Basty bet

Хас Батырдың өміріне арналды

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес 27 қараша мен 30 қараша аралығында ауданда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтсақ, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Гүлнұр Қадырбекқызы және аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай жас ұрпақтың бойында еліне, жеріне деген патриоттық сезім қалыптастыру мақсатында батырды пір тұтып, есімін батырдың құрметіне Бауыржан есімін иеленген балаларды жинап, Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейіне саяхат ұйымдастырды. Балалар бұл саяхаттан жақсы әсер алды.
* * *
Батырдың туғанына 110 жыл толуына орай өткізіліп жатқан іс-шаралардан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де тыс қалып жатқан жоқ. Жақында орталық кітапхана қызметкерлері «Алаштың айбыны – Бауыржан Момышұлы» деп аталатын кітап көрмесін жабдықтап, оқырмандарға ұсынды. Онда Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орай жарық көрген 30 томдық шығармалар жинағы, даңқты қолбасшының қаламынан туған шығармалар жинағы мен оның өміріне қатысты басқа да кітаптар қойылды.
* * *
30 қараша күні Шақпақ ауылдық округіне қарасты Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің және Амангелді атындағы орта мектептің спорт залдарында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне және Б.Момышұлының туғанына 110 жыл толуына арналған волейболдан аудан жастары арасында ашық турнир өтті. Турнирге ауданнан алты құрама және жергілікті үш құрама барлығы тоғыз команда қатысты.
Турнирді Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашенов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыстың бас төрешісі Н.Сазанбаев командаларды жарыс ережелерімен таныстырды.
Командалар арасында жеребе тасталып, спортшылар екі топта өнер көрсетті. Төрт сағатқа жуық созылған іріктеу ойындары бойынша командалар өз өнерлерін көрсетті. Үшінші орын үшін Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің ұстаздарының құрамасы мен №15 мектеп-лицейдің құрамасы бақ сынасып, 1-2 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді.
Ақтық сыңда Шақпақ ауылдық округі Қ.Сағындықов атындағы орта мектеп оқушыларының құрамасы мен Нұрлыкент ауылынан келген М.Ломоносов атындағы орта мектептің ұстаздары мен ауыл жастарынан құралған команда округ әкімінің кубогын сарапқа салды. Тартысты өткен ақтық сында жастар үлкендерге жол беріп, Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің құрамасы екінші орынды місе тұтты. І орынның жүлдесі М.Ломоносов атындағы орта мектептің ұстаздары мен ауыл жастарынан құралған командаларға берілді. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға ұйымдастырушылар тарапынан кубок, медальдар мен арнайы дипломдар табыс етілді. Жүлдегерлерді Шақпақ ауылдық округінің әкімі З.Пашенов құттықтап, марапаттарды тапсырды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close