Basty bet
Бағаның бақылауда болғаны дұрыс
Әлемде жыл санап азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі туындап отырғаны жасырын емес. Кейбір бейресми мәлімет көздеріне қарағанда, жалпы әлем бойынша бірнеше миллион адам күнделікті тұтынатын ас пен таза ауызсуға жарымай отырған көрінеді. Ал біздің елде ше? Ел тұрғындарын өзімізде өндірілетін азық-түлікпен қаншалықты қамтамасыз етіп отырмыз? деген заңды сұрақ туындайды осындайда.
Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарында тұр. Өйткені, Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде пандемия кезінде азық-түлік бағасының өсіп кеткеніне бақылау жасамағаны үшін үкімет мүшелерін сын тезіне алғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды міндет болып отыр. Өткен жылы пандемия кезінде халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы арзандай түсудің орнына, керісінше, қымбаттаған. Мемлекеттік органдар тарапынан бағаларды ұстап тұру, оның ішінде сауда желілерін жеңілдікпен несиелеу және сауда үстемелерін орнату сияқты қабылданған шаралар оң нәтиже берген жоқ. Соның салдарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы 11 процентке өсті. Президент Үкімет жоғарыда аталған мәселелерді шешу барысында нарық тетіктерін негізге ала отырып, іс-қимыл жиынтығын әзірлеуі тиіс екендігін тапсырып отыр.
Халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі екені белгілі. Экономикалық даму үдерісінде ауыл шаруашылығы саласын негізгі драйвер ретінде қарастыратын Қазақстан бүгінде азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жаһандық ауқымдағы жауапкершілікті терең сезінуде. Алдағы уақытта не істемек керек? Бұл орайда екі жыл бұрын қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға» бағытталған пилоттық жобаны ерекше атап айтуға болады. Бүгінде облыс аудандарынан бір-бірден ауылдық округтер таңдалып алынып, жобаның бірнеше бағыты арқылы ауыл шаруашылығы саласы мен шағын отбасылық кәсіпті жандандыру мақсатында жұмыстардың басталып кеткенін білеміз. Бұл да өз кезегінде тұрғындарға экологиялық таза әрі құнарлы өнімді тұтынуға мүмкіндік береді. Әрі десе, бұл бірегей жоба облыс тұрғындарының азық-түлікке деген сұранысын да қамтамасыз етуге өз септігін тигізетіні сөзсіз. Пилоттық жобаның игілігін басқа да тұрғындардың сезінетініне де сенгіміз келеді, әрине…
Қазір біздің елде азық-түлікке қатысты бірқатар мәселелер бар екенін жасыра алмаймыз. Базардағы бағаның күн санап өсіп бара жатқанына да ешкім қарсы дау айта алмайды. Коронавирус індеті алғаш тіркелген тұста тұрғындар жаппай базарлар мен сауда орындарына ағыла бастады. Сол тұста да азық-түлік қорының тапшылығы мен бағаның өсуі байқалған.
Ауданда бағаны тұрақтандыру мен азық-түлік қорларына зерделеу жұмыстарын жасау мақсатында жұмысшы тобы бұрыннан жұмыс істейді. Олар аудан орталығындағы және ауылдық округтердегі жағдайды, баға тұрақтылығын, азық-түлік қорын күнделікті бақылауда ұстауда. Соған қарамастан нарықта азық-түлік бағалары әлі де ала-құла болып тұр. Ала-құла дегеніміз, базарда жүйелі баға жоқ. Бұл көбіне көп азық-түлік бағасына қатысты. Нарықтағы жағдайдың, бағаның бір орында тұрмайтынын ескерсек, халық күнделікті тұтынатын кейбір азық-түлік тауарларының қымбаттағаны қазір де байқалуда. Бұл жөнінде тұрғындардан күнделікті естіп, біліп отырмыз.
Мысалы, салыстырмалы түрде айтатын болсақ, былтыр көктемде аудан орталығындағы дүкендерде құмшекердің келісі 250 теңгеден сатылса, қазір ақ шекердің әр келісі 288 бен 300 теңгенің аралығында сатылуда. Мұны ірі сауда дүкендерінің иелері құмшекердің зауыттан тікелей қымбат бағамен келіп жатқанымен байланыстырады.
Мысалы, аудан орталығындағы «Алтын ұн» көтерме сауда орнының иесі, жеке кәсіпкер Оңласын Бүтінбаев: -Нарық бағасы күнделікті құбылып тұрады. Бұл ең алдымен азық-түлік өндіретін зауыттар мен өндіруші компаниялардағы жағдайға байланысты. Мысалыға алатын болсақ, жылдан жылға құмшекердің бағасы өсіп барады. Былтыр осы уақытта құмшекер 200-250 теңгенің арасында сатылса, жақында тағы да қымбаттап, бізге қабылдау бағасы 280 теңгемен келуде. Біз тұтынушыларға аз ғана үстемемен 288 теңгеден сатып жатырмыз. Сонда 25 келілік бір қап құмшекердің бағасы 7200 теңге болады. Құмшекердің бұлайша қымбаттауын облыс орталығындағы «Тараз қант зауытының» басшылары шикізаттың тапшылығымен байланыстырып отыр. Облыста егілетін қант қызылшасының аздығынан өз облысымызды қантпен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Облыстық «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан» келетін әлеуметтік арзан құмшекердің сапасы өте нашар. Тауар сапасыз болған соң оны тұрғындар да алмайды. Құмшекер мен сұйық май бағасына қатысты мәселені шешуде облыс басшылығы тиімді шараларды қарастыруы тиіс деп санаймын,- дейді жеке кәсіпкер.
