Basty bet

Дәстүрді дәріптеген Баукең ағам!

1959 жыл. Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетінде сырттай оқып жүргенмін. Бауыржан ағаның үйіндегі Жаркен жеңгеммен тұрып жатырмын. Аға аяғын мерттіктіріп алып, ауруханадан шыққан соң демалуға кетіпті, жеңгем жалғыз қалыпты, аға келгенше қасында болуым керек болды. Бұл шешімге Құрманбек аға мен Сара жеңгем де келісті. Мен келген күннің ертесіне Жаркен жеңгем (ол кісі атақты әртіс Қалибек Қуанышбаевтың қызы) құрбысы Шөкетті ертіп, үшеуміз Бауыржан аға жатқан демалыс орнына баруға шықтық. Таксиге мініп, бұрыңғы Ленин көшесінің жоғары жағында орналасқан демалыс үйіне келдік. Аға жатқан бөлменің есігін қаққан жеңгем біз артында тұрмыз, ағаның көңіл-күйі жақсы болуын тілеудеміз. Әйтпесе бәрімізді қуып жіберуден тайынбайды.

Есікті ашқан ағамның өзі болды. «Эдра» дей бастады да, біз екенімізді көріп, мені құшақтай алды, бетімнен сүйіп, ішке кіргізді. Жеңгем мен оның құрбысымен де амандасты. Өте көңілді қалыпта бөлмесінде карта ойнап отырған екі ағаға таныстырып жатыр: -Бұл менің Күнтай қызым, қараңдаршы, қазақ қыздары осындай болуы керек емес пе? Қазақы бояусыз келбет, сызылған мінез, шашы кесілмеген, бәрі өзіне жарасып тұр. Аға қыздардың шашын кеспей, екі өрім етіп, бар болса шашбау тағып жүргенін қалайтын. Шөкетті де сол үшін сыйлап, құрметтейтін, өйткені оның шашы ұзын, тілерсегіне түсетін. Шөкет – атақты әртіс Шолпан Жандарбекованың сіңілісі болатын. Ол кезде қазақ театрында «Еңлік-Кебек» спектаклі жүріп жатқан. Жеңгемнің әкесі Абыз рөлін, Шолпан-Еңлік рөлін ойнайтын. Сол үшін бе, әлде үшеуміз де театрды жақсы көреміз бе, күнде барамыз. Еңлік пен Кебекті өлтіріп жатқан жерінде Жаркен жеңгем күнде жылайды, жүрегі сондай жұмсақ. Театр толы жастардың біреуінен күлкі шықса, орнынан тұрып, қатты ренжиді:
– Өнерді сыйлау керек, қойылымды жан тәніңмен беріле көруге тырыс, – деп жатқаны.
Ағамен дастарқанда бірге отырғанымызда жеңгеме қалжыңдап: – Қазақ қызы деп бүкіл Мәскеуден сені таңдап алғаным-ай, не ұзын шашың жоқ, не төсің жоқ өзің еркектерше темекі шегесің, дене бітімің әкеңе ұқсаған еркек тұлға, нәзік емессің. Әй, сен маған бала тауып беріп қарық қылмассың, бірақ мінезің жақсы, ақылың мол… дейтін.
Шет тілдері институтының неміс бөлімінде істейтін жеңгем ағаның сөзіне мәз болып аңқылдап күлетін. Сөйтсем, батыр ағам әйел затының халқымыздың дәстүріне лайық болуын қалайды екен ғой.
1960 жылы ағаның 50 жылдығы болды да, Жаркен жеңгемді ертіп елге келді. Аудандағы мәдениет үйі сонда жаңадан салынған болатын, ағаны құттықтауға келген жерлестеріне зал лық толды. Халық алдына шыға бере аға Жаркен жеңгеме:
-Әй, қатын, менің еліме иіліп сәлем ет, осы елдің келінісің, – деуі де ағаның дәстүрді сыйлайтынын көрсетеді. Кезінде ағаның осындай мінездерін кейбіреулер ерсі көрген. Бұл ата салтыңды ұмытпа дегені екен.
