай сөзбен өрнектесек те аздық ететіндей көрінеді. Әрбір шаңырақтың шаттыққа кенелтетін бүлдіршіндердің қылығына төзіп, еркелігін көтеріп, тәрбие мен білім беру төзімділік пен парасат-пайымды қажет ететіні сөзсіз. «Адамның адамгершілігі жақсы тәрбиеші-ұстаздан басталады» деп ақын Абай атамыз бірауыз сөзбен тәрбиешінің болмысын шынайы суреттеген. Осындай ілтипатқа ие тәрбиешілер арамызда аз емес. Көпшіліктің алғысына бөленген, бала жанына жол таба білген тәрбиешінің бірі Гүлфайруз Ғабдуллина Б.Момышұлы ауылындағы №1 бөбекжай-балабақшаның «Айгөлек» кіші тобында жұмыс істейді.
Тәрбиеші Гүлфайруз Тоқтанқызы бала үшін жаралған жан. Өмірі мен еңбек жолы балаға білім мен тәрбие берумен ұштасқан. Ұзақ жылдар бойы талай баланы балабақшадан ұшырып, тәлім-тәрбие беруде. Ол 1967 жылы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Әкесі Тоқтан және анасы Зейнеп Мойынқұмдағы Қызылотау кітапханасында жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Ол кездері ата-анасы Мойынқұмдағы шаруаларға рухани азық ретінде кітап оқуларына септігін тигізіп, кітапханада еңбек еткен. Олардың жұмыс орындары ауданымыздан алыста орналасқандықтан кітапханашылардың балалары мектеп-интернаттарда оқиды. Бала Гүлфайруз Тоқтанқызы да Тараз қаласындағы Макаренко атындағы мектеп-интернатта білім алады. Одан кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Алғаш еңбек жолы бұрынғы Толстой көшесінде орналасқан №2 балабақшада тәрбиеші болып басталады.
Өмірлік серігі Бауыржан Ғабдуллинді жолықтырып, Көкшетау қаласына келін болып түседі. Көкшетау қаласының маңындағы Пахарь ауылындағы Пахарь орта мектебіне тәлімгер болып орналасып, балалармен тағы да қауышады. Оңтүстік өңірден келген ол мұнда қазақ сыныбының жоқтығын аңғарып, мектепте қазақ сыныбын ашады. Одан кейін ұзақ жылдар бойы үйде бала күтімінде отырып, 2000 жылдары Жуалы жеріне отбасымен бірге қоныс аударады. №1 бөбекжай-балабақшаға 2003 жылдан бастап жұмысқа қабылданып, бүгінгі күнге дейін абыройлы жұмыс істеуде.
Оның үнемі балалармен, ата-аналармен көптеген жұмыстар атқарып, ұжымның беделін көтеруге күш салуын ұжым басшылығы мен мүшелері де жоғары бағалайды. Тәжірибелі тәрбиеші туралы №1 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлмира Даниярова «Гүлфайруз Тоқтанқызы ұжымдағы белді қызметкерлердің бірі. Өз жұмысына тиянақты жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз, тәжірибелі тәрбиеші. Адами жағынан болсын, қызметкер жағынан болсын, қарапайым әрі адал жан. Ол баламен балаша ойнап, баланың, ата-ананың көңілін тауып жұмыс жасай алады. Ол тек тәрибеші ғана емес, жан-жақты өнерімен ерекше. Кез келген істі уақтылы орындап отырады. Өзіндік пікірі бар жайдарлы, нағыз өз ісінің маманы. Жалпы, балалар да, ата-аналар да оның адамгершілік болмысына риза» деп тәрбиеші тұлғасын суреттеді.
Ал, балабақшаның әдіскері Ғалия Ақтанова «Оның актерлік шеберлігіне таңқаламыз. Түрлі ертеңгіліктерде, іс-шараларда, қойылымдарда өзіне тиесілі кейіпкерін жоғары дәрежеде сомдап шығады. Балаға қуаныш сыйлау үшін еш аянбайды. Баланы өзіне үйіріп алып, баламен балаша тілдеседі. Сабақ уақтысында түрлі әдістерді қолданып, баланың танымын кеңейтіп, ой-өрісін дамытады. Оның өткізген шаралары жоғары дәрежеде өтеді. Тың идеялар айтып, үнемі іздесте жүреді» деген пікірін жеткізді.
