Basty bet
Ақиық ақынға арналған жыр жарысы
Ақиық ақын, қазақ қара өлеңінің дүлдүлі – Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Б.Момышұлы ауылы «Достық» мәдениет үйінде «Поэзия әлемінің падишахы» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. М.Мақатаевтың өлеңдері мен әндері арқылы оқушыларды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелей отырып, поэзия әлемінің сырын ашу мақсатында өткізілген жас ақындар мүшәйрасына, іс-шараның ережесіне сәйкес қатысушылардан алдын ала сұраныстар қабылданып, байқауда екі кезең бойынша 12 жас үміткер өз бақтарын сынады. Байқауға қатысқан үміткерлер бірінші кезеңде Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығынан бір өлең оқу керек болса, екінші кезеңде жас ақындар Мұқағали Мақатаевқа арнаған өз өлеңдерін жатқа оқыды.
Мұзбалақ ақын М.Мақатаевқа арнап қолына қалам ұстаған жас ақындардың арасында өткізілген аудандық мүшәйраға білім саласының ардагері, зейнеткер ұстаз Ризакүл Темірбекова, аудандық «Жаңа өмір – Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының орынбасары, ақын Нұржан Дербісалиев, «Мыңбұлақ» халық театрының режиссеры, актер Ербол Бекжанов, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыру және талдау бөлімінің басшысы Сұлтанғазы Әмірхан қазылық етіп, үміткерлердің өнеріне баға берді.
Байқау барысында бағы жанып, бабы келіскен жас ақындардың арасынан сөз тапқырлығы мен табанды еңбегінің арқасында өз қатарластарынан дараланып, байқаудың Бас жүлдесі жас талап №27 Диқан орта мектебінің 10 сынып оқушысы Айсұлу Нұрмаханның еншісіне бұйырды. Ал жүлделі І орын Ақерке Алланазар, ІІ орын Айнагүл Лесбек, ІІІ орындарға Ұлданай Байұзақ лайық деп танылса, ақындық қабілетімен көзге түскен жас талапкер Ринат Әлішев «Жыр жауһары» номинациясын иеленді. Жыр жарысын ұйымдастырушы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің атынан жүлделі орын иегерлеріне дипломдармен қатар бағалы сыйлықтар берілсе, байқауға қатысқан барлық жас ақынға Алғысхаттар табысталды.
Аружан ОРЫНШАЛ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4 курс студенті