Basty bet

Қызмет жолын туған ауылынан бастаған

Аудан жаңадан құрылған 1928 жылы Бауыржан Момышұлы Шымкенттегі жетіжылдық мектепті бітірген еді. Оның алғашқы еңбек жолының кіндік қаны тамған елінен басталғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Бұл туралы майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогында қолмен қойғандай етіп тәптіштеп жазылған.

Ол тұста мұғалімдер даярлайтын ҚазПИ Орынборда еді. Мұғалім болуды мақсат тұтқан Баукең тәуекел деп сонда тартып кетеді. Алайда, суық жерде жағдайы болмайды. Содан көп ұзамай, елге қайта оралады да, губерниялық (ол кезде Жамбыл, Шымкент, Қызылорда үшеуі бір губерния болатын) оқу бөліміне қарасты бастауыш мектепте екі жыл мұғалім болады.
Бұл ел басқару ісіне баулу үшін жергілікті ұлт адамдарын жоғары қызметтерге көтеріп жатқан шақ еді. Бурныйда да икемі бар қазақтар жоғарылатыла бастады. Бір жақсысы олардың орынбасарлары мамандар, орыстар болатын. Білімі аз басшыға істің мән-жайын солар үйретіп отыратын.
Аупартком мен ауаткомда екі адамнан жұмыс істейтін: хатшы мен есепші, төраға мен жауапты хатшы. Аупарткомның хатшысы Кабаков деген кісі, ал ауатком төрағасы Дүйсенғали Бурабаев деген семинария бітірген бұрынғы мұғалім еді. Сол арада аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы Губанов орнынан түсіп қалып, аупартком мен ауатком оның орнына кандидатура таба алмай сасады. Бурабаев өзі бұрын мұғалім болған соң ба, кім білсін, әйтеуір, Бауыржанға тоқтаса керек.
Сонымен жиырма жасар Баукеңді, ай-шайға қаратпастан, аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы етіп тағайындап кеп жібереді.
Бауыржанның жауапты хатшының жұмысынан еш хабары жоқ. Әйтеуір, оңаша кабинеті бар. Қалқиып сонда отырады. Оңаша отырғаннан кейін оның не істеп, не тындыратынын ешкім біліп жатқан жоқ. Бастығы Бурабаев «ана мәселе, мына мәселе жөнінде аудандық атқару комитетінің қаулысын, шешімін шығар, ана жерге қатынас жаз, мына жерге жарлық жібер» деп үстемелеп тапсырма береді.
Бұл олардың қалай жазылатынын да білмейді. Бірдеңелерді нобайлап, осылай болар деп тұспалдап, Бурабаевқа апарып береді. Бурабаев ұстамды педагог еді. Жазғандарын алдына алып отырып, ұрыспастан, ренжіместен, ерінбей соларды бірі қызыл, бірі көк түсті қарындашпен түзететін де отыратын.
Сонымен Бурабаев қып-қызыл ала етіп берген документтерді қайта көшірумен күн өткізетін. Әр документтің соңына аудандық атқару комитетінің төрағасы Бурабаев деп ол қол қояды, жауапты хатшысы Момышұлы деп бұл қол қояды. Ал шындығына келгенде, аудандық атқару комитетінің төрағасы да, хатшысы да Бурабаев еді.
Не керек, ақыры Бурабаев мұны үйретіп шығарды. Сөйтіп, Бауыржан Жуалыда үш жыл аудандық атқару комитетінің хатшысы болды.
Бертінде Жуалыға тағы да екі аудан қосылып, үлкейгенде, ауаткомға төраға болып Таран Бердібаев деген кісі келеді. Ал аудандық партия комитетінің хатшысы болып Ефимов тағайындалды. Бауыржан жаңа төраға Бердібаевқа жақпайды. Өзі сауатты кісі еді. Бұл бірдеңені қате істесе, ол үйретудің орнына тыржиятын болды. Үйретуге үйреніп қалған басы, бұл да тырсия қалып жүрді. Ақыры ол Баукеңді хатшылықтан босатуға айналды.
Сол кезде Баукеңді аупартком хатшысы кабинетіне шақыртып алады. Соның алдында ғана аудандық милиция бөлімінің бастығы орнынан түскен еді. Ефимов бұған соның орнын ұсынады.
«Менің қолымнан келе ме?» деп күмілжіген Бауыржанға Ефимов зор сенім артып, милиция бастығының орынбасарларын өзіне алдыртады. Олар жасы үлкен адамдар екен. Ефимов соларға қарап: «Бала демей, бағыныңдар. Көмектесіңдер» деп қатаң тапсырма береді.
Сөйтіп, Бауыржан Момышұлы Жуалыда алты ай милиция бөлімінің бастығы болады. Кейіннен сүзекпен ауырып, ол қызметтен түсіп қалады.
Бауыржан милицияға бастық болып тұрған кезде бастан өткізген бір-екі хикаясы бар.
Ол кезде Сырдария губерниясында Емельянов деген аса маңызды істер жөніндегі тергеуші бар еді. Ол өзі бір өте білімді заңгер болатын. Аудандық милицияға бұл бастық болғаннан кейін, бір күні Жуалыға сол кісі келіп қалды. Бауыржан ол кісіні бұрын көрмеген. Қаперінде түк жоқ, кабинетінде отыр еді, бір тәпелтек кісі кіріп келеді. Сәлемдескеннен кейін бас-аяғына қарап алып, милиция бастығының қайда екенін сұрады.
