Basty bet

Қай істе болсын алдын алу маңызды

Кеше аудан әкімі Нарбай Ергебековтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібінде аудан аумағында электр желілерімен қамтылуы, ауданда орналасқан электр құрылғыларының сапасы мен жағдайы туралы және табиғи газдың берілуі және қамтылуы, төлем бағалары туралы мәселе қаралды.

Бірінші мәселе бойынша аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сарсенов баяндама жасады. Әрине, мекеменің жыл бойына атқарған жұмыстары аз емес. Алайда атқарылуы тиіс жұмыстар әлі де өте көп.
Аудан әкімі мекеме басшысына ауданымызда халықты электрмен қамтамасыз ету тұрақтылығы әлі де төмен деңгейде екенін баса айтты.
-Жыл сайын халыққа есеп беру жиналыстарында сұрақтардың 40 проценті осы электр жарығына қатысты болады. Яғни, электр бағаналарын ауыстыру қажеттігі, болмашы желге бола электр жарығының өшіп қалуы, бағаналардың, басқа да электр құралдарының тиісті талапқа сай болмауы, тағы да басқа мәселелер.
Жақында ғана болған боранның өзінде қаншама жерде жарық өшіп қалды.
Жеке кәсіпкерлер тиісті техникалық талаптарды орындамай жатса, оларға қойылар талап басқа. Жалпы, халықты электр жарығымен тұрақты қамтамасыз етулеріңіз керек.
Әрбір ауылдық округтің әкімі өз аймақтарындағы бұл мәселеге қатысты проблеманы жетік білуі және оны талап етуі қажет.
Сонымен бірге диспетчер мамандарыңыз халықтың сұрағына мәдениетті, барынша түсінікті жауап беруі тиіс,- дей келіп Нарбай Әбілқасымұлы Рабат Полатұлына алдағы жылға арналған жоспарларын аудандық әкімдікке алдын ала беріп отыруын тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Асқар Байдосов баяндама жасады.
Ауданымыздағы 49 елдімекеннің 32-сі көгілдір отынмен қамтылған. Үстіміздегі жылы тағы да сегіз елдімекенге жоғары қысымдағы газ құбырлары жеткізіліп, ауылішілік газ құбырлары тартылды. Ендігі кезекте осы елді мекендердегі 976 тұрғын үйді газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Аудан әкімі газ шаруашылығы мекемесінің басшысынан осы ауылдарға газ кіргізу жұмысын жеделдетуді, сонымен бірге ауыл-ауылдардағы қауіп төндіріп тұрған газ құбырларын алдын алып жөндеуді, жалпы құбырларды сырлауды басты назарда ұстауды да тапсырды.
Сонымен бірге аудандағы көмекке мұқтаж отбасылардың үйіне газ кіргізіп беру мәселесіне мекеме тарапынан да көмек көрсетілсе деген ұсынысын жеткізді. Аудан әкімі ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшыларынан ауылдағы көмекке мұқтаж жандарға көп болып көмектесуді ұйымдастыруды басты назарда ұстау қажеттігін ескертті.
Аппараттық кеңесте басқа да маңызды мәселелер талқыланды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close