Basty bet

50 жылдығын атап өтті

Жуырда аудан орталығындағы «Мадина» мейрамханасында Октябрдің 40 жылдығы атындағы қазақ орта мектебінің 1969 жылғы түлектері 50 жылдығын атап өтті. Қайрат ауылындағы бұл мектеп қазіргі таңда №2 Мыңбұлақ орта мектебі болып аталады.

Кездесуге барар жолда мектеп түлектерінің бірі Алтынай Ниязбекованы сөзге тарттық.
Мен ұзақ жылдар №2 Мыңбұлақ орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Қазіргі таңда зейнеткерлікке шықсам да «Nurai Plaza» орталығында математика пәнінен оқушыларды сынаққа дайындаймын, қосымша сабақтар өткіземін. Қазақ ССР халыққа білім беру ісінің озық қызметкері болдым. «Сын тұрғысынан ойлау» бағдарламасын ауданда алғашқылардың бірі болып игергенмін. Жолдасымның есімі Қуанышбек Сүлейменқұлов №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда информатика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Қазір ол да зейнет жасында. Бірақ зейнет демалысында отырғанына қарамастан жеке шаруа қожалығымен айналысады,-дейді Алтынай апай.
Талай жылды артқа тастап қауышқан сыныптастар бірін-бірі мейірлене құшақтап, сағынысып көрісіп жатыр. Түлектер мектеп қабырғасындағы, балғын балалық шақтың қызықты естеліктерімен бөлісіп, әзіл-қалжыңдарын, әңгімелерін ортаға салып, мәз-мейрам, көтеріңкі көңіл-күйге енген.
Олардың барлығы дерлік зейнет жасында болса да, кезінде өз қалауларымен игерген мамандықпен абыройлы еңбек еткен бірі ұстаз, бірі құқық қорғау саласының қызметкері, енді, бірі дәрігер болған. Кейбірі әлі де қызмет етіп отырған жайы бар. Бала өсірген, немере жетектеген ата-әжелер бұрынғы естеліктерін де ұмыт қалдырмапты.
Одан әрі ұстаздар мен кешті ұйымдастырушы түлектер мерекелік дастарқан басына жайғасты. Құран оқылып, өмірден озған қатарластары мен ұстаздарын бір сәт еске алды.
Кездесу барысында түлектер ұлағатты ұстаздарына ақ жаулық тағып, естелік сыйлықтар және «Ана жүрегі» аталатын гүлдерді сыйға беріп, ұлағатты ұстаздарына өлеңдерін арнады. Атап айтар болсақ, Камал Битабарова – қазақ тілі және әдебиеті, Күлдан Шайтұмақова – биология, Раушан Меделханова – химия, Әзімбай Ізтілеуов – физика, Әлжаппар Кемелов – дене шынықтыру, Тілеукүл Әбілқасова – математика, Күнтубек Еркебаев – физика пәнінің мұғалімдері барлығы дерлік осында жиналған. Осы орайда ұстаздарына сөз беріліп, олар да қызықты күндерді бірге еске түсірді.
Жиын соңында түлектер Момыш бұлағының басына барып, киелі орынға тағзым жасады.

Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close