Basty bet
Сала озаттары марапатталды
Қарашаның үшінші жексенбісі елімізде Ауыл шаруашылығы, тағам және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні болып аталып өтеді. Кәсіби мерекеге орай өткен аптаның соңында облыс және аудан басшылығы өңірдегі ауыл еңбеккерлерін құттықтап, сала үздіктеріне марапаттар табыстады.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиналғандар LED экраннан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиынды бейнеконференц режімінде тамашалады. Бердібек Машбекұлы караниндік шектеулерге байланысты шараның осындай пішімде өткізіліп отырғанын айта келе, өңірдің ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізілген жетістіктерді және мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Өңір басшысының айтуына қарағанда, өңірде ауыл шаруашылығы саласында алынатын өнім көлемі жылдан жылға арта түскен. «Жалпы биылғы жыл облыс үшін жаман болған жоқ. Он айдың қорытындысымен өнім төрт есеге көп өндіріліп, 323 млрд. теңгені құрап отыр. Мемлекет тарапынан облыстың ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 30 млрд. теңге қаражат бөлінді. Экономикалық дағдарыс, өнім көлемінің құлдырауы жағдайында ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштердің жақсаруы ауыл еңбеккерлерінің, сіздердің арқалаңыз» деген облыс әкімі масақты дәнді дақылдардан алынған өнім гектарына 22,7 центнерден айналғанын тілге тиек ете келіп, «ендігі мақсат оны сақтап, өңдеп, халықты сапалы, арзан ұнмен, нанменен қамтамасыз ету»,- деді ол.
Облыстың картоппен, алмамен, ара балымен мақтанатынын еске салған Бердібек Сапарбаев осы үрдісті әрі қарай жалғастыру керек екенін атап көрсетті.
– Өз табиғатымызды, жерімізді, оның әлеуетін толық пайдаланып, сұранысқа ие дақылдарды егуіміз қажет. Түркиямен бірлесіп, өңірді құлпынай мен таңқурайдың отанына айналыру жобасы қолға алынуда. Сонымен бірге, алма өсіруде де нақты қадамдар жасауымыз керек. Тұрар Рысқұлов, Меркі және Жуалы аудандарының таулы алаптарында бұған мүмкіндік мол. Балық шаруашылығын, соның ішінде форель шаруашылығын дамыту межеленіп отыр. Аймақтағы 22 өзен-көлде балық өсіру, олардың маңынан демалыс аймақтарын ашу қажет.
Басты міндет – тұқым сапасын жақсарту болып табылады. ІІІ, ІҮ репродукциялы тұқымдар егіліп, өнім тиісінше алынбады дейміз. Су мәселесінде шешімін күткен проблемалар бар. Қырғыз суынан тәуелділіктен арылуымыз қажет. Су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 800 млн – 1 млрд текше метр суды өзімізде жинауға мүмкіндігіміз бар, – деді облыс әкімі.
«Қарапайым заттар экономикасы» қанатқақты жобасының өңірде табысты іске асырылып жатқанынан хабардар еткен Бердібек Сапарбаев онымен қабат қолға алынған тағы бір «Алқаптан – сөреге» атты жобаның міндеттеріне тоқталды. Қала, аудан әкімдеріне осы ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалдарсыз, тікелей тұтынушыға жеткізу мақсатын көздейтін бұл жоба аясында қалалар мен аудан орталықтарында сауда павильондарының желісін ашып, санын көбейтуді қолға алуды тапсырды.
Бүгінде шаруашылықтар пайдаланып жүрген техниканың 90 проценті ескірген. Осы ретте мемлекеттің қолдауымен алда тұрған бес жылда оның жартысын жаңартуымыз қажет.
Облыс әкімі сөзінің соңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар сала үздіктерін салалық министрліктің, облыс әкімінің Құрмет грамтомасымен, Алғысхаттарымен марапаттады. Солардың қатарында Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев пен «Бурное» сүт компаниясы» ЖШС директоры Әбдібек Пошқаев «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен (суретте), «Озат сауыншы» номинациясының иегері «Ахмет» ШҚ сауыншысы Сәуле Ахметова бар. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.
Ауданның үздік ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін аудан әкімі Нарбай Ергебеков те кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар сала озаттарын аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғысхаттарымен марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»