Basty bet

Еңбек адамының құқығы – мемлекеттің қорғауында

Аптаның сәрсенбісі күні ауданға жұмыс сапарымен Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов келіп, аудандық орталық аурухананың қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Кездесуге сонымен қатар, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Марал Ділдәбекова, аудан әкімі Жалғас Мұртаза, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның өкілі Эльмира Пашанова, «БЖЗҚ» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының жетекші маманы Елена Никифорова және аудан әкімдігіне қарасты тиісті бөлім басшылары қатысты.
Жиында мамандар денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік ахуалын арттыру бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізу бойынша тапсырма берілгендігі және аталған тапсырманы орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен тиісті заңнамалық өзгерістер әзірленгені тілге тиек етілді. Яғни, бұл өзгерістер арқылы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізу, еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру және өтпелі кезеңдегі регресшілерге сақтандыру төлемдерін алуға құқық беру көзделеді.
Кездесуде ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Марал Аманжолқызы арнайы әлеуметтік төлемді енгізу мәселесіне толығырақ тоқталды. Ал, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның өкілі Эльмира Сапарханқызы міндетті әлеуметтік төлемдер туралы кеңінен баяндады.
Жиынды Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов қорытындылады.
– Жаңа Кодекстің негізгі мақсаты – бұл халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Бұл ретте, әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қолданыстағы 17 Заң мен актілердің барлық нормалары біріктіріліп, Әлеуметтік кодекске топтастырылған. Бұл қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді. Аталған кодекс адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Атап айтқанда, туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағыларды жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы ендігі кезекте бір ғана құжатпен реттеледі.
Жалпы еңбек адамының құқығы мемлекет тарапынан жіті бақылауда болатынын естен шығармаған жөн. Қызметкерлердің еңбек құқығын еңбек инспекциясы қорғайтынын барлығымыз жақсы білеміз. Егер де жұмыс беруші қызметкерлеріне тиесілі әлеуметтік төлемдерін немесе жалақыларын уақтылы төлемесе, онда оны еңбек инспекциясы өндіріп бере алады. Сондықтан жұмыс беруші де қызметкерлердің міндетті әлеуметтік төлемдерін уақтылы төлеп отыруы тиіс, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close