Basty bet
«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!»
жерлесіміз Қанат Мырзахан республикалық ақындар айтысында топ жарды
Өлең-жырдың кеніндей болған қасиетті Әулиеата өңірі қай заманда да халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ақындарға кенде болған емес. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» деп Жамбыл Жабаев жырласа, «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп Кенен ақын жырлағаны мәлім. Жамбыл мен Кенен осынау қасиетті Әулиеата өңірінде туып, есімдері айдай әлемге танылған ақындар. Бүгінде бүтін бір облыстың аты Жамбыл ақынның атына берілсе, Кенен ақынның атымен Жамбыл облыстық филармониясы және Қордай ауданында елдімекен, мектептер мен көшелер аталады.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен осыдан екі жыл бұрын тұңғыш рет «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы Тараз төрінде ұйымдастырылған еді. Соның нәтижесінде, тасада қалған таланттардың танылуына мол мүмкіндік туып отыр. Ауылдағы ақындар аудандық іріктеуде бақ сынап, оза шапқандары облыстық айтыста жасындай жарқылдады. Белгілі жуалылық жас ақын Қанат Мырзахан Жамбыл Жабаевтың құрметіне өткізіліп жатқан республикалық ақындар айтысының бас бәйгесін биыл екінші мәрте жеңіп алып отыр. Қанат бұл жолы Алматы қаласының атынан сынға түсіп, аламан айтыстың бас жүлдесін иеленіп, мерейімізді тағы бір өсіріп тастады. Өткен жылы облыс орталығында өткен айтыстың барысы туралы газетімізде кеңінен жазған болатынбыз.
Күні кеше ғана жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық торқалы тойы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Тараз төрінде дәстүрлі «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасының өтуіне «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы қолдау білдірсе, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы өз деңгейінде ұйымдастырды.
Барлығы 11 жұп қатысқан жыр аламанын Қанат Мырзахан мен түркістандық Еркебұлан Қайназар арасындағы айтыс түйіндеді. Екі ақын да тақырыпты жақсы ашып, ойдағыдай өнер көрсетті.
Жыр додасының қорытындысында сөз алған, халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов: «Бүгін бір жақсы күн болды. Ұлы баба рухына арналған айтыс аламаны жақсы өтті деп есептеймін. Ақындар шабыттана жырлап жатты. Елдің де көңілі жақсы. Барын салған ақындарымыз шын ниетімен айтысты. Сіздер ризасыздар деген ойдамын»,- деді ол өз ойымен бөлісіп. Айтыс қорытындысында 10 ақынға Алғысхат және қаржылай сыйлық тапсырылды. Сонымен қатар бірнеше ақын ынталандыру сыйлығына ие болды. Жүлделі үшінші орын (300 мың теңге) павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Жарқын Жұпархан, алматылық Шұғайып Сезімханға бұйырды. Жүлделі екінші орынды (500 мың теңге) қызылордалық Нұрмат Мансұров, жамбылдық Шапағат Сәбитқызы иеленді. Ал бірінші орынға түркістандық Еркебұлан Қайназаров (750 мың теңге) пен шығысқазақстандық Рүстем Қайыртайұлы ие болды.
Жыр додасының бас жүлдесін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев табыстады. Өңір басшысы тапсырған бас жүлдені (2 миллион теңге) Алматы қаласының атынан қатысқан (Жуалы ауданының тумасы) Қанат Мырзахан қанжығасына байлады.
Айтыстағы үздік өнерімен дараланып, Алматы қаласының атынан сынға түскен жуалылық ақын Қанат Мырзаханды аламан айтыстағы кезекті жарқын жеңісімен құттықтаймыз! Бұл жолы да Қанат бабында екенін тағы біл дәлелдеді. Бұдан бұрын да талай додаларда топ жарған айтулы жүйрік ақынның алар асулары әлі алда деп білеміз.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»