Basty bet

“Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап…”

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Қазақ елiнiң кешегісі, ертеңі мен бүгіні баяндалғанын, ата-бабаларымыздан қалған ұлттық жәдігерлерді және қазақ даласының бiз бiлмеген қырлары мен сырлары кеңінен арқау болған.

Қазақ халқының ежелден келе жатқан көне дәстүрінің бірі – құсбегілік өнері. Көшпелі қазақ аңға құс, құмай тазы салып күнкөріс қамын жасаған. Қазақтың асыл дәстүрін, мәдениетін дамытуда бұл өнердің маңызды рөл атқарғаны белгілі.
Бүгінде ел арасында атадан балаға беріліп келе жатқан осы өнерді жалғастырушы жас буынның да бар екені қуантады. Оған біз шалғайда жатқан Билікөл өңіріне кезекті іссапарымыздың барысында көз жеткіздік.
Округ орталығы – Қарабастаудан шығып, Дарбаза, Жылыбұлақ ауылдарына бет алып бара жатқанбыз. Оң жақтағы адырдың етегіндегі жазықта мал жайылып жүр. Күн сәскеге таянғанымен, таңның ызғары қайта қоймаған.
Осы жазықта қанатын бір қомдап, бір жазып жүрген қыран құс көзімізге шалынды. Оны – 16-17 жас шамасындағы бозбала қолына қондырып, ұшырып жүр екен. Жанына таяп барып, жөн сұрастық.
Есімін Дулат деп таныстырған балаң жігіт қолындағы бүркіттің тастүлек екенін, ұстағанына бір айдың жүзі болғанын айтады. Оған «Тайсон» деп айшықтап ат та қойыпты.
– Атам Жұмабай – шаруа адамы, көкпарға ат баптаумен, тазы ұстап, аңға салумен айналысады. Бала күнімнен құсбегілік өнерге, қыран құстарға, қансонарда аңның үстіне құлдилап түсіп жатқанын көріп, қатты қызығатынмын.
Жақында әлеуметтік желі арқылы Байзақ ауданының құсбегісі Данияр есімді жігітпен таныстым. Ол маған құсбегілік өнердің қыр-сырын үйретіп келеді. Одан үш бүркіт сатып алдым. «Сарбалақ» атты бүркіт он жасар, біреуінің жасы мына «Тайсонмен» шамалас. Негізі бүркіттер 20 жылға дейін өмір сүреді.
Бүркіттерді күн ашықта далада ұстаймын. Ал жауынды, боранды, ызғарлы күні арнайы жылы қораға кіргіземін, – дейді Дулат.
Дәл осы сәтте ол қолына қонған «Тайсонның» томағасын сыпырып, жаңа сойылған малдың етімен азықтандырды. Иесіне үйреніскен қыран да қанатын қомдай түсіп, ерекше үнмен шаңқылдап, оған алғысын білдіріп жатқандай болды.
Дулаттың алға қойған мақсаты – қыран құстарын баптап, өңірдегі құсбегілер сайысына қатысу. Осылайша, ол көне заманнан бүгінге жеткен құсбегілік дәстүрді жалғастырып, ауыл тұрғындары, әсіресе, жастар арасында насихаттауды, жаңаша дәріптегісі келеді. Бұның ерен ықылас пен талмас күш-жігерді қажет екенін жас жігіт жақсы түсінеді.

Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close