Basty bet
Ана – өмір шуағы
Бүлдіршіндер үшін түрлі мерекелер мен тойлардың ерекше әсем, қуанышты, жадында керемет естеліктер қалдыратыны мәлім. Соның ішінде 8 наурыз – Аналар мерекесінің жөні бөлек. Өйткені әрбір сәби жүрек үшін ананың алатын орны ерекше.
Міне, осы айтулы мерекені «Аягүл» бөбекжай-балабақшасының «Айналайын» ортаңғы тобының бүлдіршіндері «Ана – гүл, ана – жыр, ана – өмір шуағы!» атты ертеңгілікке бар балалық ықыласымен қатысып, өз деңгейінде атап өтті. Мерекелік ертеңгілікті тәрбиешілер Ш.Садықова мен Л.Бекбаева жүргізіп отырды. Тәрбиелік маңызы зор шараны балабақша әдіскері Г.Кемелова ашып, аналарға және балаларға деген тілегін жеткізді.
– Ардақты әжелер, аяулы аналар, қызғалдақтай құлпырған бүлдіршін қыздар! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құятын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі де келіп жетті. Осындай көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, перзенттің аналарға деген ыстық сезімі, алғыс пен құрметі ешқашан басылған емес. Олар өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналар мен ажарлы таңмен бірге әрбір сәбидің жүрегі өзің деп соғады. Сондықтан мерекелеріңіз құтты болсын, бүлдіршіндеріміз зейінді болсын,- деді Гаукар Болатбекқызы.
«Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп,
Ән маржанын шашайық», – деп топтың бүлдіршіндері алғашқы болып «Ана» әнін орындады. Топтың тәрбиешілері бүлдіршіндермен «Кім жылдам?», «Кім шапшаң?», «Сән» атты қызықты ойындар ұйымдастырып, бүлдіршіндердің көңілдерін көтерді.
«Бәріңіз де анасың,
Біз үшін күн болып жанасың.
Құтты болсын, мейрамың,
Құттықтаймын анашым!»,- деген әуеннің ырғағымен ортаға топтың әсем де ару қыздары шығып, «Қуыршақ» биін билесе, жігіттер жағы «Қара жорға» биін биледі. Әрі қарай топтың өнерлі бүлдіршіндері кезегімен ортаға шығып, өз өнерлерін көрсетті. Бірі мың бұралып би билесе, енді бірі бал тілдерімен аналарына арналған тақпақтарын айтып, олардың көңіліне қуаныш сезімін сыйлады.
Гүлшахира САДЫҚОВА,
«Аягүл» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі