Basty bet
Сот жүйесіне еңбегі сіңген
«Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды».
Бауыржан Момышұлы
Қазақ әйелі бағзыдан даланы қорғаған, ерлермен бірге ерлік жасаған. Қазақ әйелі тек ошақ басының емес, бүкіл өмірін, ұрпағын сақтаған, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейтін, батырды, ұлтымызды сақтайтын ертеңгі ерлерді өсіретін әйел, келін, ана.
8 наурыз – ақ жаулықты апаларымыз бен аналарымыздың, қарындастарымыз бен қыз-келіншектердің төл мерекесі. «Отан отбасынан басталады» деген ұғымға сәйкес әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені отбасының құты болған әйел Отанға да адал қызмет етеді, яғни мемлекеттік қызметте де абырой биігінен көрінеді.
Сондай нәзік жанның бірі – Жуалы аудандық сотының мемлекеттік қызметкері, мұрағатшы Айгүл Тобабергенова.
Айгүл Бақытжанқызының ауданның сот саласына сіңірген еңбегі ересен. Ол аудандық сотта 2000 жылдан осы уақытқа дейін табан аудармастан 21 жыл бойына мінсіз қызмет атқарып келе жатыр. Маман өзінің күнделікті атқаратын міндетіне жауапкершілікпен қарап, бар білім-білігі мен іскерлік қабілетін сарқа жұмсайды. Ұжымда беделді, абыройлы, сыйлы қызметкер ретінде танымал.
Сот саласындағы ұзақ жылдар бойғы мінсіз қызметі ескеріліп, Айгүл Тобабергенова 2013 жылы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Жамбыл облыстық сотының төрағасы М.Бектұрғановтың Алғысхатымен марапатталды. 2012, 2014 жылдары Қазақстан Республикасының Конституциясы мерекесіне орай Жамбыл облыстық сотының Алғысхаттарымен марапатталған.
Айгүл Бақытжанқызы сырттай қарағанда қазақтың көптеген қыз-келіншектеріне тән қарапайым болып көрінгенімен, нақтырақ зер салсақ, үй ішінің шаруасы-кәсібімен айналысып жүрген, үйелмелі-сүйелмелі үш ұл-қызына пана болып, ағайын жұрттың көмегінсіз өз күшімен ұрпағын аяққа көтеріп жатқан нәзік жандардың бірі болып келеді.
«Әйел қырық шырақты» деген осы болар. Мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам қызмет атқару үлкен жүк, әрбір азамат ұзақ уақыт бойы бір жерде қызмет атқаруға төзе бермейді.
Сөз соңында айта келе, Айгүл Бақытжанқызына және сот, құқық қорғау саласында жұмыс істейтін барша нәзік жандыларды көк желекті көктеммен бірге көңілге қуаныш сыйлай келетін аяулы аналарымыздың, әпкелеріміздің, қарындастарымыздың төл мерекесі 8 наурыз – Халықаралық мейрамымен құттықтай отырып, зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыларына береке-бірлік, еңбектеріне табыс тілейміз!
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»