Basty bet
Жасалған қамқорлық жастарды өсіреді
Күні кеше өткен ҚР Президентінің ұлықтау рәсімі мәні зор тарихи оқиғаға айналды. Осынау салтанатты жиында халыққа, әсіресе ел ертеңі жастарға үлкен үміт сыйлаған мәнді бастамалар көтерілгені қуантады. Мемлекет басшысы ел алдында Қазақстанның болашақ бағдарындағы міндеттерін белгіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, халықтың табысын арттыруға күш салатынын мәлімдеді. Өйткені, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі биліктің назарынан әркез тыс қалмауы тиіс. Бұл адамдардың өз елінде алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасайды. Сондықтан экономикалық өсімді қамтамасыз ету – негізгі міндет.
Қ.Тоқаевтың басшылығымен жақын келешекте халқының табысы жоғары, жолдары тегіс, инфрақұрылымы дамыған, ауызсу мен газдандыру мәселелері толық шешілген, білім беру мен медицина мекемелері сапалы қызмет көрсететін елге айналарымызға сенеміз. Осындай мол табысқа қол жеткізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пәрменді болуы тиіс. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсіміндегі сөзінде сол мақсаттарға жан-жақты тоқталып өтті.
Еліміздің әрбір азаматы секілді мен де тұрақтылықты, ертеңгі күнге деген сенімді, бейбітшілік пен еліміздің тыныштығын бәрінен де жоғары қоямын. Бұл – еліміздің басты артықшылығы. Қазақстанды әлемдік аренада таныстырудың қажеті жоқ. Бізді біледі, құрметтейді. Сондықтан бұрынғы жолды жалғастырып, сол бағытта дамуды баянды еткен дұрыс.
Ия, жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін мемлекет көптеген бастамаларды қолға алып жатыр. Жас отбасыларға, жас мамандарға арнап салынып жатқан мыңдаған пәтерлерді айтпағанда, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлініп отыр. Сұраныс жоғары, ауылға қайта оралған жастар аз емес. Ал, «Еңбек» бағдарламасы арқылы жастар тәжірибе жинауға жұмылдырылды. Жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы 6 ай қалаған мекемесінде жұмыс істеп, 60 мың теңге жалақы алады екен. Мүмкіндігін ұтымды пайдаланған жастар тұрақты қызметке орналасып та жатыр. Қазір жастарға гранттар да қарастырылғанын біліп, қуанып қалдым. Қайтарымсыз қаржы беріліп жатыр, осы жұмыс жалғасады. Яғни, Елбасы бастаған істің сабақтастығы елімізді дамуға жетелейді.
Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің сыңайынан байқағаным, алдағы уақытта жастарға қазіргіден де көбірек көңіл бөлінетін сияқты. Әрине, бұл өте құптарлық жайт. Жас ұрпаққа қолайлы жағдай жасаған елдің болашағы жарқын, іргесі берік болатыны сөзсіз.
Мейіржан ТЕЛЕУШОВ,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының м.а.