Qoǵam
Биыл Жаңа құрылыстар салынады
Ақсай ауылдық округінің және аудан әкімінің тұрғындар алдында есеп беру жиындарында үнемі көтерілетін проблемалардың бірі ауылдық округке қарасты Диқан ауылына жаңа мектеп ғимаратын салу мәселесі десек, артық айтпайтын шығармыз. Сәтін салса, биыл осы олқылықтың орны толғалы отыр. Биыл №27 Диқан орта мектебінің 180 орындық жаңа ғимараты бой көтереді деп күтілуде. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл жүзеге асырылатын бұл құрылыс жобасының жалпы сметалық құны – 594 миллион 176 мың теңгені құрайды. Тапсырыс беруші Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы. Құрылыс ағымдағы жылы басталып, жыл аяғына дейін аяқталмақ.
Ал облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты Жуалы аудандық білім бөлімі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, құрылысты жүргізуге 2020 жылдың желтоқсан айының 30-шы жұлдызында мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс жарияланған екен. Конкрустың жеңімпазы наурыз айының соңында анықталады деп күтілуде. Ал бұған дейін мектеп құрылысын жүргізуге арналған 2,5 гектар жер анықталып, мемлекеттік актісі алынған.
Айта кетсек, Диқан орта мектебінің ескі ғимараты ауыл тұрғындарының күшімен 1991 жылы салынған екен. Қабырғасы балшық кірпіштен қаланған бұл шағын білім ошағында биылғы оқу жылында мектепалды даярлық тобы мен 11 сыныптың аралығында барлығы 219 оқушы екі ауысымда білім алуда. Ыңғайластырылған аядай ғана мектепте сегіз оқу кабинеті бар. Типтік ғимарат болмаған соң мұнда спорт залы, акт залы, асхана және зертханаға арналған кабинеттер қарастырылмаған.
Одан бөлек, биыл көптен бері мәселе ретінде көтеріліп жүрген Алатау ауылындағы 100 орындық Алатау орта мектебінің де құрылысы басталмақ. Құрылыс жобасының жалпы сметалық құны 529 миллион 249 мың теңге. Бұл мектептің де құрылысына тапсырыс беруші Жамбыл облыстық құрылыс басқармасы. Бұл мектепте биылғы оқу жылында мектепалды даярлық тобының оқушыларын қоспағанда 99 оқушы білім алуда. Білім ошағында барлығы 10 кабинет бар. Оның жетеуінде оқушылар оқиды. 27 мұғалім еңбек етуде. Мұнда да спортзал, акт залдары қарастырылмаған. Былтыр аталған мектепті алты түлек бітіріп, оның ішінен бес түлек жоғары оқу орындарына түскен.
Сәтін салса, биыл аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында үш қабатты 18 пәтерлі (әр пәтер екі бөлмеден) тұрғын үйдің құрылысы жүреді деп күтілуде. Нысан ағымдағы жылы басталып, жыл аяғына дейін аяқталмақ. Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынатын бұл құрылыстың мердігері болып «Гео Нұр құрылыс» ЖШС танылып отыр.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»