Basty bet
ерлікке тағзым – елдігіміздің белгісі
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай Ауған соғысына қатысқан аудандағы ардагерлерге құрмет көрсетіліп, оларға аудан басшылығы тарапынан сый-сияпаттар жасалды.
Кеше таңертеңгі сағат 10-00-де аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы Ауған соғысының құрбандары мен ардагерлерінің ескерткіші басында шағын митинг ұйымдастырылып, оған аудан басшылары, аудандық мәслихат аппараты, сонымен қатар, аудандағы бірқатар бөлімдер мен мекемелердің басшылары мен қызметкерлері қатысып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қайтыс болған ардагерлерді үнсіздікпен еске алып, бір сәт рухтарына тағзым жасады. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыға берілді.
-Құрметті Ауған соғысының ардагерлері және ұйым мүшелері!
Сіздердің ең алдымен 15 ақпандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауған жерінен шығарылуына 32 жыл толуымен құттықтаймын. Жер бетінде бейбітшілік мәңгілік салтанат құра берсін демекпін.
Алдыңғы толқын аға буынның айтар ақылы мен көрсетер тәрбиесі өз алдына. Алайда олардың күн санап азайып бара жатқаны жанымызға батады. «Орнында бар оңалар» демекші, елімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің заңды ізбасарындай болған Ауған соғысының ардагерлері бар. Қалай десек те, жат жерде болған Ауған соғысы біздің еліміздің болашағына да елеулі әсер еткені анық.
Ресми деректерге қарағанда, Қазақстаннан Ауған соғысына 22 000-нан астам адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда 10 000-ға жуық Ауған соғысының ардагерлері тұрады деген дерек бар. Олардың 3000-дайы мүгедектер қатарында. Ауғандық ардагерлер қоғамы өкілдерінің сөзінше кеңес заманында мемлекет тарапынан бұларға айтарлықтай көңіл бөлінді. Ал қазіргі кезде аталмыш жеңілдіктерден мүлдем алынып тасталды. Елбасының 1998 жылдың 28 сәуірінде шыққан жарлығы аталған ардагерлерге берілетін қаржылық көмектің мөлшерін анықтап берді.
Жуалы ауданында орта есеппен Ауған соғысының 50-ге жуық ардагері тұрады. Олар бүгінде өмірден өз орындарын тауып, кейбірі өз алдарына отбасы, шаруа қожалықтарын құрып жұмыс жасап жатса, кейбірі аудан мектептерінде ұстаздық етіп, жас ұрпақтың тәрбиесіне, қоғамды дамытуға да белсене атсалысып жүр.
Ауданда біраз жылдан бері ауған соғысы ардагерлерінің басын қосатан ұйым жұмыс жасайды. Ауғандық ардагерлердің мәселелерін тек осы ұйымның өзіне артып қоюға болмайды әрине. Ардагерлер қоғамның толыққанды мүшесі болғандықтан олардың да әлеуметтік жағдайларына баса назар аудару – біздің де негізгі жұмысымыз.
Айта берсе ардагерлерге қатысты мәселелер көп. Дегенмен, оларға лайықты жағдай жасау, оларды қоғамға тартып, жастарға, мектеп оқушыларына елдік, патриоттық тәрбие беруде Ауған соғысы ардагерлерінің өмірлік тәжірибелері де, айтар ой-пікірлері көп деп білеміз.
Қымбатты арадагерлер! Сіздерге отбасыларыңызға амандық тілей отырып, заманымыз бейбіт, аспанымыз ашық, биыл 30 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған ел Тәуелсіздігінің тұғыры биік болсын,- деді Асхат Базарбайұлы.
Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков сөз сөйлеп, ауғандық ардагерлердің қоғамды дамытудағы, жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне сіңіріп келе жатқанын, сонымен бірге, олардың еңбек пен ерліктің үлгісін көрсетіп келе жатқанын да қоғамға үлгі ретінде атап өтті.
* * *
Мақаланың ішінде атап өткеніміздей, ауған соғысының ардагерлеріне мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер мен қамқорлық өз деңгейінде емес. Былтыр Ұлы Жеңістің 75 жылдығына байланысты «Ардагерлер туралы» арнайы Заң қабылданғанымен, аталған заң жобасында Ауған соғысының ардагерлеріне қатысты айтылған пункттер, онда қарастырылған мәселелер өз деңгейінде орындалмай отырғанын айтады ауғандық ардагерлер. Осыған байланысты және Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай аудан әкімі Н.Ергебеков Ауған соғысының ардагерлерімен кездесіп, бір сәт олардың мұң-мұқтаждарына, әлеуметтік мәселелеріне назар аударды.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде өткен жиынға аудан басшысымен қатар аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тілеубеков, 20 шақты ардагер шақырылған екен. Басқосуды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, жиынның ресми түрде емес, еркін форматта өтетінін айтып, ардагерлердің мәселелерімен танысуға құлықты екенін танытты.
Жиында ең алдымен Ауған соғысының ардагері Пердебай Оспанов сөйлеп, ол ардагерлерді ең қинайтыны, арнайы госпитальдар мен санаторийлерге берілетін жолдамалардың уақтылы берілмейтінін, сондай-ақ, ардагерлердің көбісінің денсаулықтары нашар екенін жеткізді. Ал екінші кезекте сөз алған ауғандық ардагер Мағауия Әділов те ардагерлерге ауруханаларда кезексіз қызмет көрсетілсе, санаторлық-курорттық емдеу мекемелеріне және оңалту орталықтарына уақтылы әрі тұрақты түрде жолдамалар беріліп тұрса деген ұсынысын айтты.
Аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мақсатбек Әбдібеков Ауған соғысы ардагерлерінің статусы туралы әңгімелеп, сондай-ақ, аудан басшылығы тарапынан ардагерлерге лайықты көңіл бөлінсе, ауғандық ардагерлердің бойындағы Отанға деген патриоттық сезімдері мен өмірлік тәжірибелерін жас ұрпақтың тәрбиесіне пайдалану мәселелерін жүйелеу, ардагерлерге қатысты тағы да басқа түйінді әлеуметтік мәселелерді жеткізді.
Жиын барысында айтылған ұсыныс-тілектердің ескерілетінін баса айтқан аудан әкімі Н.Ергебеков Ауған соғысының ардагерлеріне сый-сияпаттар жасап, әрбір ардагердің отбасына амандық тілеп, оларды алдағы уақытта да ел дамуына, жас ұрпақтың болашағы мен тәрбиесіне атсалысуға шақырды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»