Basty bet

Ұлттық құндылықтар дәріптелді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған “Тәуелсіздік – ән-жырым” атты ауылдық округ күндері Билікөл аймағында жалғасын тапты. Қарабастау ауылдық мәдениет үйінде өткен іс-шараға округтегі білім, денсаулық сақтау мекемелері де атсалысып, ауылдың жомарт жандары демеушілік жасады.
Шара барысында билікөлдіктер бұлтты, жаңбырлы ауа райына қарамастан ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, ұлттық ойындарды ойнап, көтереңкі көңіл күймен концерттік бағдарламаны тамашалады.
Мәдениет үйінің алдында балалар тоғызқұмалақ ойынын ойнаса, ақ жаулықты әжелер ұршық иіріп, тоқыма тоқып, күбі пісіп, қол диірменін тартты. Ауыл күнінде қазақтың жеті қазынасы саналатын құмай тазы мен жүйрік ат, қыран бүркіт те бүрткішінің қолынан табылды. “Ұлы даланың жеті қыры – ұрпаққа аманат” тақырыбында ат әбзелдерінің топтамасы таныстырылды.
“Бірлігі – бекем елді жау алмайды” демекші, шара барысында билікөлдіктер тағы да бірлігі мен ынтымағын танытып, қазақтың ұлттық киімдерін киіп келді. Мұнда қазақы ауылдағы бұрынғы көріністер қайта жаңғырып, барынша насихатталды. Кітапханашылар да бұл іс-шарадан тыс қалмай, “Тәуелсіздік шежіресі” атты заманауи кітап көрмесін жасады. Ұлттық қолөнер бұйымдары, қазақтың оюлары бейнеленген құрақ көрпелер, ағаш астаулар да көрмеге қойылды.
Концерттік бағдарлама басталмас бұрын ақ жаулықты аналарымыз “Қатын күреске” шығып, шараның көркін келтірді. Одан кейін балалар жарыса асық ату ойынын ойнады. Аттың құлағында ойнаған жігіттер де теңге іліп, өзара сынға түсті. Ауылдың білек күші мықты жігіттері қошқар көтеріп, кіл мықтылар анықталды. Ауыл жастары мен ағалары арқан тартысып жарысса, ауылдағы спорт алаңшасында жастар футбол ойнады.
Одан бөлек, мерекелік шарада ауыл аналары бауырсақ пісіріп, ет асып, күріш пен балық пісірді. Ауыл жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жеке кәсіпкерлер тұрғындарға өз өнімдерін ұсынды. Ұлттық тағамдар дастарқан басына қойылып, оның әрқайсысы көпшілікке таныстырылды.
Ауыл күндері Қарабастау мәдениет үйіндегі “Тәуелсіздік – ән-жырым!” атты концерттік бағдарламаға ұласты.
Билікөл өңірінде өткен мерекелік шараға аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Фариза Оразымбетова, “Қазақстан коммунистік” партиясының депутаты Жәнібек Исаев және ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов және ауыл тұрғындары белсенділік танытып қатысты. Көпшілік ауылдың өнерлі жастарының өнерін тамашалап, мерекелік күй сезілді.

Таңдаулы материалдар

Close