Бұл дүкенде әлеуметтік азық-түлік түрлерінен өсімдік майының әр литрі 220 теңгеден сатылуда. Ал отандық «Маслозавод», «Шедевр» сауда белгісіндегі өсімдік майларының әр литрі 660 теңгеден сатылса, Ресейден келетін сұйық майлар 620 теңгеден саудалану үстінде екен. Одан бөлек, бірінші сұрыпты ұнның әр келісі мұнда 140-160 теңгенің аралығында. Сонда 50 келілік бір қап ұнның құны 7000 мен 8000 теңгенің аралығында деген сөз. «Алтын ұн» дүкенінде қазір бес тонна құмшекер, бірінші сұрыпты ұнның 20 тоннадай қоры бар көрінеді.
Базардағы ірі сауда орындарындағы жағдай да осыған ұқсас. Мысалы, «Қаратас» көтерме-сауда дүкенінде «Меркі қант зауыты» ЖШС-ында өндірілген құмшекер сатылымға қойылған екен. Оның әр қабы 7100 теңгеден сатылуда. Дүкеннің иесі, жеке кәсіпкер Бижан Үкібаев та құмшекер бағасының қымбаттағанын айтады. «Баға, әсіресе, құмшекердің бағасы күнара құбылып тұрады. Шындығына келгенде, өз өніміміз өзімізге жетпейді. Меркі қант зауытында өндірілген құмшекер деп Ресейде өндірілген құмшекерді сатып жатырмыз. Таза өнім жоқтың қасы. Қант қызылшасын молынан өндіргенде ғана таза қантты тұтынамыз. Әзірше, осылай лаждай тұруға тура келеді»,- дейді ол. Айтса айтқандай, қазір бұрынғыдай сапалы, тәтті құмшекер жоқтың қасы. Қантқа қажетті шикізатты да әлі күнге шетелден алып отырмыз.
-Аудандағы негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлары және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін аудандық штаб құрамын қайта құру туралы 2021 жылдың 01 ақпандағы №20 қаулысына сәйкес штаб мүшелері тұрақты сауда нүктелерін аралап, әлеуметтік маңызды тауарларға бағаны негізсіз көтермеу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, баға мониторингі жүргізілуде.
Тұрғындарды азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету үшін негізгі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 15 пайыздан артық көтермеуге, аудан орталығындағы үлкен 11 көтерме сауда дүкенінің иелерімен меморандум жасалынған.
Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларын шекті бағадан асырмау және тұрақтандыру мақсатында аудандағы бес ірі сауда дүкендерінде әлеуметтік бұрыштар құрылған. Атап айтқанда, мұндай бұрыштар «МЕР», «Жасыл» супермаркеттері, «Ахан», «Гүлнар» азық-түлік дүкендерінде орналасқан.
Сонымен қатар, орталық базардың ортасында әлеуметтік нан дүңгіршегі орнатылып, онда әлеуметтік нан 75 теңгеден сатылуда. Аудандағы нан өнімдерін өндіретін бірқатар жеке кәсіпкерлер аудан орталығымен шалғай елді мекендерге 75-80 теңгеден нан таратуда. Нанның орташа сатылу бағасы 80-85 теңге. Жыл басынан бері «Тараз ӘКК» АҚ-на бағаны тұрақтандыру бойынша наубайханалардың сұраныстарына сәйкес, 10 тонна ұнға сұраныс беріліп, алайда «Тараз ӘКК» АҚ тарапынан ұнның жоқтығына байланысты ауданға ұн берілген жоқ.
Ағымдағы жылдың 26-шы ақпандағы зерделеуге байланысты 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының екі түрінің бағасы жоғары екені анықталды. Олар 1-2 санаттағы ондық тауық жұмыртқасы 87 теңгеге қымбат, ал құмшекер 55 теңгеге қымбат. Тауық жұмыртқасы бағасының өсуі жалпы республика көлемінде орын алып отыр және облысымызды қамтамасыз етіп отырған «Жамбыл Құс» ЖШС тауар өндірушісі ондық көлемін көтерме бағада 400 теңгеден өткеруде. Қанттың бағасының да жоғарылауы облысымыздағы «Тараз қант зауыты» ЖШС, «Меркі қант зауыты» ЖШС тауар өндірушілерінің толық қуаттында жұмыс істемеуінен орын алып отыр.
Осы аталған әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан орталығында әлеуметтік сауда павильонын ашу жоспарлануда. Б.Момышұлы ауылы Жамбыл көшесінің бойындағы орталық алаңнан «Ақшайы» әлеуметтік дүкені жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен ашу жоспарланып отыр. Әзірге дүкеннің құрылыс жұмыстары аяқталып, сауда сөрелері орнатылуда. Ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін ашылу күтілуде,- дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Абдалиев.
Азық-түлік қауіпсіздігі мен оның қарапайым тұрғындарға сатылу бағасы өте маңызды мәселе. Жер шарында адам саны көбейген сайын азық-түліктің қажеттілігі де арта түспек. Осы ретте ең бастысы, өндіріспен қатар баға саясатына баса мән бергеніміз жөн сияқты. Әсіресе, халықты пандемия қысып, бір жағынан қымбатшылық қысқан уақытта азық-түлік бағасына бақылауды күшейту қажет…
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»