Basty bet

Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш

Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш ашылды. Өз өмірін қия отырып, лаңкесті тоқтатқан полиция капитаны арамызда болғанда бүгін 50 жасқа толар еді.
Батыр Ғазиз Байтасовтың есімі Тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше аталары даусыз. Ол – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында «Халық қаһарманы» мемлекеттік наградасын алған алғашқы әрі жалғыз адам.
– 10 жыл бұрын ержүрек полицей лаңкестің жолын кесіп, бейбіт тұрғындардың амандығы үшін өз өмірін қиған болатын. Ғазиз Байтасов осылайша антына берік қызметкер екенін танытты. Ол міндетіне адалдық пен көзсіз ерліктің символы болып қала береді,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.
Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров қазақстандық полицейлер өз міндетін адал атқарып жүргенін атап өтті. Тәуелсіздік жылдары қызмет бабында құқық қорғау органдарының 800-ге жуық қызметкері көз жұмған. Таразда ашылған бұл ескерткіш азаматтардың қауіпсіздігі жолында қаза болғандарға жасалған тағзым екенін жеткізді. Ішкі істер министрлігімен жыл сайын «Қазіргі заман қаһармандары» акциясы өткізіледі, барлық облыстарда ерлікті насихаттайтын орындар ашылған, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі аудиториялардың біріне Ғазиз Байтасовтың есімі берілген. Шара барысында қызмет бабында көз жұмғандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, үш мәрте автомат атылды.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков өз сөзінде ХХ және ХХІ ғасырлардың батырлары Бауыржан Момышұлы мен Ғазиз Байтасовтың ерліктерін байланыстырды. Қос тұлғаға да Отанына деген шексіз сүйіспеншілік қасиеті дарығанына баса мән берді. Артынша депутаттық корпус атынан ескерткіш ашу ісін қолдаған облыс басшылығы, ішкі істер органдары мен меценаттарға алғысын білдірді.
Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов Ғазиз Байтасовтың ерлігі барлық полицейлер үшін үлгі екенін баса айтты. Батыр есімі ұмытылмайтынын және ерлікпен көз жұмған полицейдің отбасына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде батырдың жесірі Гүлжамал Тәжиева жергілікті билік өкілдері, құқық қорғау органдары мен тұрғындардың көрсеткен қолдауын ерекше атап өтті. Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған шараларға үнемі шақырту алатынын айтты. «Ол барлық қазақстандықтар үшін батыр болып қала береді» деді Гүлжамал Тәжиева.
Шара соңында Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close