Basty bet
Ең басты құндылығымыз
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған. Онда Мемлекет басшысы еліміздің үш онжылдықтағы қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін атап өтті, сондай-ақ болашақ міндеттерді айқындады. Тәуелсіздік – қай халықты алсақ та ең үлкен құндылығы іспеттес. Өйткені тәуелсіздік жоқ жерде еркін даму мүмкін емес. Бүгінде әлемге ықпал жүргізіп отырған озық елдер осы дәрежеге тәуелсіздіктің арқасында жеткені белгілі.
Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді.
Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.
Сондықтан Тәуелсіздікті қадірлеу, оны бағалап, сақтай білу – баршамыздың басты парызымыз деп білеміз. Кез келген ұлт өз бақытының ең биігін Тәуелсіздігінен көреді. Өзінің еркін ел, тәуелсіз мемлекет екенін сол арқылы дәлелдейді. Осыған жеткен біз, әрине бақыттымыз.
Біз жандүниеміздегі жаңғырып жатқан жасампаздықтың рухани қуатымен өркениетті өмірге бет алып бара жатырмыз. Ел ертеңіне, болашағымыздың жарқын боларына сенім білдіреміз. Тәңірдің тәтті сыйы Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай деген тілектеміз.
Сандуғаш Тәуекелова,
№5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі