Basty bet

Бауыржан айтқан бата сөз

Бауыржан Момышұлының өз қолымен жазып қалдырған батасы сақталған. Батасының мазмұны кең, ойлары терең. Ол бата шешендік сөз түрінде еркін төгіліп айтылған. Ендігі жерде Бәукең батасын терме етіп, халыққа сахна арқылы әндетіп айтып тарату мақсатында жерлесіміз, белгілі қаламгер, ауданымыздың Құрметті азаматы Сәбит Райысұлы Дүйсебаев оны өлең нұсқасына келтіріп қайта жазды. Бұл өңделіп жазылған Бәукеңнің батасын әуесқой сазгер, өңірімізге әйгілі болған әнші Жандар Жаңабаев өзінің Халық театры атағын алған отбасылық ансамблі репертуарында өзі шығарған мақаммен тұрақты орындап, елге жайып, танымал етті. Төменде Бауыржан батасының С. Дүйсебаев өңдеп жазған «Бауыржан айтқан бата сөз» деген терме мақамымен айтуға лайықталған өлең нұсқасын ұсынып отырмыз.

Бауыржан айтқан бата сөз –
Батырдан қалған ол бір көз.
Қыдыр қонған ер еді,
Дегені болған шері еді.
Сөзіне қатал ие еді,
Дуалы аузы кие еді.
Бауыржан айтты дегенді
Берейін айтып мен енді
Жебеп жүрсін деп елді,
Қолыңды жай, кел енді:
«… Уа, Алла-Құдай-Тағалла,
Бергейсің сабыр, қанағат.
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет.
Мәңгілік кім бар өмірде,
Мезгілсіз сақта өлімнен.
Тар пейіл сақта туыстан,
Ала ауыз болып суысқан.
Көкдолы сақта қатыннан,
Жөн білмес достан, жақыннан.
Қазақы қалпы бұзылған
Ұятсыз сақта қызыңнан.
Сақтағын құдай келіннен,
Көкірек керген, ерінген.
Дәулет берсең – сайлы бер,
Өмір берсең – жайлы бер.
Алладан сұрап медетін,
Перзентке өсиет етемін:
Алланың берген рақымы
Білімнен қалма мақұрым.
Еңбек етпей жатпағын,
Алғыс болсын тапқаның.
Ақиқаттан аттама,
Ел намысын таптама.
Серігің сенің – адалдық,
Әділдік, ізгі адамдық.
Алаштың арын сақтағын,
Ата жолын жақтағың.
Айырылып қалма дініңнен,
Айырылып қалма тіліңнен.
Тәртіп сүйген құл болмас,
Тәртіпсіз – елге ұл болмас.
Отан үшін отқа түс,
Алла саған берер күш.
Есен бол, ер бол, өсе бер,
Көгерсін құтты көсегең.
Осыны, Алла, құрап бер,
Жомарттық қылсаң, бір-ақ бер!»

Таңдаулы материалдар

Close