Basty bet

Мемлекеттік қызметтегі әдеп нормалары

Бұл Кодекс мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді және халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Кодексте мемлекеттік қызметшілердің ұстануы тиіс мінез-құлықтарының жалпы стандарттары мен қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары бекітілген.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығы шыққан болатын. Жарлыққа сәйкес, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі және әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже бекітілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңының 8-тарауында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі көрсетілген.
Әдеп кодексі бойынша азаматтар белгілі бір түсінік алу үшін немесе әріптестердің арасында күрделі жағдайларды реттеуде және мемлекеттік қызметшілерге шектеулер мен тыйым салулар бойынша Әдеп жөніндегі уәкілге жүгінеді.
Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ, өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беретін мемлекеттік қызметші болып табылады.
Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады, мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыруға өз үлесін қосады, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама және қызметтік әдеп нормалары талаптарын бұзу профилактикасын қамтамасыз етеді, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес береді, сонымен қатар, мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметшілерді көтермелеу туралы ұсыным білдіреді.
Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметін дербес атқара алады және жұмыс қорытындысы туралы мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті органға есеп беріп отырады.
Ал мемлекеттік қызметшілердің жаңа әдеп ережелеріне сәйкес, қазіргі уақытта әдеп жөніндегі кеңес Қызметтік әдеп, меритократияны қорғау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы мемлекеттік қызмет реформасын қолдау бағыты бойынша жұмыстар жүргізетін болады.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы болып табылатын жаңа Әдеп жөніндегі кодексі, бұл – жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Ол мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық, сатылмаушылық сияқты принциптерді ұстану керектігі басты орында тұрады.
Осыған орай мемлекеттік қызметшілерге арналған «Мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық нормалары» кітапшалары (pocketbook) қолға алынған. Бұл шағын кітапшада мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық нормалары жазылған. Ауданның қызметкерлері енді осы заңнамалар жиынтығын алып жүруге міндеттеледі. Мамандар қойын кітапшасындағы ақпаратты жадында сақтап, халыққа қызмет көрсету кезінде пайдалана алады. Әсіресе, жас қызметкерлердің жұмысын жетілдіріп, біліктілігін шыңдауға өте қажет.
Қызметшілердің мінез-құлық ережелерін өзге жағдайларда: қызметтен тыс уақытта, әріптестер арасындағы қызметтік қатынастар, көпшілік алдында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттарын сақтау болып табылады.
Сонымен қатар, әкімдік тарапынан «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысын, жаңа қабылданған заңнамаларды, Әдеп кодексін түсіндіру бойынша әртүрлі мақсатты топтар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Мақсұт Орымбаев,
Бауыржан Момышұлы
ауылы әкімінің м.у.а.

Таңдаулы материалдар

Close