Basty bet

Дауылдың салдарын жоюды тапсырды

Сенбі күні аудан әкімі Нарбай Ергебеков 19 ақпан күні болған дүлей желдің салдарынан бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмысын ұйымдастыру мақсатында шұғыл жиналыс өткізді. Оған тиісті мекеме басшылары мен аудан әкімдігінің бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.

– “Апат айтып келмейді”. Жұма күнгі табиғаттың тосын мінезінен істен шыққан электр желілері, жылу жүйесі, әлеуметтік нысандардың, кейбір тұрғын үйлердің шатырының бүлінуі орын алды. Біздің бүгінгі шұғыл жиналғандағы мақсатымыз – тез арада жұмысты дұрыс ұйымдастырып, жағдайды қалыпқа келтіру,- деді аудан басшысы.
Бірінші болып аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Болатұлы дүлей желге байланысты аудандағы жағдайды баяндады. Мекеме басшысы жел басыла салысымен бригадалардың жұмысқа кіріскенін, алайда әлі де 622 абонент жарықсыз отырғанын, жұмысты қалыпқа келтіру үшін бес бригада жұмыс істеп жатқанын, кешке дейін барлық жұмыс қалпына келетінін айтты. Аудан әкімі қазір көп үйдің жылу жүйесі электр жарығымен байланысты екенін, сондықтан мәселені жылдамдатып шешуді, қажет болса, облыстан көмек сұрауын ескертті.
Бұдан соң Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова жалпы білім бөліміне қатысты мекемелердегі жағдайды баяндады.
Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылы әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт Орымбаев, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдері дамыту бөлімі, дене шынықтыру және спорт бөлімі, газ мекемесінің басшылары жағдайды мәлімдеді. Газ шаруашылығы мекемесінің маманы жеті мекенжай бойынша жұмыс жасалып жатқанын айтты.
Аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы ауылдық округ әкімдерін жеке-жеке тұрғызып, елді мекендердегі жағдайды сұрады. Ауылдардағы көше-көшені аралап, көмек қажет отбасыларға асарлатып көмек көрсетуді ұйымдастыруды, сонымен қатар, бүлінген әлеуметтік нысандардағы жағдайды кешке дейін қалпына келтіруді тапсырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close