Ұжымға сыйлы, ата-ананың құрметіне ие, бала жанының бағбанына айналған Гүлфайруз Тоқтанқызы: «Бізге балалардың амандығы аманатталады. Ата-аналар балаларына жақсы тәлім-тәрбие, білім береді деп сенім артады. Осы сенімнің үдесінен шығу үшін, ата-аналар балаларына алаңдамауы үшін баланы күліп қарсы алып, баламен балаша тіл табысамыз. Осы топта 20 жылға жуық бүлдіршіндерді кезең-кезеңімен тәрбиелеудемін» дейді.
Ол өмірлік мақсаты мен арманын тәрбиеленуші бүлдіршендерімен байланыстырады. Топтан түлеп ұшқан балалары жақсы азамат, тұлға болып қалыптасқанын қалайды.
-Бізге әртүрлі бала келеді. Қанша бала болса сонша болмыс, мінез бар. Солардың барлығын бір ортаға сыйдырып, үш мақсатта жұмыс істеуіміз керек. Яғни, балаға берген білім тәрбиелік, білімділік, дамытушылық жағынан әсер етуі керек. Менің шығармашылық жұмысым ертегімен байланысты. Сондықтан балаларға қазақ халқының «Бауырсақ», «Жеті лақ», «Шалқан», «Мақта қыз бен мысық» ертегілері мен «Алдар көсенің» оқиғаларын айтамын. Ертегінің тәрбиелік маңызы зор. Ой-өрісін дамытумен қатар, тіл алғыштыққа, мейірімділікке, достыққа баулиды.
Мұнда балалар түсті ажырата алады. Ойын арқылы ортаға бейімделеді. Әр баланың ойынға бейімі арқылы қай мамандыққа жақын болатынын аңғаруға болады. Мемлекеттік Әнұранды жатқа біледі.
Бала жылулықты, көңіл бөлгенді жақсы көреді. Олармен жұмыс жасағанда да эмоцияны өзгертіп, түрлі әдістерді қолдану керек. Олай болмаса бала жалығады. Топтағы бала күтуші Айман Аманжолқызы да бүлдіршіндермен жұмыс істеуде өз көмегін аямайды. Бірлесіп топтағы балалардың уақытын тиімді әрі пайдалы өткіземіз. Сонымен қатар, әріптесім Майра Ахметова да балаларға жақсы білім мен тәрбие беруде үлесін қосуда.
Менің өмірім – балабақшам. Менің кішкентай бөбектерім. Әр күні олардың күлімсіреген жүзін көруге асығамын. Әр бала келіп маған еркелейді. Қуана қарсы алады. Бүлдіршіндерді көргеніме мен де қуанамын. Олармен бірге жүргенде балаша шаттанамын. Мен өз жұмысымды, балаларды жақсы көремін. Олар «апалап» алдымызға келгенде мейірленіп, барлығын ұмытып кетеміз, – дейді тәжірибелі тәрбиеші.
Өзгелердің баласына білім мен тәрбие беріп жүрген ол отбасында екі ұл, екі қызды дүниеге әкелген. Тұңғыштары Сандуғаш Алматы қаласында сұлулық салонында жұмыс істейді. Ұлдары Нұрсұлтан ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында ағылшын компаниясында еңбек етеді. Ал, ортаншы қыздары Баян Ақтау қаласында кәсіпкерлікпен айналысады. Үйдің кенжесі Диас №15 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы.
Баланың жанына терең үңілген жан ғана оның жүрегіне жол табады. Бала жанының бағбаны қандай болса, өскелең ұрпақ солай өнеге алып өседі. Тәжірибелі Гүлфайруз Тоқтанқызы ұжымның мақтанышы, балалардың қамқоршысы. Осынау мамандықтың қыр-сырын, қиындығы мен қызығын балалармен бірге жүріп сезінеді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»