Бауыржан ағаның үлкен әпкесі Үбиан қайтыс болып, бәріміз көңіл айтуға бардық. Ол кісінің Аяюбаев Сапарбай деген баласы бір мектепте істейтін. Диқан ауылынан Қайраттағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы мектепке келетін, руы байтана еді. Мектеп директоры Әлімбеков ағамыз бастап, бүкіл мектеп ұжымы барсақ, есік алдында ақ таяққа сүйеніп, батыр ағамыз бүгіліп жылап тұр. Үбианның барлық балаларын қатар түзетіп, таяққа сүйентіп қойыпты.
Кешке отбасымызда ағаның санау Алматыдан дер кезінде жетіп, ата дәстүрімен таяқ ұстап тұрғанын әңгіме еткенімізде менің қайын атам Кемелбеков Кенжебек:
– 1942 жылдың қақаған қысында Момыштың інісі Момынқұл қайтыс болып, қан майданнан арнайы пойызбен Бауыржан келген. Біз алдынан 2-3 ерттеулі ат алып шығып, күтіп алғанбыз. Қатты боран соғып тұрды, батырды бір атқа мінгізіп, Талапты ауылына жақындағанда, Бауыржан «бауырымдап» ат қойды. Соғып тұрған бораннан оның не айтқанын түсінбеген, артында келе жатқан көмекшісі «Бауыржан, Бауыржан», – деп ол да ауылға қарай шапқан, – деп еске алды. Бауыржан аға Мәскеуден келсін, Алматыдан келсін менің атам мен Еркінбек Сауранбеков екеуі қазақ үй тігіп, күтіп алатын. Бауыржан ағаға төсейтін көрпелерін енем буып-түйіп бөлек сақтайтын, ешкімге төсемейтін, аға жерде отырып тамақ ішіп, жерде көсіліп жататын. Қымыз бен жылқы етінің ысталғанын, қойдың үйтіліп сойылуын ұнататын.
Ауылдағы келіндер босанса, ағадан сүйінші сұрайтынбыз. Уақытын бөліп, ағамыз соларға жөргек, жаялық салып жіберуші еді. Ауылға келгенде қайтыс болғандарды түгендеп, құран оқып шығатын. Адамды сыйлау, нәрестеден бастап марқұм болғандарға дейін құрметтеу, парыз бен ар-ұятты қасиет тұту – ұлы ағаның өзіне біткен ерекшелігі еді. «Адамды бәрінен де ардақтау – адам бойындағы адамгершілікке, Отанға, елге, үй-ішіне, адамға, өмірге деген сүйіспеншілік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелейді», – деген батыр қағидасын ұмытпауымыз керек. Бауыржан аға қазақтың ұлттық ою-өрнегіне көп мән беріп, қолы боста қайшымен әсем оюлар ойғанын қалай ұмытамыз? Аға қолымен ойылған ою-өрнектер бір альбом, қазір Бақытжанның үйінде сақтаулы. Өмірінің көбі әскери қызметпен өткен, кейіннен жазушылықпен айналысқан ұлы тұлға әр облысқа, әр өлкеге тән ерлер мен әйелдердің ұлттық киімдерінің ерекшеліктерін де тез айыратын.
«Батамен ел көгерер» деген қазақ мақалынан терең философияны ұғынған аға үлкендерден бата алуды қалайтын. Соғыс кезінде Жамбыл Жабаевқа арнайы келіп сәлем берген, батасын алған, кейіннен жалғызы Бақытжанды да Жамбылдан бата алуға алып келіпті, өмірінің соңына дейін өзі де көптеген Бауыржандарға бата бермеді ме?