Тегі бұның түріне қарап, бастық шығып кеткенде, соның орнына келіп отырған жас милиционердің бірі шығар деп ойлаған болуы керек. «Мен» деді Момышұлы орнынан ұшып түрегеліп.
Ол кісі документін көрсетті. Сөйтсе, Емельяновы осы кісі екен. Баукеңнің бастық болғанына 5-6 ғана күн болған. Не бар, не жоқты білмейтін.
Емельянов бірден «түрмені көрейік» деді. Түрмеге келіп, жағдайды көреді. Адам деген бығып жатыр. Емельянов әркімдермен сөйлесіп, «не үшін жатырсың?» деп сұрайды. Олар білмейді. Қорада 69 ат байлаулы тұр.
«Бұлар кімдікі?» деген Емельяновқа: «Түрмедегі қазақтардікі» деп жауап береді.
Емельянов Бауыржанды ертіп, қайтадан кабинетке келеді. Содан кейін сабырмен кодексті алып көрсетіп, түрмеде жатқан 250 адамның көбіне қамауға берілген санкцияның жоқтығын, ал оның заңсыздық, совет заңын бұрмалаушылық болатынын түсіндіре бастады.
«Адамды қылмысы болса, түрмеге қамауға болар. Бірақ олардың аттарын түрмеге қамауды қайдан тапқансыздар? Меніңше, милиционерлеріңіз өзіне жақпаған адамдардың бәрін айдап әкеп түрмеге қамай берген. Ал протоколсыз бір адамды түрме босағасын аттатуға қақыларыңыз жоқ. Әрине, бұл сіздің кінәңіз болмас, сіз жаңадан ғана тағайындалған екенсіз. Енді осы адамдардың қаншасына протокол жасалған екен? Соларды тексертіп, осында алдырыңызшы» дейді тексеруші.
Бауыржан аппаратын шақырып, Емельяновтың тапсырмасын айтады. Жұрттың бәрі Емельяновтан қорқып зыр жүгірді. Тексере келгенде, 50 адамға ғана протокол жасалған болып шықты.
«Протоколсыз жатқан адамдардың бәрін де қазір өзіңіз барып, түрмеден босаттырыңыз» деді Емельянов милиция бастығына.
Сол арада Бауыржан екі жүз адамды бірден түрмеден босаттырды. Қазақтар өздерінің босағанына сенер-сенбестерін білмей бұған қайта-қайта жалтақтап қарай береді.
Ертеңінде Емельянов протокол заңсыз жасалған деп тағы да жиырма адамды босаттырды. Содан соң ол жиналыс өткізіп, жеке құрамға социалистік заңдылық туралы лекция оқыды. «Совет азаматтарынан заңсыз бір адамды түрмеге отырғызған адам өзі түрмеге қамалады» деді. Бәрінің зәресі ұшты. Әпербақан милиционерлер моп-момақан болып қалды.
Осыдан кейін Баукең қылдай қиянат көрсе, қылыштай қырқып отыруға бекінді. Әртүрлі кодекстерді оқып, оның әр статьясына зер сала бастады.
Емельяновтың ауданға бір келіп-кеткені Бауыржанға кішігірім бір мектептей болды. Сонымен жұмысын ептеп игеріп, қаз-қаз басып, қалтақ-құлтақ жүре бастағандай шаққа жетті.
Бір күні ауданға өлкелік партия комитетінің өкілі болып, жабдықтау халық комиссары Нығмет Сырғабеков деген кісі келді. Ол кісі аудан аралайтын болып, Ефимов пен Бердібаев мұны соның қасына қосып берді. Сырғабеков ақылды, байсалды, барынша көшелі адам екен. Жол-жөнекей барлық жағдайды сұрап, істе жіберген кемшіліктеріне талдау жасап, ағалық ақыл-кеңесін ақтарыла айтып, жөнге келетін, жобаға жанасатын істеріне қатты қуаныш білдіріп, жанын жасытпай, жігерлендіріп ынталандырып отырады. Емельяновтың келуі ауылда совет жұмысын жүргізудің бірінші басқыш мектебіндей болса, Сырғабековтың келуі Баукеңе екінші басқыш мектептің білімін бере бастағандай еді.
Үшінші күні кешке қарай Сырғабековпен бірге Бурныйға келгенде, Бауыржанның досы Кононенконың үйіне түсті. Келсе, Кононенконың кішкентай қызы қатты ауырып жатыр екен. Баукеңнің түрі түксиіп тұрғанымен, аса балажан адам. Бұл оның кішкентай күнінен бойыма сіңген дағдысы. Сол дағдымен қолды-аяққа тұрмай шырқырап жатқан баланың маңдайынан сипап, бір кішкентай көтеріп жүріп еді. Сөйтсе, ол бала сүзекпен ауырып жатыр екен.
Ертеңінде бұлар басқа ауылдарға тағы да жүріп кетті. Таңертең бойы ауырлап тұрған сияқты болды. Жолай өн-бойы қатты қызып, қалшылдай бастады. Сырғабековке «ағай, мен ауырдым» деуге ғана шамасы келді. Содан соң не болғанын білмейді.
Сырғабеков мұны дереу аудан орталығына жеткізіп, ауруханаға жатқыздырады. Сол жатқаннан ауруханада екі ай жатты. Ал милицияға бастық керек. Бұл ауруханада жатқанда, бұрынғы взвод командирі Мұқатай Егенбаев деген жігіт милиция бастығы болып тағайындалады.
Сөйтіп, Бауыржан Момышұлы милиция бастығы болып алты ай жұмыс істеген қызметімен қош айтысады …

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close