Basty bet

Жүйелі бақылау жасалады

Қызыларық ауылдық округінің әкімі М.Қасымбеков округке қарасты Теріс-Ащыбұлақ, Алатау, Сұрым және Қызыларық ауылдарының тұрғындары алдында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді.
Есептік кездесулерге аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Ербол Нұрбеков, аудандық жұмыспен қамту орталығының ассистенті Т.Қарабекова, ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Садиров және ауыл тұрғындары қатысты.
Марат Сайлауұлы елімізде орын алып отырған пандемия кезеңіне орай есеп беру жиынының халықпен бетпе-бет кездесумен қатар онлайн түрде де өтетінін еске салды. Әрі қарай 2020 жылы округ аумағында атқарылған жұмыстар туралы қорытынды баяндама жасады.
Теріс-Ащыбұлақ ауылында ауыл тұрғыны Б.Масалимов Айнабұлақ көшесін кеңейту үшін өсіп тұрған талдарды бұтап, қураған талдарды кесу қажеттігін айтса, жиынға онлайн түрде қатысқан М.Тайыр «осы көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе» деген өтінішін білдірді.
Қызыларық ауылында өткен жиын барысында аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Ербол Нұрбеков «баяндамада барлық салада атқарылған жұмыстар қамтылған. Бұл дегеніміз атқарылған істердің нәтижесі деп білемін» деп ризашылығын білдіре келе, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының басымдықтарымен, «Бастау-Бизнес» жобасы кәсіпкерлікті ынталандыру, кәсіпкерлік негіздеріне оқу, қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілетіні туралы айтып, тұрғындарды өз кәсібін ашып, еңбек етуге шақырды.
Ауыл тұрғыны А.Арыстанова Қызыларық ауылында орналасқан стадионның (кіші футбол алаңы) жасанды төсеніші (газон) ауыстырылса деген ұсынысын білдірсе, Н.Мүбарақ онлайн сұрақ қойып, «ескі мектеп ғимаратының бір бөлігінен заманауи үлгідегі әкімдік ғимараты ашылып, әкім аппараты сонда көшірілсе» деген ойын жеткізді.
Алатау ауылында округ әкімінің баяндамасынан кейін ауыл тұрғыны Тоқтағұл Құдайқұлов Марат Сайлауұлының жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға бере келе, ауылға жаңа мектеп құрылысын жүргізу, Шет көшесін жарықтандыру мәселелерін көтерді.
Сұрым ауылында өткен жиынға аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Абдалиев, халықты жұмыспен қамту орталығының ассистенті Т.Қарабекова және ауыл тұрғындары қатысты. Округ әкімі баяндамасында ағымдағы жылы да табысты болуы үшін аянбай еңбек етуге дайын екенін атап өтті.
Ауыл тұрғыны О.Сламбай ауылдың теміржол үстіндегі бөлігін ауызсумен қамту мәселесін көтерді.
Ауылдық округ әкімі Марат Қасымбеков жиындар барысында айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленетінін, орындалу барысында жүйелі бақылау жасалатынын түсіндіріп, жиынды қорытындылады.

Таңдаулы материалдар

Close