Бауыржан батырдың кітаптарын оқыған әрбір адам халықтың салт-сана, әдет-ғұрпы, дәстүрін қаншалықты білгенін, ұлттық ойындардың маңызын дәріптегенін біледі.
18.04.1943 жылы Республика басшысы Оңдасыновқа жазған хатында: «Әдет пен әдеп» туралы ашық айтып, мына мақалдардың мәнін түсіндіреді: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады», «Тексізден тезек артық», «Арсыздан айуан артық», «Жаным – арымнан садаға», «Өлімнен ұят күшті» т.б.
– Соғыста «Әдіссіздік – әлсіздік», «Ептілік – ерлік» екеніне көзім жетті, сондықтан ұлттық ойындар асық, шілік, жасырынбақ, жарыс т.б. жастарды ептілікке, дәлдікке, ойлануға, қайраттылыққа үйрететінін түсіндім. Сол ойындарды жастар арасында жандандыру керек. Көкпар, бәйге, аударыспақ, сайыс-халқымыздың ежелгі спорттық ойындары емес пе еді? Олар жастарды барлық жағынан тәрбиелейді, бұл ойындар дәстүрімізге сай, – деп жазды Баукең аға.
Бауыржан аға тіл мәселесін де бұдан 75 жыл бұрын көтермеп пе еді?
15-25.02.1944 жыл. Мұхамеджан Әбдіхалықовқа:
– Ежелден, атам заманнан тіл-елдің мәдениеті, әдебиеті, өсіп-өніп, отбасындағы үй тіршілігінен бастап, қоғам, халық, ел-жұрттың, жалпы мәдениеттің арнаулы құралы – ғылымның атаулы саласы екендігі даусыз. Тіл – адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан, тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнер кәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының жауынгерлік дәстүрінің – бай мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері.
Қазақ тілі өзінің таза түрінде бірнеше ғасыр біздің заманымызға дейін өткірлігімен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан жүйеңді жандандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымыңа керегінде жанға тиіп, ашындырып, өтін сыртқа шығарып, қысылтаяң атал жағдайда қайрап, егеп, ерге, елге медет болып, ел намысын, ер намысын, адамгершілік арын қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып туғызып, адам түгіл тағайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған жоқ па еді?
Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге, нағыз белгісі емес пе?
Қазақ тілі туралы үкімет қаулысы шығып, қазақ тілін республикамызда мемлекет тілі ету заңды қажет екені даусыз болғандықтан, осы күнге дейін бұрмалап, бұзып келген мінезге, беталысқа бұдан былай жол беру – қазақ тілін архивке тапсыру болып шығатынын ескеріңіз, – деп жазды.
«Тілсіз – айуан», «Тілі кедей елді мәдениетсіз, надан халық деп санайды», – деп ағамыз соғыста жүргенде-ақ шырқырады.
Қазіргі біздің басымыздағы жағдайды асқан көрегендікпен болжап, сол кесапатқа тыйым салуға тырысқан.
Көшеде бояу ерін сылқылдаған,
Бұлдырлап орысшалап жырқылдаған.
Ұмытып ана тілін, салт-санасын,
Не қалды тілімізде жыртылмаған?!
Отбасы түсініксіз жатқан былдыр,
Газетте қазақ сөзі аз, шылдыр-мылдыр.
Ойпырым-ай, сандырақ па,
Бұл не былжыр?!….
(15.02.1944ж.)
Жастарды тәрбиелеуде ауыз әдебиеті үлгілері мен ұлттық ойындардың қандай маңызы барын айтып, тіл тазалығын сақтауды қатаң тапсырған аға алдында мың мәрте басымызды июге тура келеді!
Аға өнегесінен үлес алып өскен жанның бірі – мен! Әруағың жебеп жүрсін, Батыр бауырым!

Күміс Пармашқызы,
«Ерен еңбегі үшін», «Ыбырай Алтынсарин», «Еңбек ардагері» медалдарінің иегері, қажы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close