Basty bet

Қытымыр аяз біраз үйді сусыз қалдырды

Жаңа басталған Сиыр жылының алғашқы күндері қысы қатал өңіріміздің тұрғындары есінде қытымыр аязымен қалатын болады. Желтоқсан айында ауданның басым бөлігінде қар мөлшері әдеттегіден аз түсіп, жердің бетін жаппаған. Ал үскірік аяздың қатарынан екі аптаға жуық түнгі мезгілді қойғанда, күндіз де беті қайтпай, тұрып алды. Соның салдарынан сынап бағанасы күндіз -10оС, түнгі мезгілде 30 градусқа дейін жеткен. Бұл жайт мал-жанға қолайсыздық әкелуімен қатар, жер тоңының қалыңдауына әкеп соқтырған. Көнекөз тұрғындар мұндай сары аяздың соңғы 30 жыл ішінде болмағанын айтады. Күн сайын қалыңдай түскен тоңның әсерінен кей көшелердің бойындағы, ал кейбірінде үйлерге тартылған ауызсу құбырлары қатып қалып, біраз үйлер сусыз қалды.
Тұрғындар шағымын айтып, ауызсу жеткізіп берумен және су құбырларына қызмет көрсетумен шұғылданатын «Жуалы-су» мекемесіне хабарласқан.
– Бізге жаңа жыл басталысымен аудан орталығы мен оған іргелес Көлбастау, Қайрат, Диқан ауылдарынан 30 шақты тұрғыннан арыз түсті. Қазір мамандарымыз тұрғындардың үйлеріне барып, қатып қалған жердің тоңын қазып, арнайы бу генераторының көмегімен күндіз-түні тоңды жібітумен, су құбырын жылытумен, ауызсу құбырына қайта қосумен айналысуда. Негізгі себеп, көшеден өтіп жатқан ауызсу құбырынан үйлерге тартылған құбырлардың терең көмілмегенінде және жылу оқшаулағыш материалдармен оралмағандығында, – дейді мекеме басшысы Қуанышбек Болысбаев.
«Жуалы-су» мекемесінің мамандары Мақсат Ибрагимов пен Жәнібек Жармұханбетовты Бауыржан Момышұлы ауылындағы Тәуелсіздік көшесінің бойынан жолықтырдық. Олар көшеге тартылған қосалқы су құбырын әр үйдің тұсынан ойып, құбырды бойлап бу генераторымен жылытып, су келтіру қамында жүр екен. Шеткі үйдің тұсында құбырдан су атқылап ағып тұр.
– Аяз басталысымен тұрғындарға су құбыры қатып қалмауы үшін үйдегі шүмектен су ағызып қою керектігін ескерткенбіз. Қазір құбырдың негізгі бөлігі бумен жылып, мұзы ери бастады. Бұйырса, құбырлардың арасын жалғап, бүгін кешке қарай үйлерге су беріп қалатын шығармыз, – дейді мамандар.
Р.S. Айтса айтқандай, қыс қамсыздықты көтермейді. Бір-екі күнде аяз сынып, күннің көзі жылынған болып көрінгенімен, қыстың аты – қыс. Қатқан жердің тоңы оңайлықпен жіби қоймасы анық. Дегенмен, тұрғындардың мамандар айтқан ескертуді қабыл алуы қажет-ақ. Сонда қолайсыздыққа ұрынып, әбігерге түспесі анық.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close